Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


Институтта «Ортағасырлық түркі мемлекеттілігі: түркі қағанаттықтары аясындағы Қазақстан аумағы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысы институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлованың кіріспе сөзінен бастау алды.

Бас баяндаманы жасаған институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. К.Ө. Торланбаева Түркі қағанаты, Батыстүрік, Екінші Шығыс Түрік қағанаты мен Түргеш қағандықтары тарихына қатысты түркі жазба деректері мен қытай жылнамаларына талдай келе, түркі-түркеш кезеңіндегі соғыстардың халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны, түркі дәуіріндегі қағандық институт түрлері мен мазмұнына негізгі қорытындылар жасады.

PhD А.П. Ермұхамедова Ұлы селжүктер мемлекетіндегі түркі халықтарының басқару жүйесінің иран және мұсылман мәдениеттері ықпалы негізінде трансформациялануы мәселесінде ғылыми болжамдарын келтірді.

ХІ-ХІІ ғғ. Хинганның батыс аймағындағы қоңыраттардың этникалық бірігуі тарихын баяндай келе, т.ғ.к., доцент Қ.З. Өскенбай аталмыш мәселеге қатысты қоңырат ұлысының этномәдени ерекшеліктерін көрсететін «Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы» еңбегінен мәліметтер келтірді.

Түркеш қағанаты жөнінде тарихи жазбалар мен олардың қорытындылары туралы түрлі түйіндерге тоқталған т.ғ.к. Ә. Дәулетхан этникалық, этноаумағы, этномәдениеті мен шаруашылық басқару тұрғысынан да қазақ халқымен ортақ ерекшеліктері көп болғандығын негіздеп, Түркеш қағанаты – қазақ мемлекеттілігінің ұйытқысы деген қорытынды жасады.

Ғылыми қызметкер Ө. Қанай ғылыми хабарламасын қытайлардың Ғұн-Түркі ұлыстарымен болған құдандалық қатынастары мәселесіне арнап, қытай Қытай императорларының дипломатиялық саясатының маңызды бір бөлімі дей келе, аталмыш дәстүрдің ғұн заманынан бастау алғандығын тарихи фактілермен дәлелдеді.

Дөңгелек үстел барысы ғалымдар арасында пікір алмасумен жалғасты.