Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


Институтта «ХХ ғасырдың басындағы ұлы әлеуметтік-саяси өзгерістер және олардың Қазақстандағы салдары (Бірінші дүниежүзілік соғыстың 100-жылдығына орай: 1914-2014 жж.)» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Директордың орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев кіріспе сөзінде бірінші дүниежүзілік соғыстың Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың орын алуына себепкер болғандығын айта келе, тақырыптың өзектілігіне тоқталды.

Бас баяндаманы Жаңа заман дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. С.К. Рүстемов жасады. Зерттеуші Орталық Азияның басым бөлігін қамтыған қарулы көтеріліс, Патшалық Ресей бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарында әскери қимылдар жүргізіп жатқанына қарамастан көтерілісті басуға қаруланған жазалаушы отрядтар шығарып, Түркістан өлкесіндегі әскери жағдай, көтеріліске қатысушылар мен оған қолдау көрсетушілерді жазалау шаралары, Шығыс Түркістан аумағындағы қазақ босқындарының тағдыры мен тағылымы мәселелері төңірегінде ғылыми тұжырымдар жасап, өз тарапынан ұсыныстарын білдірді.

Жаңа заман дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.Н. Ксенжик Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің кейбір тарихи-географиялық қырлары мәселесін баяндады. ХХ ғ. басындағы сауда-саттық, көрмелердің ұйымдастырылуы, әскери қатынас жолдарының «Омбыдан Ертіс арқылы Павлодарға дейін, Павлодар – Ақмола – Шығыстан Баянауылға дейін) дамуы, атап айтқанда, көлік, кеме, темір жол қатынас жолдары, сондай-ақ телеграфтық байланыс «Омбы пошта-телеграфтық округі) тетіктерін Ақмола, Петропавл қалалары мысалында көрсетті.

Жаңа заман дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор В.З. Галиев ғылыми хабарында ХХ ғ. басындағы қоғамдық қозғалыстар мәселесін өндірістік мекемелермен байланыстырады, қазақ интеллигенциясы мен қазақ ауылдары ресейлік қоғам қайраткерлері мен экономикасымен тығыз байланысты деп саралайды. 1916 ж. Орталық Қазақстандағы оқиға, Торғай уезінің әкімшілік бөлінісіТорғай облысындағы А. Иманов бастаған көтеріліс сипаты мен барысы, тыл жұмыстарын ұйымдастыру және қазақтардың тылдағы жұмыстары аясында ғылыми ой-пікірлерін тұжырымдай келе, Белорусияға тыл жұмыстарына жұмылдырылған қазақтардың жағдайы мен басқару құрылымы сынды мәселелер кешенді зерттеуді қажет ететіндігін алға тартты.

Жаңа заман дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Р.Е. Оразов ХХ ғасыр басындағы бірінші дүниежүзілік соғыс өртінің Қазақстанға әсері, әскери тұтқындардың құрамы мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, соғыстың ел экономикасына ықпалы, Ресейдің дүниежүзілік империалистік соғысқа тартылуы, Қазақстан халқының ауыр жағдайы, салықтардың мөлшері мәселелерін мұрағаттық материалдар негізінде ғылыми көпшілік назарына ұсынды.

Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері А.Ә. Жүнісбаев ғылыми хабарында танымал қоғам және мемлекет қайраткері С. Асфендиаровтың өмірі, оның неміс тұтқынына айналып, 5-ші атқыштар полкіне жұмылдырылуы, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы тұлға ретінде мұрағаттық материалдарға сүйене отырып, ғылыми фактілер келтірді. Соғыс қарсаңындағы Түркістан әскери округі жағдайына тоқтала келе, Халықаралық Қызыл Кресттің тікелей араласуымен С. Асфендиаровтың неміс тұтқынынан босатылып, Түркістанға оралуы жөнінде тың мағлұматтар берді.

Дөңгелек үстел соңына қарай ғалымдар арасында өзара сауалдар қойылып, пкір-таластар орын алып, ұсыныстар жасалды.