Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ардагерлерімен кездесу


Институттың Кәсіподақ ұйымы және Жас ғалымдары Кеңесі бірлесіп «Еңбек күніне» орай институт ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – институт ардагерлеріне құрмет көрсету мен жас ғалымдарды ғылыми ортаға бейімделуге тәрбиелеу, Елбасының «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру» жөніндегі идеясын насихаттау. Кездесуге шақырылған еңбек ардагерлері академик М.Х. Асылбек, Қ.С. Алдажұманов, О. Смағұлов, Б. Сужиков, Ж. Абылхожин, Г.Ж. Өскембаева және ұзақ жылдар институттың Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келген т.ғ.к. Н. Едігеновтер сөздерінде институтта қалыптасқан институт тарихы, көп жылдар еңбек еткен өз әріптестері: Ә.Х. Марғұлан, Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, Г. Дахшлейгер, М.С. Мұқанов, Х. Арғынбаев, К. Ақышев, К. Нүрпейісұлы, М.Қ. Қозыбаев, Н.Г: Пан. П.С. Белан және басқа да тарих ғылымына үлес қосқан және институт қабырғасында қажырлы қызмет жасаған өзге де әріптестерін еске ала отырып, осы институтта қалыптасқан дәстүрлі ұрпақтар жалғастығы туралы қызықты да мазмұнды ойларын ортаға салды. Еңбек ардагерлері бүгінгі жас ұрпақты өмірден озған аға ұрпақтың дәстүрін жалғастыруға және солардың рухында еңбек етуге үндеді. Кезесуде сөз алған Қ.С. Алдажұманов әріптес ұстаздары Г. Дахшлейгер, Б.А. Төлепбаев, М.Қ. Қозыбаевтардың ғылыми ізденістер, монографиямен жұмыс, деректермен жұмыс жасаудағы әдістемелік тәжірибелерін үйренуін нақты мысалдармен баяндады.

Аталмыш іс-шара барысында т.ғ.к. Қ.С. Алдажұмановтың ұсыныс жасауымен «Еңбек ардагері» деген атақ пен марапаттауға ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан еңбек ардагерлері ұсынылды.