Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Г. Жүгенбаева ҰЛЫТАУДА ҰЛЫҚТАЛҒАН ҰЛЫ ТАРИХ (постиндустриялдық қазақстандық қоғамдағы тарихи сана мәселесі)


Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің орталық өңіріне сапары барысында туған «Ұлытау сұхбаты»[1] өзінің жан-жақты мазмұнымен, алмағайып замананың көкейтесті, өзекті мәселелерін кеңінен  талдап, түйіндеп беруімен ерекшеленеді.  Әсіресе өңірдің тарихи сипатына байланысты ой толғанысында тұтастай постиндустриялдық қазақстандық қоғамның құндылықтарына қатысты  мәселелер көтерілген.

Әрбір дербес мемлекеттің үдемелі дамуы мен кемел болашағы үшін мемлекеттік идеология және ортақ тарихи сана тұғырнамасы болуы шарт. Тарихқа негізделген мемлекеттік идеология қоғамды біріктіруші, сақтаушы және дамытушы алып күш.

Бұл орайда «тарихи сана» ұғымының мәнісін зерделеген жөн. Ғылымда тарихи-философиялық категория ретінде белгіленген тарихи сана адамзат өкіліне ғана тән құбылыс саналады. Адамның өзі – тарихи жан иесі, бұл оның әлеуметтік табиғатына ғана емес, әрі руханилығына қатысты. Өйткені адамзат ұрпағы өткен тарихты және тарих қатынасы барысында ғана қоршаған әлемді, ондағы өзін тани алды. Сондықтан адамзат ұрпағының болмысқа және өзіне қатынасының өзі тарихи мәселе болып табылады.

Адамның биологиялық «кескін-кейпі» инстинктпен емес, тәжірибемен, өткенге қайрылумен, оны сезінумен, пайымдаумен өмір сүретіндігіне «тарихи сана» дәлел болмақшы. Адамзат баласы жаратылғаннан-ақ онымен бірге «тарихилығы» қатар тұрған еді. Бұл оның тіршілік иелерінен санасымен өзгешеленетін басты белгісі, яғни оның өзінің «өткенін», «тарихын» саналы түрде ұмытпауы, жадында сақтауы [2]. Бұл «өткен», яғни «тарихи жад» адам баласының өзін тануы, өзін-өзі сезінуі. «Өткенді» ұмытпауы – адамның өмір сүрген қоғамының таным-деңгейіне қарай оны құрастыру процедурасын туғызған. Бұл «қалыпқа» салынған тарихи сана. Тарихи сананың әр түрлі, әр деңгейдегі мазмұны (өткен өмір туралы «білімді» іріктеп, сұрыптап немесе барынша толығырақ сақтауға тырысу – «тарихи деректердегі ақпараттар») мен формасы (адам санасының, қоғам мүшелерінің қарым-қабілетіне, дамуына, қабылдау мүмкіндігіне байланысты – миф, эпос, аңыз, шежіре, жылнама, анналдар, хроника, ең соңында тарихи ғылыми зерттеулер т.б.)[3] белгілі.

Тарихи санасы терең, тарихи зердесі мықты қазақ халқы өзінің өткенін ерекше түйсікпен сезінген. Көшпенділердің тарихи жады – дәстүрлі ауызша тарихында ғасырларды көктей өтіп, ұрпақтардың ділін жоғалтпауына барынша адал қызмет атқарып келді.   Еуразиялық кеңістікті игеру табиғатпен өзара үндестікке негізделген көшпелілер өркениетінің сан қырлылығын паш етер руханияты ауызша дәстүрде барынша кең қанат жайды. Қазақтар одан өзін таныды,  өткенін білді, өзін біртұтас халық, ел-жұрт  ретінде сезіне алды.

Мұны кезінде елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде   әріден пайымдап берген болатын:«…Қазақты этномәдени тұтастық ретінде танып-түсіну үшін халықтың ауызекі сөзінің құдіреті айрықша мәнді. …Салихалы сөз «қазақылықты» құлпыртудың кілті болған. … Тілдік шығармашылық арқылы әрбір қазақ мәдениетінің «оқшаулығын», өзінің «МЕН» дегізерлік қасиеттерін және төл мәдениетінің сыр-сымбатына қатысының бар екенін тікелей сезініп отырған.

…Қазақ даласының дүйім жұртында кең құлашты тарихи сана болған, себебі бұл даладағы әрбір жұмыр басты пенденің жады бала кезінен ауызша айтылатын қисапсыз мол дерекке әбден жаттығып, көз қанық болып өскен. Халық тарихын түсініп-білу әрбір адамның өз басындағы сезім-түйсікпен астасып отырған» [4, 28-30, 31 бб.]. «Ұлытау сапарында» да бұл мәселеге ерекше мән беріп, «Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген»[1] деп сипаттайды.

Қалыптасуының өзі адамзат тарихымен бірге жасаған «тарихи санаға» барынша  әмір жүргізу өткен кеңестік билік тұсында жүзеге асырылды. Біртұтас кеңестік тарихи жадты орнықтыру саясаты қазақ халқының тарихи санасына «қондырылған» жоспарлы үстем науқаннан көрініс тапты. Тарихи санаға арналған кеңестік саясат ұлттар тарихына қатысты мынадай ұстанымды орнықтырды. Тарихты зерттеудің теориялық-методологиялық әдіснамасына маркстік формациялық методологияны негіздеу; тарихты  танудың, зерттеудің ең басты қайнары тарихи деректерді алалау; ұлттық тарих пен ұлттық руханиятты зерттеуші зиялыларды қуғындау.

Қазақтың рухани мұраларына төнген қатер өткен XX ғасырдың 40-жылдардың соңынан  белең алды. Маркстік методологияның кеңестік ғылымдағы эксперименті бойынша  тарихты  әлеуметтік қайшылықтар мен болмай қоймайтын таптар күресі тұрғысынан зерттеу, ұлтшылдықпен күрес, одан социалистік реализм, түрі ұлттық, мазмұны советтік әдебиет «жасау» науқандары қазақтың тарихи зердесіне, оның ұлттық рухына жасаған шабуылдарға айналды [5]. Нәтижесінде  қазақ тарихы төлтума деректерсіз-ақ танылып, ұлттың тілін меңгермей-ақ зерттеген тарихнамашылар зерделеуімен жазылып жатты.

«Тарихи сана» ұғымының жаңғыруы мен шынайы қоғамдық өмірдегі көрінісі тәуелсіздікке ие болған кезеңнен басталады. Қазақ мемлекеті халықтың тарихи жадын, тарихи зердесін оятуға, қалыптастыруға тікелей қатысты бірнеше бағдарламалар мен үкіметтік жобаларды жүзеге асырды [6].

Тарихи сананың сан қырлы, сан тараудан тұратын функциясы барынша ұлғайды.  Сөйтіп, қазақстандық бірлікке шақыратын, біртұтас тарихи жадты дамытатын тарихи білім – Қазақстан тарихына қатысты мәселелерді жаңа қырынан айқындап шығарды. Бұл өз кезегінде «Қазақстан тарихын» оқыту мен орнықтырудың, зерттеп-зерделеудің теориялық-методологиялық мәселелерімен ұштасты.

Осындай толғағы жеткен аса ірі мәселенің шешімі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясымен негізделіп, тұжырымдалды [7].  Мұны сұхбатында Елбасы былайша көрсетеді: «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан Мәңгілік Ел деген идеяны ұсындым»[1].

Қоғамның еркіндігі мен өркендеуі ой-саналық жүйенің дамуымен тығыз байланысты. Адамзаттың сан мыңдаған жылдық өмір сүру тәжірибесін ескеріп, қорыта алғанда ғана түрлі саяси катаклизмдерді, идеологиялық біржақтылықтарды ауыздықтауға болады.

Бүгінгі көп ұлтты  Қазақстанның дамуы мен болашағы сырттан келген жобалар мен басқа үлгі-қалыптар емес, тарихпен негізделген ортақ қазақстандық құндылықтарға байланысты. «Мәңгілік ел» идеясының пайда болуы мен оның өміршең сұрақтарға қатыстылығы осыдан  көрінеді. «Мәңгілік ел» идеясын дамыту, оны бүтін қазақстандық қоғамның тұтас идеологиясына айналдыру ісіне отандық қоғамдық ғылымдардың  іргелі зерттеулері мен зерттеу бағыттары жұмылдырылғаны аса маңызды.

Мұндағы басты мәселе – қазақстандық қоғамның ұйытқысы, топтастырушысы, өзегі болып отырған жетекші ұлт – қазақтарды тану.  Бұл өз кезегінде, біріншіден, өз тарихи қоныстану аймағында қалыптасқан қазақ халқының адамзат өркениетіндегі орны, сол түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің қазақтардың діліне ықпалы мен әсерінің деңгей-дәрежесі, екіншіден, түркілік өркениеттің мұрагерлері қатарында қазақ халқының   тарихи – рухани әлемі.

Өз уақытында “Мәңгілік ел” идеясы осынау түркі өркениетіндегі мемлекетшілдік сананы, мемлекеттік бірлік пен бірегейлікті тудырушы және сақтаушы символикалық құдіретке ие болды. Ол жөнінде Л.Н.Гумилевтің  жазғаны бар [8].

Қазіргі постиндустриялдық қазақстандық қоғамды сол тарихи түркілік өркениет қалдырған құндылықтармен топтастыру, жұмылдыру қалыптасқан мемлекеттің кемелдігін, толысу құдіретін көрсететін идеологияға айналуы мүмкіндігі негізсіз емес. Өткен түркілік кезеңнің  мұрасындағы сабақ пен тағылымды парықтау, сонымен қатар дамыған бақуатты, әлеуетті елге айналуының тарихи себептерін таразылау «мәңгілік ел» идеясымен қанаттана алады. «Қазақтың бірлігі – мына көпұлтты халықтың бірлігі»[1] деп ұлттың рухани күш-қуатын Елбасы бекер аңғартқан жоқ.

Аса ауқымды мемлекет құрып, империялық деңгейге көтерген түркілердің «мәңгілік ел» идеясы өз міндетін атқарумен қоса, кейінгі ұрпақтарға тарихи сабақ боларлық тәмсілін тасқа қашап-ойып жазып қалдырды [9]. Тарихи тұрғыдан түрлі мәдени, ұлттық рухани, діни құндылықтарды синтездеуші бола тұрып, өздеріне ғана тән бірегей түркі өркениеті әлемін қалыптастырған түркі рухының ғылымда, саясатта, экономикада  мойындалуы  уақыт еншісінде.

Сондай-ақ қазақ халқының мағыналы, бай тарихы еліміздің сыртқа танылуы мен экономикалық өркендеуі үшін де зор имидждік іс атқара алады. 2017 жылғы ЭКСПО халықаралық көрмесі тарихи географиялық және саяси-мәдени тұрғыдан әр текті мәдениеттер мен өркениеттердің  куәгері және қатысушысы болған Ұлы Даланың байырғы тұрғындары – қазақ халқының заманауи болмыс-бітімін шын мәнісінде көрсетуге, әйгілеуге мол мүмкіндік береді.  Елбасының әр аймақтың тарихи келбетін нақтылап, «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп» [1] деген пікірі, ұлттық тарихи туризм кластерін дамытуға  бағыт-бағдар беріп тұрғандай әсер қалдырады.

Тарихи сана категориясы қазақ халқының таным-түсінігінде «қасиетті» деген ұғымда  айқындалған. Бұған Елбасы  жиі мән береді. Әрдайым ұлтын рухтандырып, сенім артқан халқына береке мен тыныштық тілейтін қайраткер тұлға – Елбасының  болмысындағы ата тарихқа деген салиқалы ұстанымды осылай қабылдадық.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Ұлытау төріндегі толғаныс  // Егемен Қазақстан. 26 тамыз 2014 ж.
  2. Барг М.А. Эпохи и идеи. Становление историзма. –М.: Мысль,1987. – 348 с.
  3. Репина Л.П. Культурная память и проблемы историописания (историографические заметки). – М.: ГУВШ, 2003. – 44 с.
  4. Назарбаев Н.Ә.  Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б.
  5. Жүгенбаева Г.Дәстүрлі ауызша тарих. А.: ҚазККА, 2009. – 225 б.
  6. 1998 жылды Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығы  // Егемен Қазақстан. – 1997. – 11 желтоқсан.; 2000 жылды Мәдениетті қолдау жылы деп жариялау туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығы //Егемен Қазақстан. – 1999. – 30 желтоқсан.; Назарбаев  Н.А. Основные направления внутренней и внешней политики на 2004 год. Послание Президента народу Казахстана. Астана, 4 апреля 2003 г. // Казахстанская правда. – 2003.  – 5 апреля.
  7. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан.18 қаңтар 2014 ж.
  8. Гумилев Л.Н. Инерционная фаза «Тюркский вечный эль». http://kiev-grad.com/b/gumilev_iz_istorii_evrazii/
  9. Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексті. – Алматы: Ғылым, 1990. – 220 б.

Жүгенбаева Гүлбану,

тарих ғылымдарының докторы,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және

Этнология институтының Тарихнама,

деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі