Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


30 тамыз тәуелсіз Қазақ елінің Ата заңы күніне орай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ғылым ордасы РМК, Философия, саясаттану және дінтану институты бірлесе отырып ұйымдастырған «Конституция – Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуының негізі» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, дөңгелек үстел модераторы Х.М. Әбжанов кіріспе сөзінде, біздің тәуелсіз еліміздің айтулы мерекесі – Конституция күнінің ерекше мәртебесіне тоқтала келе, бүгінгі қазақстандық қоғамның негізін қалап отырған Ата заңымыздың маңызы мен сипатына тоқталды.

Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов Қазақстандағы Ата заңдары тарихын саралай келе, салыстырмалы талдау жасап, ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне тоқталды. Тәуелсіз еліміздің конституцияларының (1993, 1995) мазмұны, қызметі мен маңызы,  Қазақстан парламентаризмінің әлемдік деңгейдегі орны мәселелері төңірегінде баяндама жасады. ҚР Конституциялары мен Егемендік Декларациясын қабылдауда үлес қосқан академиктер М. Қозыбаев, С. Зиманов, Ж. Әбділдин, С. Сартаев, О. Сәбден секілді ғалымдардың үлесін айтып өтті.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихында көрініс тапқан Ата заңдарымыздың тарихына қысқаша шолу жасаған т.ғ.к. Г.Ж. Өскембаева, жүзеге асуы мен қолданыс аясы жөнінде мағлұматтар берді. Қазақ КСР Конституциясы мен Қазақстан Республикасының Ата заңы салыстырмалы талдау жасап, артықшылықтары мен кемшілік тұстарын саралады.

Конституцияның негізгі заңдылықтарына келе, институттың аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. А.С. Асанова өтпелі кезеңдегі адам тағдыры, мәдениеттің дамуы, «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асуы мен нәтижелері мәселелеріне талдау жасады.

Дөңгелек үстел жұмысына қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, орталық ғылыми кітапхана қызметкерлері мен мұражай қызметкерлері, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Ұйымдастырушылар тарапынан да еліміздің Ата заңының мемлекеттілікті қалыптастырудағы орны мен рөлі жайында қатысты дәйекті де мазмұнды баяндамалар жасалды.