Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


Институтта Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты биылғы жолдауына орай дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысы институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х. М. Әбжанов кіріспе сөзімен басталды. Танымал ғалым «Мақсат және мұрат үйлесімі» тақырыбындағы баяндамасында Елбасы Жолдауының алға қойған мақсат-міндеттері мен негізгі бағыттарына талдау жасады. Сонымен қатар, аталған міндеттерді жүзеге асыруға ұжымның белсенді түрде атсалысу қажеттілігін атап өтті.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің АҒК, т.ғ.к. С.Ә. Асанова Қазақстанның Елбасының жаңа бағдарламасындағы жаһандық күрделі үдерістеріне, әлемдік геосаяси және геоэкономикалық дағдарыстарына, дүниежүзілік әлеуметтік қайшылықтарға, мәдени жәни діни ахуал мәселелеріне тоқталды. Жаңа ғасырда жаңа белестерге қол жеткізуіміз тиіс дей келе, мемлекеттегі ішкі тұрақтылық мәселесін көтерді. Жолдауды орындауға бір кісідей ат салысамыз деп сөзін қорытындылады.

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің АҒК, т.ғ.к., доцент З.М. Төленова Елбасының биылғы жолдауында еліміздің жастарына қолдау көрсету мәселесін назарға ала отырып, келер жылда Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойларын атап өтуге тарихшылар тарапынан үлкен үлес қосу қажеттілігін айтып өтті. Елбасының биылғы кезекті Жолдауы қоғамдық ойға үлкен жаңа серпіліс жасады. Сондықтан болар, мемлекеттің идеологиясындағы сүйенетін тұғыры тарих болғандықтан, осы тақырыпта айтар ой мен тұжырым көп болмақ. Тарихшылардың басты мақсаты осы жолдағы ұлт мұратын жас ұрпаққа насихаттау және сол арқылы «Мәңгілік Ел» орнатудағы рухы биік бабаларымыздың Қазақ жерінің сынық сүйемін де жауға бермей қорғағандығын, қанды шайқастардағы қол бастаған батыр бабаларымыздың, ел басқарған қаһарман хандарымыздың, даналық сөзі және әділ шешімдерімен қалың елдің бірлігін ұстай алған отауызды би-шешендеріміздің ерлік-өнегесін жастарға дәйекті түрде жеткізе отырып, тәрбиелеу дей келе, Елбасы жолдауының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы маңызы мәселесін ортаға салды.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында т.ғ.д. А.У. Тоқтабай, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов, т.ғ.д. А.И. Құдайбергенова және басқа да ғалымдар арасында пікір-талас алмасу орын алды.

Дөңгелек үстел отырысында Елбасы Жолдауының маңызы мен мазмұны талданып, болашаққа бағдарлар айшықталды.

Тарихшы-ғалымдар алдағы уақыттарда жолдауды насихаттау мен жүзеге асыру жолында табандылық танытатын болады.