Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


Институтта «Діни толеранттылық және Қазақстандағы халықтар достығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова кіріспе сөзінде еліміздегі діни экстремистік, террористік әрекеттердің алдын алу шаралары мен жастардың бойын аулақ ұстау мәселелеріне тоқталды.

Бас баяндаманы жасаған институттың аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. С.Ә. Асанова қазіргі таңдағы Қазақстандағы этникаралық және конфессияаралық келісімдерді сақтау шарттары (саяси, дәстүрлі) мен отандық тәжірибесі, атап айтқанда қазақстандық үлгісі және оның ерекшелігі, «толеранттылық» ұғымының мәні мен мазмұны мәселелеріне тоқтап, Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі мен еліміздегі тыныштық пен келісімді сақтаудағы ішкі саясат қызметі мәселелеріне талдау жасады.

Институт заңгері Б.А. Қосбармақов аталмыш мәселені заңнамалық қырынан қарастырып, экстремизм мен терроризмге қатысты ҚР заңнамалық жүйесінің міндет-мақсаттары, жүзеге асырылу жолдары мен қазіргі жай-күйіне тоқталып өтті.

Институттың ғалым хатшысы, PhD А.П. Ермұхамедова ғылыми хабарын Шығыс елдеріндегі мұсылмандықтың толеранттылық үлгісі мен тарихи тамырлары мәселесіне арнады. Зерттеуші діни экстремизм себептері, экстремист пен діни экстремист ерекшеліктері, жастардың діни ұйымдарға арласуы жайында өзіндік пікірін білдірді. Қорытынды сөзінде «Тарих – толеранттылыққа үйретуші» деп баға берді.

Институттың ғылыми қызметкері Н.Ы. Жетпісбай қазіргі таңда діни экстремизм және терроризм мәселесі еліміздің қауіпсіздігі мен бірлігіне үлкен қауіп төндіретін негізгі өзекті мәселелердің бірі дей келе, Кеңес үкіметі ыдыраған соң тәуелсіздік алған Қазақстан мен Орталық Азия мұсылман елдерінде көне дәстүрлердің жаңғыруымен қатар, ислам дінінің дамуы, елдегі әлеуметтік-саяси ахуалдың шиеленісуі, діни экстремизмнің формасын қабылдаған исламның радикалды және фундаменталистік ағымдары мәселелері төңірегінде ғылыми хабарлама жасаса, ал ғылыми қызметкер Д.Ж. Жайлыбаев еліміздегі діни ұйымдардың қызметі мәселесінде өз ойымен бөлісіп, экстремистік ұйымдарды ғылыми тұрғыда зерттеу, шіркеулер мен мұфтияттардың жұмысын қадағалау, экстремистік ұйымдармен күрес шаралары, тосқауыл қою мәселелеріжөнінде сөз сөйледі.

Діни экстремизм мен терроризмге қатысты деректі фильм көрсетілді.