Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Н.Н. Құрманалина ӨЛКЕТАНУЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ТАРИХЫМЫЗҒА БЕРЕРІ МОЛ


Ұлттық тарихты насихаттау негізінде «Қазақстан тарихы» веб-порталына қазақ тарихына қатысты ғылыми материалдар жинақтау мақсатында Институтымыз бірнеше рет еліміздің әр аймағына  этно-тарихи экспедицияларды ұйымдастырғаны мәлім. Экспедиция жұмыстары қамтылған аймақтардың бірі – Алматы облысы Ақсу ауданы болды. Аудан әкімшілігінің көрсеткен көмегі негізінде аталған аудан бойынша Сағабүйен, Қарашілік, І. Жансүгіров, Жаңалық, Тау самалы, Ақсу, Алтынарық елді мекендері қамтылды. Ауылдардағы байырғы тұрғындармен кездесу өткізіліп, сұхбаттар алынды және «Жүз ауыл», «Жүз қария», «Шежіре», «Ұлттық ою-өрнек» бағдарламалары бойынша сауалнамалар жүргізіліп, этно-тарихи мәліметтер жинастырылды. Әр өлкедегі ескерткіштер, мазар мен кесенелер және т.б. мәдени-тарихи орындар өзінше бір тарихқа тұнып тұратыны анық. Тек олардың сырын аша білу  әсіресе, тарихшы қауым үшін маңызды болып табылады. Аудан аумағында орналасқан тарихи орындар, ескерткіштер бойынша: Қарашілікте – «Қос батыр» кесенесі, Сағабиенде – 1931-1933 жылдары Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш, Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған ескерткіш, І. Жансүгіров, яғни аудан орталығында орналасқан І. Жансүгіровтың ескерткіші,  соғысқа қатысқан азаматтардың рухына тағзым етіп қойылған белгі, Алтынарық (бұрынғы Қаракемер) ауылы маңындағы Ақшора-Шаппа руынан шыққан Байғотанұлы Көтентәуіп кесенесі және басқа да тарихи орындарға қатысты материалдар жинақталды.

Байғотанұлы Көтентәуіптің кесенесі Алматы облысы Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылдық округіне қарасты Алтынарық елді мекенінің жанында орналасқан. Кесене сопақша келген, қабырғалары 21 қатар ақ силикат қышынан қаланған көлемі (25х12х8) үш қақпадан тұрады. Орталық қақпаның екі жағында 37 қатар ақ белгі темірден жасалған ай орналастырылған. Фасад қабырғаларының бетіне қуыстар, розеттер, темірден оюланып жасалған. Кесенеге алдындағы 5 сатымен көтеріліп кіреді.

Байғотанұлы Көтентәуіптің тікелей ұрпағы Нұршайым Байжұманқызы бүгінде әулиенің кесенесіне 1993 ж. бері шырақшы болып қарап отыр. Ол белгілі тұлғаның бір қасиеті – көріпкелдігіне қатысты естіген әңгімесінен айтып берді: «Біздің атамыз бала кезден айтқаны екі болмайтын тура келетін. Бір күндері халыққа су тапшы болды. Одан қалай шығу керектігін ойлап жүріп, аян бойынша, көк байтал аттың мойнына қоржын салып, жақпар тастарды екі жағына бөліп тең салып, құрықты сызғыш ретінде пайдаланған екен. Ақсу суының тау саласына барып жақпар тастан көздің жас тамшысы сияқты тамып тұрған судың жанынан осы Алтынарықтың жобасын атпен шауып, құрықпен сызып өткен екен. Сол жерді қолымен ағайын-туғандарға, бала-шағаға қарыстап бөліп беріп қаздырған. Аяқтарына кигендері шарық, тізелерінде тізе қап. Сол кезде Тәуке бидің сөзі елдің есінде қалыпты. «Ей, Ақшорашаппа, береке таппа, аттағаның арық, кигенің шарық. Қайтіп сен суды шығарасың», – деп намысына тисе де, еңбектеп жүріп халыққа жеткізген  «Алтынарық суы» деген осы болады. Осы әулие атамыздың сол кездегі жасы он төртте болғандығын үлкен аталарымыз айтып отыратын». Әулие Көтен Тәуіп Байғотанұлы туралы ел арасында таралып, халық жадында сақталып қалған аңыз-әңгімелер жеткілікті. Нақты жазба деректермен дәлелденбесе де осындай шежіре, әңгімелердің белгілі бір деңгейде тарихи мәлімет алудағы өзіндік орны бары сөзсіз.

Осындай зерттеулерді жүргізудің нәтижесінде жинастырылған мағлұматтардың өзіндік орны бары айқын. Себебі тарих толқынындағы халықтың өткен өмірінің барлығы – тарих. Ел аузында жүрген, баспа беттерінде жарыққа шықпаған шежірелерді жинау, өлке тарихын сұрастыру, ондағы топонимикалық атаулардың қалыптасуына, ұлттық қолөнердің сақталуына мән беру, көне жәдігерлерді есепке алу бойынша атқарылған шаралар аса  құнды. Сондықтан да тарихымыздың жандануына, жалпы ғылым саласына жылдан жылға мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөлінуде. Биылғы ҚР Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру мақсатында венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру маңыздылығы көрсетіліп,  Елбасы осыған сай бірқатар құзіретті органдарға арнайы тапсырмалар берген. Ғылымды қаржыландыру көлемін  біртіндеп арттыру мәселесі де көтерілді. Ұлт көшбасшысы өз сөзінде атап көрсеткендей, «Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр». Ұлттық құндылықтарымызды сақтауда, патриотизмді нығайтуда, жастарымызға рухани тәрбие беруде гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде тарих ғылымының үлесі қомақты болып табылады. Ұлттық тарихи еңбектеріміздің сапасын артырып, жаңа зерттеулердің нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу жалғасатын жұмыс.

 

Құрманалина Н.Н.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

ғылыми қызметкері