Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар


Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Тазы – қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі» атты тақырыбында методологиялық семинар болып өтті.  Методологиялық семинардың баяндамашысы – этнология және антропология бөлімінің БҒҚ, т.ғ.д., доц. А.У. Тоқтабай. Ол жануарлардың тарихи тегіне, соның ішінде ит тұқымына жататын Тазының адам үшін маңыздылығы жөнінде тоқталып өтті. Адам баласы 15 мыңдаған жылдан астам уақыт итпен дос болып келеді. Жануарлардың, оның ішінде иттің адамның еркіне бағынуы жабайы жануарларды қолға үйретудің бастамасы болды. Баяндамашы адам мен ит жануарының достығы жөнінде көптеген ертедегі мифтер мен аңыздардың кездесетіндігіне тоқталды. Әлем халықтарының көптеген аңыздарында ит адамның досы және қорғаушы көмекшісі ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ, А.Тоқтабай жылқы, түйе және иттің қолға алғаш рет Орталық Азияда үйретілгенін атап өтті.   Бұл жөнінде әлемнің ертедегі аңыздарының бірі «Авестада» айғақталған. Зоростризмде ит киелі және айрықша табынатын жануар ретінде есептеледі.  Баяндамашы тазының қазіргі тегінің шығу теорияларына ерекше көңіл аударды. Бір теория бойынша тазы Мысыр елінен шыққан болып саналады. (Тазы – фараондар иті).  Сондықтан да  ертедегі иттер, соның ішінде тазы біздің жеріміздің әр аумағында бар және адамдар үшін ерекше маңызға ие. Ол  тарихнамалық зерттеулерге ерекше назар аударған, мысалға, М. Құл-Мұхамедтің «Жизнь тазы» («Тазы өмірі») атты мақаласы жоғалып бара жатқан аң аулау кәсібі, тазыны бағу және аңға салу мәдениетіне көңіл аудартып, қоғамдық сілкініс туғызғандығын атап өткен. ШҚО-да Ж. Бабалықұлы және А. Тұрдыбаев Тазының дене бітіміне және сыртқы тұрпатына асқан дәлдікпен баға берген. Сонымен бірге, ертедегі сақтар мен басқа да халықтардың тазы бейнеленген  түрлі құнды дүниелері және бірегей әшекейлері фотоларынан құрастырылған қызықты презентациясы көрсетілді. А. Тоқтабай қызметкерлерді 2013 ж. үш тілде жарық көрген, көрнекті пішіндегі «Қазақтың тазысы» атты монографиясымен таныстырды. Онда ғалымның ғылыми тұрғыдағы зерттеулері түсінікті тілмен жазылып, иллюстрацияларымен ұсынылған.

Сөз соңында А.Тоқтабайға 1) Кеңес кезеңінде тазы жөнінде кімдер зерттеді? 2)  Қазақстанда тазыны кімдер асырайды? 3) Тазы асыраушыларға мемлекеттен қолдау бар ма? – деген бірнеше сұрақтар қойылды. А. Тоқтабай Кеңестік кезеңде, яғни ХХ ғ. 30-жылдары тазыға барлық жағынан баға беріліп, сонымен бірге, иттің физиологиясы жөнінде егжей-тегжейлі зерттеген  Ресей ғалымы А.А.Слудский болғанын  айтып өтті.

Семинарға қатысушылар методологиялық семинар соңында өз ойларымен бөлісіп, танымдық баяндамасы үшін  тарихшы-этнографқа алғыстарын білдірді.