Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Апталық шолу: 13.10.-20.10.14


14.10.14. Институтта Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына арналған «Кеңес мемлекетінің ұлы жобасы: жетістіктері мен кемшіліктері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Қазақстан ғалымдарымен бірге шетелдік ғалымдар, атап айтқанда Ресейден У.Д. Алиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университеті Филология институтының қарашай және ноғай филологиясы кафедрасының профессоры, фил.ғ.д. Н.Х. Суюнова, АҚШ-тан да Гарвард университеті тарих факультетінің докторанты М.А. Блэквуд қатысып, аталмыш мәселе төңірегінде жан-жақты ғылыми ой-тұжырымдарын ортаға салды.

15.10.14. «Қазақстан» баспасөз клубында «Аттила және әл-Фараби жөніндегі таңғаларлық жаңалық» атты пресс-конференция өтті. Конференция жұмысына БАҚ өкілдері қатысты. Ұлт тарихына қатысты материалдарды анықтау мен жинақтау барысында шетелге іс-сапарға аттанған Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Ә. Дербісәлі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қ.Т. Жұмағұлов ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.

16.10.14. «Түркістан» газетінің №14(1056) санына Этнология және антропология бөлімінің БҒК, т.ғ.д. А.У. Тоқтабайдың «Ұлттан бұрын ұғымды түзеп алсақ» тақырыбында сөйлеген сұхбаты жарияланды.

17.10.14. Алматы қаласы «Ғылым ордасында» Институт және еліміздегі «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалымен бірлесе отырып, Алаш қозғалысына арналған «Алаштың ақ жолы» атты дөңгелек үстел өткізді. Аталмыш іс-шараға институт ғалымдары мен «Ақ жол» ДП Алматы қалалық филиалының мүшелері, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары, А. Байтұрсыновтың мұражай үйінің директоры, ф.ғ.к. Р.С. Имаханбетова және біздің институт қызметкерлері қатысты.

«Аңыз адам» журналының №20 (104) санына Жаңа заман дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Р.Е. Оразовтың педагог И. Гаспринский туралы «Қазақ халқының тағдырына жанашырлық танытты» тақырыбында мақаласы жарық көрді.