Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Көптомдық Қазақстан тарихына» арналған ұсыныстары мен пікірлері туралы


2014 жылы 13 қазанда ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор М.Х. Асылбековтың институт сайтына жариялаған «Көптомдық Қазақстан тарихына» арналған ұсыныстары мен пікірлері туралы.

 

     ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ұжымы ғалымның ойларымен таныса және оны  қолдай отыра төмендегілерді атап көрсетеді:

 

1)    Көптомдықтың атауы туралы ортақ тоқтам жасалуы керек.

Бүгінгі күні  тарихшы ғалымдар арасында ұлттық тарихымыздың атауына қатысты әртүрлі пікірлер, ұсыныстар айтылып жүр. Мәселен, олардың бір тобы «Отан тарихы», басқалары «Қазақ елінің тарихы», «Қазақстан тарихы» және т.б. жалғаса беретін атауларды ұсынады.  

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің басшылығымен 2012-2014 жылдарға жоспарланған «Ғылыми қазына» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша  көптомдық  «Отан тарихы» деп атала бастады. Ол дұрыс емес деген пікір айтамыз, себебі, қай мемлекеттің тарихы екені белгісіз.

Осы кезеңде  көптомдықты «Қазақстан тарихы» деп нақты атағанымыз жөн. Себебі, қазіргі күнгі Қазақстан көпұлтты мемлекет. Еліміздің қалыптасып, өркендеу, даму тарихындағы әр кезеңдерде  жерімізге ата-бабалары әртүрлі жағдайларда келіп, көпшілігі оны өздерінің Отаны деп таныған  ұлттардың өкілдері тұрады. Олардың  бірнеше ғасыр бойы Қазақстанның тарихының қалыптасуында да орны бар. Осы ұлттардың қазіргі ұрпақтарының  еліміздің егемендік мемлекет ретінде қалыптасып, дамуында да өзіндік үлес қосып отырғандығын  ұмытпауымыз керек.

Қазақстанның   “Мәңгілік Ел” болуындағы ұлттар арасындағы достық пен силасымдықты қалыптастыру да маңызға ие. Міне осындай жағдайда төл тарихымыз барша қазақстандықтардың тарихына айналады деп есептеуге болады.

Қазақстан тарихы қазақстандықтар арасында оқылатындықтан оған деген құрметті, қажеттілікті туғызу үшін де жазылатын көптомдықтың атауын “Қазақстан тарихы” деп қалдыру керек деп есептейміз.

 Сондықтан, еліміздің тәуелсіздік алған тұсында жазылған 1-5 том «Қазақстан тарихының» атауы өте дұрыс. Бұл томдықтардың жарыққа шығуына басшылық жасаған ҚР ҰҒА-ның академигі, т.ғ.д., профессор Манаш Қабашұлы Қозыбаев болатын. Егер дәл сол уақытта аға буынның ұсынған тұжырымдамасы «Қазақстан тарихы» деген атау қате болса, осы кезде талқыға түсер еді ғой. Яғни, аға буын көшбасшы тарихшылар дәл уақытында «Қазақстан тарихы» деп дұрыс  атауын бергендігін байқаймыз.

2) Енді көптомдықты жоспарлау, авторлық ұжым туралы өз ойымызды айта кетуді жөн көрдік. Біріншіден, әр томның ішкі тақырыптық атауы, редакциялық алқасы, бас редакторы, орынбасары және орындаушылары болуы тиіс. Екіншіден, ол авторлық ұжым мүшелерінің әрқайсысының еңбек өтілі, біліктілігі және тараулар мен тақырыптарға қатыстылығы анықталуы шарт.

3)Көптомдық авторларының келісім шарт негізіндегі жұмысты орындауы туралы.

Бұл көптомдық авторлары 2012-2014 жылдардың аралығында 10 том (20 кітаптан тұратын) еңбекті 50-60 пайызға орындады деп айтуға негіз бар. Бірақ, қаншалықты сапалы, дәлелді және талапқа сай екендігін айту қиын сияқты. Себебі, үйлестіруші орталық пен авторлық ұжым арасында тығыз байланыс орнатылмаған. Одан кейін авторлық ұжымға тиесілі 2012-2014 жылдар аралығында төленіп тұратын «Ғылыми қазына» бағдарламасының қаражат көлемі аталған мерзімге нақтыланбаған. Үйлестіруші орталықтың жыл соңында авторларға ұсынатын еңбек ақысы бір реткі сыйақы сияқты көрінеді. Бұл дұрыс емес. Негізінде авторлар ғылыми жобадан жыл бойында еңбек ақы алып отыруы керек деп есептейміз. Сонда, жұмыстың атқарылуы және орындалуы талап етілер еді.

Тағы бір айта кететін мәселе – көптомдықтың мерзімін 2015-2016 жылдар аралына дейін  созу қажет. Яғни, еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына сапалы етіп әзірлеп шығу қажет. Ұлтымыздың көнеден бүгінге дейінгі тарихының тұтас картинасы түзілуі керек.

4)Ұлттық тарихты кезеңдеу немесе дәуірлеу туралы.

Бұл туралы тарихшылар арасында әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Мысалы, бір топ ғалымдар ел тарихын көне заманнан бүгінге дейін түрлі кезеңге бөліп оқытып, түсіндіріп келеді. Ал,келесілері өзінің ой-тұжырымын басқаша ұсынады. Осы бағытта бірнеше арнайы мәжіліс, конференциялар өткізіліп, бірқатар ғалымдардың пікірлері де тыңдалған. Енді тарихшы қауымның алдында тұрған келелі міндеттердің бірі осы кезеңдеу, дәуірлеу және даулы даталарға ортақ тоқтам жасауы керек. Осындай іргелі мәселелер негізінде 2 жыл сайын өтетін ҚР Ұлттық тарихшылар Конгресінде талқыланып, шешімін табуы тиіс деп есептейміз. Ұлт тарихының  негізгі мәселелерін айқындауда бірлескен шешім, ортақ пікір таныту барша тарихшы ғалымдарымыздың міндетіне айналғаны  жөн болар еді.

Бұл бір шағын мақаланың көлемі көтеретін әңгіме емес. Сондықтан республика бойынша аға буын тарихшылар Астанада немесе Алматыда бас қосып шұғыл алқалы жиын өткізіп, барлық жағдайды нақтылап, пысықтап алуы керек деп есептейміз.

 

Құрметпен,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы

 институтының ұжымы