Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


Институтта Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Еуразиялық экономикалық Одақ және Қазақстан дамуының басымдықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА кор.-мүшесі Х.М. Әбжанов Астанадағы Ресей, Беларусия және Қазақстан: үш мемлекет басшыларының кездесуі және 2015 ж. Еуразиялық экономикалық Одақ құру жөніндегі шартына қол қою салтанатына қатысқандын хабарлап, бұл тарихи оқиғаның еліміз үшін оң тұстарын айта келе, сауалнамалық мәліметтерге жүгінсек, 48% – қарсы, қолдағандар – 38%, селқостық танытқандар – 14% көрсеткішті қамтығаны туралы мәліметтер берді. Сонымен бірге, дөңгелек үстел жұмысының модератор міндетін атқарды.

Институттың БҒК, т.ғ.д., профессор Ж.Б. Абылхожин «Еуразиялық интеграцияның тарихи тамырлары» тақырыбындағы баяндамасында, Қазақстанның Ресей және Беларусия елдерімен тарихи сабақтастығын саралай келе, болашақта ЕАЭО ұйымы шеңберіндегі өзара байланыстардың жағымды тұстарынқарастырды. Еуразиялық экономикалық Одақтың негізгі міндеті экономикалық интеграция және нарық қатынастарын реттеу болып табылады, атап айтқанда, ұлттық заңнамалық жүйенің үйлесімділігі, саяси бағыттың дұрыс жолға қойылуы жөніндегі мәселелерді көтерді.

Институттың БҒК, т.ғ.к., доцент Б.М. Сужиков баяндамасында Еуразиялық интеграцияның болашағына  қатысты, атап айтқанда, ЕАЭО-қа қатысушы елдер арасындағы өзара түсініспеушіліктің пайда болуы мүмкін, соған байланысты тарихи қалыптасқан ұлттық және территориялық ерекшеліктерге де қатысты туындайтын кейбір келеңсіздіктердің орын алатындығы мүмкін деген өз алаңдаушылығын білдірді. Баяндамашы Еуразиялық Одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы территориялық межелеу мәселесі мен Украинадағы қазіргі жағдайға баса назар аударды. Сонымен бірге, ғалым бүгінгі таңдағы ТМД елдеріндегі ұлттық тенденциялардың кейбір тұстарына және қазіргі ғылымдағы жастардың этникалық дүниетанымының дамуына баса көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

Институттың АҒК, т.ғ.к. Ж.Ж. Несіпбаева «Еуразиялық кеңістік аясындағы Қазақстанның интеграциялық дамуынының тарихнамалық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеуші мемлекетіміздегіинтеграциялық қатынастардың тарихнамалық кешенін саралап, атап айтар болсақ, елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, сонымен қатар, түрлі қоғам қайраткерлері мен дипломатиялық тұлғалардың еңбектеріне шолу жасай келе, ресей-қазақ қатынастарына баса назар аударды.

Дөңгелек үстел соңында тақырыптың жалпы қорытындылары жасалып, Еуразиялық интеграция мәселесі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар Қазақстанның дипломатиялық және интеграциялық саясаты басынан-ақ өзіндік сипатқа ие болған және қазіргі жағдайда біздің мемлекетіміз бүгінгі халықаралық үрдістерде тепе-теңдікті сақтауы тиіс.