Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Алаштану» негізінде оқушылардың елжандылығын қалыптастыру»


 Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызмекткерлердің біліктілігін арттыру институты білім күніне орайластыра 27 тамыз күні қалалық орта мектептердің тарих пәні мұғалімдері мен тарихшы ғалымдардың қатысуымен «Алаштану» негізінде оқушылардың елжандылығын қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Ғылым мен мектеп арасындағы байланыс, ғалым мен пән мұғалімі арасындағы әдістемелік-ғылыми тәжірибе алмасу сипатына ие болған ғылыми шара жоғары деңгейінде өтті. Дөңгелек үстелді ашқан институт директоры, тарих ғылымдарының докторы Х.М. Әбжанов біліктілік арттыру курсынан өтуші Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімдерін бүгінгі отандық тарих ғылымының қалыптасуы, жетістіктері мен болашағы жөнінде академиялық қара шаңырақ Тарих және этнология институтының 70 жылдық тарихымен тығыз байланыста жалпылама мәліметтермен таныстыра келе, соңғы жылдары қолға алынып келе жатқан Алаштану мәселелерінің қиындықтары мен күрделігі, әсіресе осы проблеманы мектепте оқытудың қиыншылықтарына тоқталды. Аталған мәселелердің барлығы мектеп оқулығының сапасы мен деңгейіне, сондай-ақ оқулыққа қосымша берілетін хрестоматияға байланысты екендігіне баса назар аударды.

Институт тарапынан қатысқан тарихшы-ғалымдар Алаштану, тұлғатану, жалпы қазақ тарихының күрделі мәселелерін оқытуда пән мұғалімінің дереккөздерін жетік меңгеруі, әр мәселенің ғылыми тұжырымдамасына, зерттелуіне тереңірек үңіле білуі кез-келген оқушының тарих пәнін ғана емес, туған халқының, Отанының тарихын тереңірек меңгеруге жол табатын бірден-бір шынайы әдіс болатындығын ашып айтты.

Мысалға, институт директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы С.О. Смағұлова Алаш және алаш зиялылары туралы тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап зор мүмкіндіктердің туғандығын, жылдар бойы жабық келген мұрағат қорлары негізінде жазылған ғылыми зерттеулер, ғылыми жинақтармен қатар, энциклопедиялар мен анықтамалықтардың да пән мұғаліміне және оқушыға берер пайдасын сөз етсе, тұлғатанушы ғалым, Г. Жүгенбаева алаш зиялыларының рухында ұрпақ тәрбиелеу тарихшы мамандардың, әсіресе, пән мұғаліміне жүктелер ауыр міндет екендігін айта келіп, қазіргі отандық тарих ғылымында дамып келе жатқан тұлғатану саласының жетістіктеріне тоқталды.

Бүгінгі таңдағы мектеп оқулықтарының сапасы мен деңгейі туралы ой қозғаған ғалымдар Г.Ж. Өскембаева, С. Рүстемов, З.М. Төленовалар мектеп оқулығының жазылуына негізінен сол саланың, кезеңнің мамандары мен тәжірибелі мектеп мұғалімінің қатыстырылуы көп жағдайда ескеріле бермейтіндігі, ҰБТ сұрақтарын дайындау барысында да осындай жағдайлар орын алатындығын, оқушыларды ғылыми жобаларға қатыстыру кезінде де ғылыми еңбектерге қарағанда мерзімді басылым беттеріндегі ақпараттар қорын тұтыну жиі байқалатындығын атап өтті.

Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор З.С. Айдарбеков дөңгелек үстелде көтеріліп отырған мәселенің екі жақты пайдасын: біріншіден, ғылым мектептегі тарихты оқытудың басты проблемаларымен жақынырақ танысса, пән оқытушысы қазіргі тарих ғылымының тынысымен және ғылыми зерттеулерді сабақта пайдалану жолдары туралы тікелей байланыс арқылы тәжірибе алмасуы бүгінгі өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік пен елжандылықты тәрбиелеу, алаштану арқылы тарихи сананы қалыптастыру жолдары екендігін атап өтті.

Сондай-ақ ұстаздар тарапынан – мектеп оқулығын жазу барысында әлі күнге дейін бір ізге түспеген кейбір оқиғалар мен хронологиялық даталарды жүйелеу, оқулық тілінің бала жасына сай болуы, күрделі ғылыми тілде берілген тұстарын жеңілдету ескерілсе деген ұсыныстар айтылды.

Пікір алмасу соңында ұстаздар қауымы институт ғалымдарының еңбектерімен және «Отан тарихы» журналымен танысты.