Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар


ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайының тарихи маңызы» атты тақырыпта методологиялық семинар өтті. Семинарды БҒҚ, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. проф., М.Х. Асылбеков кіріспе сөзбен ашып, ол жалпы Қазақстанның қазіргі тарих ғылымында демография елеулі мәселе және біздің елімізде репатриантар мен халықтар депортациясы жайында аз қарастырылған өзекті  мәселе екендігі жөнінде сөз қозғады. Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің АҒҚ, т.ғ.к., А.С. Уалтаева семинардың негізгі баяндамасын жасап, ХХ жүзжылдықтағы Қазақстан қоғамының және қазақ халқының этникалық санасының модернизациясын объективті түрде нақтылап өтті. ХХ ғ. 80-жылдардағы дағдарыс Қазақстан өмірінің барлық саласын үлкен өзгерістерге алып келді.  Бұл уақытта біздің елімізде қазіргі ғылымның негізі құрыла бастады.  1991 ж. Қазақстан тарихында «ақ таңдақтар» жайлы  ғылыми еңбектер шықты. А.С. Уалтаева Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын ұйымдастыру идеясынан бастап өткізу кезеңіне дейінгі тарихын нақты ашып көрсетті.  Құрылтайды өткізу жайындағы тұңғыш идея Н.Ә. Назарбаевтың Түркия еліне барған сапары кезінде туындағандығын, нәтижесінде Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы 1993 ж. 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткендігін атап өтті. 1993 ж. 25 қыркүйекте Құрылтайға Ганноверден келген қазақ диаспорасның құрамында 129 адам болғандығы жөнінде мысалдар келтірді. Құрылтай тарихында қызықты уақиғалар да орын алды. ХХ ғ. 70-ші жылдардан бастап өзге елдердегі қазақтарға арнайы қазақ тілінде газерттер мен журналдар шығарылып, ТМД сондай-ақ, әлемнің 28 еліне жіберілді.  Кейбір шет мемлекеттерге мерзімді басылымды бүркемелі түрде жеткізуге де тура келді. А.С. Уалтаева сөзін қорытындылай келе, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы саяси тұрғыда емес, этноәлеуметтік және мәдени мағынада болды деген тұжырым жасады. Бұл бір жағынан қазақтардың өз Отанына оралуын, ал екінші жағынан ұлттық бірегейлікті сезінуге алып келгендігін айтты.

А.С. Уалтаеваның сөзінен соң семинарға қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Т.ғ.к., доц., БҒҚ Қ.С. Алдажұманов Қазақстан ғалымдары Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы эмблемасын жасаудағы рөлін атап өтсе, т.ғ.к. Ж.Ғ.Қ. Ә. Даулетханов Қытайдағы қазақ диаспорасының өмірі және көрген қиындықтары жайында қысқаша тоқталды.  Бөлім меңгерушісі, БҒҚ, т.ғ.д., доцент, Г.Н. Ксенжик Монғолиядағы қазақ диаспорасының эмоциялы пайымдары мен ерекшіліктері жайлы атап өтті.

Семинар соңында т.ғ.д., доц. БҒҚ Г.С. Жүгенбаева Қазақстан ғылымы үшін  тарихи демографияның маңызы үлкен және өзекті екендігіне көңіл аударды. Халық пен демография екеуі біртұтас. Біздің мемлекетіміз үшін қазақтардың Отанына оралуы мемлекетіміз үшін алдыңғы қатардағы міндет болып табылады, ал қазақ диаспорасы жайындағы мәселе ол өте кең көлемді және болашақта зерттеуді қажет ететін көп мағаналы тақырып.