Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


«Ғылым ордасы» мәжіліс залында Институт пен «Ұлытау – ұлт ұясы» қоғамдық қоры бірлесе «Тарих және ЭКСПО-2017» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ғылыми-зерттеу институттары ғалымдары, кітапхана қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл игі іс-шара әлемдік көрмелер тарихына шолу, ЭКСПО-2017 көрмесінің елімізде өткізілуі, мақсаты, жетістіктері мен күтілетін нәтижелерді болжау, еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрін әлемге насихаттауды жүзеге асыру мақсатын көздейді.

Дөңгелек үстел жұмысын ашқан институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов «Қазақстанды әлемге таныту, Қазақстанның әлемге танылуы еліміз үшін үлкен мәртебе. ЭКСПО – ғылым мен техниканың олимпиадасы, ал біз оның ұйымдастырушысы, ЭКСПО қазақ халқының өзін-өзі рухтандыруы үшін қажет» деді.

Дүниежүзілік көрмелер тарихына қысқаша шолу жасап, Еуропа елдерінің көрмелері ерекшеліктеріне тоқталған институттың ғалым хатшысы, Phd доктор А.П. Ермұхамедова Қазақстанда ЭКСПО көрмесін өткізу еліміз үшін маңызды тарихи оқиға екендігін атап өтті.

Институттың аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Ж.Ж. Несіпбаева 2017 ж. Қазақстандағы ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру шаралары, ЭКСПО-ның маңызды бағыттары, еліміз үшін ұтымды тұстары мен жетістіктері жайына тоқталды.

«Ұлытау ұлт ұясы» қоғамдық қорының басқарма мүшесі, «Кенесары хан» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі М.М. Абаған ЭКСПО көрмесін Қазақстанда өткізу елімізге жүктелген жауапты іс екендігін айта келе, қазақ елінің тарихи есткерткіштері мен киелі орындарын әлемге таныстыру, тарих қойнауында жатқан асыл жәдігерлерді дәріптеп, әлемдік аренаға шығару мақсатында еңбек ету қажеттелігін алға тартты.

Қазақстанда туризм саласының қазіргі жағдайы мен болашағы мәселесіне ғылыми хабарламасын арнаған институттың ғылыми қызметкері Р.Е. Оразов мұрағаттық деректер негізінде Медеу шатқалының тарихы мәселесінде тың мағлұматтар келтіріп, қорытындыларын жасады.

Жиын қонақтарынан өнертапқыш А. Акмуханов ЭКСПО-ның тарихына қысқаша тоқтала келе, Қазақстанның аталмыш тарихи оқиғаға дайындығы мен жоспарлары жөнінде пікірін білдірді. «Ұлытау ұлт ұясы» қоғамдық қорының директоры Ж. Жакупов елімізде өткізуді жоспарлап отырған ЭКСПО көрмесі қазақ тарихы үшін маңызды бастама, қазақ халқының хандары, билері мен батырларын ұлықтайтын шара деп өзіндік ойын білдірсе, «Ұлытау ұлт ұясы» қоғамдық қорының құрылтайшысы Ж.Қ. Жарымбетов ЭКСПО көрмесі шеңберінде қазақ мемлекеттілігін әлемге насихаттайтын сәт туындап отырғанын айтып өтті.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында жиынға қатысушылар арасында сұрақ-жауап орын алып, өз тараптарынан маңызды ұсыныстар жасалды.