Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Пресс-конференция өткізді


2014 жылдың 15 қазанында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты журналистерге арнап «Аттила және әл-Фараби жөніндегі таңғаларлық жаңалық» атты пресс-конференция өткізді. Конференцияға КТК, МИР-МГТРК телеканалдары мен Интерфакс-Казахстан, Казинформ-Қазақпарат, КазТАГ ақпараттық агенттіктері, Экспресс-К, Деловой Казахстан, Дат, Время, т.б. газет өкілдері, сонымен қатар Libertikz.org, Tengrinews.kz қатысты. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов Кіріспе сөз сөйлеп, «Шетел мұрағаттарының мәліметтері бойынша қазақтардың тарихы» жобасын іске асыру аясында ҚР БҒМ ҒК қаржылық қолдауымен Тарих және этнология институты ағымдағы жылдың маусым айының аяғынан осы күнге дейін шетел мұрағаттарынан, мұражайларынан және кітапханаларынан 7 ғалымның 6 елден олжалы оралғанын айтып өтті. Екі – ұлттық тарих бойынша материалдарды анықтау және қолжазбалар мен құжаттарды көшіріп алу бағытында табысты жұмыс істеп келген Ә. Дербісәлі мен Қ.Т. Жұмағұлов өздері тауып елге әкелген ғылыми олжаларына қысқаша тоқталды. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Ә. Дербісәлі Марокко корольдігі Касабланка, Рабат және Фес (бұл қалада Х ғасырда әл-Карауин университеті ашылып, одан әлемге әйгілі талай ғалымдар шыққан) пен Мадрид (Испания) қалаларынан алып келген қазақ халқының ортағасырлық тарихы мен мәдениеті үшін маңызды жазба деректермен таныстырды. Оның ішіндегі ең басты жаңалық – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Үзлағ ибн Тархан әл-Фараби бабамыздың 10 трактаты. Ә. Дербісәлі: «Мадрид қаласына барған сапарында Эскориал (толық атауы Сан Лоренсо де Эль Эскориал, Мадридтен 50-53 км қашықтықта орналасқан) кітапханасынан теріге (бұзаудың) жазылған бабамыз әл-Фарабидің 10 трактаты табылғанын атап өтті. Негізінен ортағасырлық мұсылман ғалымдары әл-Фарабидің 100-ден астам трактат жазғанын айтады. Қазақстанда бары 10-нан сәл асады. 1960-жылдары Философия институтында әл-Фарабидің мұрасын зерттейтін топ құрылып, 7-8 трактаты орыс тіліне, одан қазақ тіліне аударылған еді. Сол топтың жұмысын қайта жандандырып, қалған трактаттарын да тауып, зерттеу жұмыстарын жалғастыру керек деген пікірімді жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі қызметкерлеріне айттым. Олар ұсынысыма түсіністікпен қарады. Әрі өзімнің зерттеулерім бойынша, негізінен, Отырар қаласынан 31 ғұлама шыққан. Олардың ішіндегі ең үздігі, әрине, Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) бабамыз. Оның «Музыканың үлкен кітабы» атты еңбегі Х ғасырда жарық көрген. Оны музыканың зор теоретигі деуге болады. Сонымен бірге Мадридтің Ұлттық кітапханасы әл-Фараби мұрасын іздеп жүргендіктен маған Штейшнейдердің де кітабының көшірмесін табыс етті. Тағы бір сенсация – Эскориалдың бай қолжазба қорынан табылған Исфиджабтан (қазіргі Қазақстандағы Сайрам қаласы) шыққан екі ғалымның еңбектері. Аристотельдің еңбектеріне түсініктемелер жазып, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған әл-Фараби секілді олар да Масуд әт-Тавтазани, т.б. еңбектеріне түсініктемелер жазған», – деді. Ал Марокко сапарынан Ә. Дербісәлі ХVI ғасырдың атақты саяхатшысы Әбу Абдулла Мұхаммед Ибн Батуттаның (1304-1377) араб тілінде жазылған еңбегін алып келгенін айтты. Атланттан Тынық мұхитқа дейін сапарлаған сол кезеңнің жалғыз саяхатшысы ибн-Батутта Солтүстік Африка, Оңтүстік Африка, Сауд Аравиясы, Константинополь (қазіргі Ыстанбұл), Алтын Орда жері, Жайықтың жағасында орналасқан ортағасырлық салтанатты қала – Сарайшыққа барғанын шабыттана баяндаған Ә. Дербісәлі әкелген кітабын журналистерге көрсетті. Хорезмге, Өзбекстанның оңтүстігінде орналасқан Қарши қаласына, Ауғанстан, Үндістан, Цейлон (қазіргі Шри-Ланка), Мальдив аралдарына барған ибн-Батутта Қаршида бір кісімен кездескенін, оның өзін Отырари деп таныстырғанын, демек, Отырар қаласынан дегенді білдіретінін де Ә. Дербісәлі бір байқатып өтті. Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің қиылысында орналасқан Танжер қаласында қайтыс болған бұл саяхатшының қазақтың ортағасырлық тарихы үшін еңбектерінің маңызы, әрине, ұшаң-теңіз. Ғалым өз ойын қазақ халқының ата-бабасы тек көшпенді болды деген пікірді жоққа шығаратын қазақ даласындағы қалалар – Отырар, Ясы (қазіргі Түркістан), Сайрам, Сығанақ, т.б. оған дәлел әрі ибн-Батутта еңбектерін әрі қарай зерттеу біздің мақсатымыз деп түйіндеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қ.Т. Жұмағұлов өзінің латын тілінде жазылған манускриптермен Ватикан апостол кітапханасында (Biblioteca Apostolica Vaticana, онда орта ғасырлар мен Қайта Өрлеу дәуірінің бай қолжазбалары жинақталған) танысқанын әрі өзінің басты мақсаты – ғұндарға, аварлар мен түркілерге, Түркі қағанаты мен Алтын Орда тарихына байланысты материалдарды іздегенін айтып өтті. Ғұндардың тарихына қысқаша экскурс жасап өткен ғалым олардың әлем тарихында алатын рөліне, әсіресе Шығыс және Батыс Рим империясының күйреуіне алып келген тарихына тоқталды. Орталық Азиядан шыққан түркі этносы – ғұндар (ғұндар – түркілердің арғы атасы) Қазақстан жері арқылы ұзақ жолдан өтіп, сол жердің жергілікті халықтарымен араласа отырып, батысқа жылжыған. ІІ ғасырдың 70-жылдарының 2-жартысында орын алған осттар мен ғұндар арасында болған шешуші шайқаста ғұндар жеңіске жетіп, батысқа жол ашылды деп ойын бір қорытты. Сонымен қатар IV ғасырдың 2-жартысынан VII ғасырға дейін жалғасқан Халықтардың ұлы қоныс аударуы басталды. Яғни жаңа ортағасырлық өркениет тарих сахнасына шықты. Қ.Т. Жұмағұлов осы мәселелерді қозғай отырып, сол заманның саяси оқиғаларының басты кейіпкері, 1-мыңжылдықтың кемел тұлғасы – Аттила дей отырып, бұған дейін ешбір еңбекте кездеспеген оның суретін (оны Ватикан мұражайының құрамына кіретін Географиялық карталар галереясына қатысты шіркеудің ішкі төбе фрескаларының бірінен тапқан) тапқанын, демек, бұл табылған сурет оның 3-бейнесі деген қорытындыға келгенін атап өтті.

Пресс-конференция соңында журналистер тарапынан екі ғалымға сұрақтар қойылып, әкелінген құжаттар камераларға, суреттерге түсірілді.

Клара Саркенова,

 Сыртқы байланыс, ақпарат

және ғылыми кластер бөлімінің

ғылыми қызметкері