Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТЫҢ ЭПОПЕЯСЫНА – 60 ЖЫЛ!


14 қазанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кіші мәжіліс залында  Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру тарихына арналған «Кеңес мемлекетінің Ұлы жобасы: жетістіктері мен кемшіліктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны Кіріспе сөзбен институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҮҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов ашты. Конференцияға Қазақстан ғалымдары, сонымен бірге Ресейден, АҚШ-тан да қонақтар қатысты. «ХХ ғасырдың 40-жылдарындағы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру тарихынан» деген тақырыпта негізгі баяндаманы институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов жасады. У.Д. Алиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университеті Филология институтының қарашай және ноғай филологиясы кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Н.Х. Суюнованың (Ресей) «ХХ ғасырдың ортасындағы ноғай әдебиетіндегі ауылды қайта құрудың мәселелері» атты баяндамасы конференцияға қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды. Х.М. Әбжанов және академик М.Х. Асылбеков түбі бір түркі халықтарының бірі – ноғайлардың әдебиетінен сөз қозғаған ғалымға рахмет айтып, екі арада ғылыми байланыстың нығая түсетініне сенім білдірді. Өз кезегінде Нәсіпхан ханым институтты келесі жылы болатын конференцияға қонаққа шақырды әрі қазіргі ноғай әдебиетінің бағыт-бағдарын байқататын бірнеше кітапты сыйға тартты. Институт ғалымы, т.ғ.к. доцент С.Ә. Асанованың «тың эпопеясынан қазақ халқы жеңіспен шықты» деген тұжырымы конференцияға қатысушыларды рухани жағынан бір серпілтіп тастады. Оның бұл тұжырымы Х.М. Әбжановтың «1956 жылы қазақ халқы миллиард астық берді, бірақ бұл туралы ешкім жақ ашпайды» деген сөзінің жалғасы секілді болды. Тағы бір айта кетер жайт, конференцияда сөз алған Гарвард университеті (АҚШ) тарих факультетінің докторанты М.А. Блэквуд жасаған баяндама болды. Онда отандық тарихнама көп назар аудара бермейтін, яғни кеңес билік элитасының құрылымы туралы мәселелер қозғалды. Біршама пікір-талас тудырған бұл баяндама немесе бір деректі әр елдің ғалымдарының түрліше оқып, түсіндіруі конференция жұмысын жандандырды деуге де болады. Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры Б.Т. Берлібаев тың игеру орыстандыру саясатының салтанат құруына алып келді деп тұжырымдаса, ал Қазақ-Америка университетінің ғалымы В.И. Голикова Қазақстанның тың өлкелерінде қазақ тілінің қолданыс аясының тарылғанын атап өтті. Дегенмен оның қазіргі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің қатар қолданылуы дұрыс немесе бірнеше тілді меңгерген адамның ойы сергек, озық келеді деген сөзі конференция қатысушыларын әртүрлі ойларға жетеледі. Институттың Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., доцент А.И. Құдайбергенова тың және тығайған жерлерді игеру жылдарында Қазақстан халқының санында, қоныстануында (тың кезінде қазақ жеріне 2 млн-ға жуық адам келіп қоныстанған), ұлттық құрамында, білім деңгейінде болған өзгерістерді нақты цифрлармен дәлелдеп берді. Конференция тартымды өтті әрі пікір-таласқа қатысушылар тың және тыңайған жерлерді игеру Кеңес мемлекетінің Ұлы жобасы болғанын әрі оның артықшылықтарына қарағанда  кемшіліктері мол болғанын айтып өтті. Мысалы, А.У. Тоқтабай мал шаруашылығын, әсіресе жылқы шаруашылығын дамыту арқылы жерді эрозиядан қорғап қалуға болатын еді деп, қазіргі Қазақстандағы құнарсыз жерлердің мәселелеріне тоқталып кетті. Конференция соңында Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру тарихын, оның жағымды және теріс жақтарын зерттеуді жалғастыру керек деген қаулы қабылданды.

Клара Саркенова,

Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты

Сыртқы байланыс, ақпарат және

ғылыми кластер бөлімінің ғылыми қызметкері