Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар


Институтта «Ежелгі дүние тарихын зерттеудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында кезекті методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысы модератор міндетін атқарған Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаеваның кіріспе сөзімен ашылды.

Негізгі баяндамашы Сыртқы байланыс ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Ә.Қ. Шашаев «Тарих ғылымының дамуы – үздіксіз жүріп тұратын үрдіс» дей келе, ғалым жаңа деректердің көзі ашылып, жаңа идеялар пайда болады, бұрынғы тұжырымдар мен берілген бағалаулар нақтыланады немесе қайта қарастырылады, міне бұның бәрі зерттеу бағыттарының анағұрлым кеңейе түсуіне, оның бұрындары тасада қалып келген қырларының ашылуына игі әсер етеді деп атап өтті.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихы ғылымы да ұлттық мүдде тұрғысында өркениеттілік төрінен өзіндік орнын табуға ұмтылуда. Қазіргі заманда ғылым дамуының жылдамдылығының артуы нәтижесінде бұрындары алға тартылған қорытындылар тым ескіріп қалғаны анықталды: жаңа деректер – заттай және жазбаша табылды, оларды зерттеудің әдіс-тәсілдері неғұрлым жетілдіріліп, біздің тарихи танымымыз анағұрлым кеңейе түсті. Осы тұрғыдан алғанда, ешкімге жалтақтамай, тарихымызды тереңінен талдауға жолдың ашылғандығы сөзсіз. Соған қарамастан, ежелгі Қазақстан тарихын зерттеу мектебінің жоқ екендігі, түпнұсқалық деректермен жұмыс жасай алатын маман-тарихшылардың саусақпен санарлығы, осыған орасан зор кедергі келтіріп отырғандығы айқын.

Ежелгі дүние тарихындағы қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ру-тайпалардың тарихын шығыс және антикалық шығармаларын терең талдануы арқылы зерттеу қажеттілігі туындады. Бұл үшін ең алдымен осы салада маманданған тарихшы-лингвист ғалымдарға яғни, аудармалармен қатар, түпнұсқалық еңбектермен таныса алатындарға деген зәрулікті жою қажет.

Ежелгі Қазақстан тарихының деректік қамтылу аймағын әлемдік деңгейге көтерудің бірнеші стратегиялық міндеттері жүзеге асыруды қажет етеді.

– Біріншеден, өткен тарихымыздың ғылыми  танымының теориялық-методологиялық негізін анағұрлым жаңарту қажет. Бұл жерде Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихын зерттеуде тарихи-мәдени және өркениеттік тәсілдің танымдық рөлі басым болмақ. Ең алғашқы өркениет ошағы болып табылатын Шумер сына жазуларын, кельт-скиф (сақ), құман-қыпшақ, түркі (руна) жазбаларымен салыстырмалы әдіс-тәсіл арқылы зерттеу қажет. Ежелгі Кушан (Бактрия) империясы, Касситтер патшалығы кезеңіндегі сына, жазбалар да төркіні түркілік терминдер мен түсініктерге толы.

Ежелгі гот, кельт, вандалдар және т.б. скиф-ғұн тайпаларының аңыз-әфсаналары, жыр-дастандары, наным-сенімдері мен шаруашылық-әкімшілік құрылымдарының тарихы шетел тарихшылары тарапынан бұрмалана зерттелген, ортағасырлық хроникалар, жылнамалар, жыр-дастандар, сагалар, саяхатшылар мен миссионерлердің, елшілердің жолжазбалары, дипломатиялық хат алмасулар әлі күнге толық зерттелмеген. Бұл мәселенің бергі беті ғана. Дүние жүзі тарихының әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде оқытылатын «Ежелгі Шығыс» және «Греция мен Рим» тарихында жазылған жағдаяттар қазіргі заман талабына сай емес, тіпті сонау 1970-1980 жж. жазылған нұсқасы оқытылуда және әлі күнге қазақ тіліне аударылмаған. Бұл ұлттық мүддеге үлкен зиянын тигізеді. Міне, сондықтан да бірінші міндет  – ұрпақ тәрбиесінде зор міндет атқаратын оқулықтарға (Ежелгі Дүние тарихын) жаңа мәліметтерді енгізе отырып қайта жазу керек. Оқулықтар шығарар кезде БҒМ Ғылым Комитетінің қадағалауымен оны білгір мамандардың сараптамасынан өткізуді және оның мазмұнын «Мәдени Мұра» бағдарламасы арқасында жинақталған материалдармен толықтырылуын жүзеге асырған жөн.

Екіншіден, ең алдымен тарих ғылымы үшін тарих шындығын қалпына келтіру – жауапты міндет. Мінеки, осы тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстан тарихының өзекті мәселелерінің бірі қазақ халқының шығу тегі, яғни этногенезі. Қазақтардың халық болып тарих сахнасына шыққаннан кейінгі генеалогиялық тарихы шешілмей келе жатқан қиын түйіннің бірі. Византиялық хроникаларды, орыс жылнамаларын, Скандинавия сагаларын, Украина, Венгрия, Рим (Ватикан) мұрағаттарындағы қыпшақ жазбаларын, Монғолия, Түркия, Сирия, Египет, Иран, Ұлыбритания, Франция, Германия, Қытай, Үндістан секілді елдердің қолжазба қорлары, мұрағаттары, ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты деректерді сақтап отыр, соларды көшіріп, қазақ тіліне мүмкіндігінше аудару кезек күттірмес міндеттердің басы болып саналады.

Біздің мақсатымыз да көзі қарақты зерттеушілер үшін түрткі ой болсын деп Шумерлер тарихының түңлігін түруге тырысу.

Зерттеуші ғылыми ой-тұжырымдарын қорытындылай келе, Ежелгі Қазақстан тарихы мен Ежелгі дүние тарихын оқыту барысында оқушыларды қызықтыру үшін осы пәндер арасындағы оқиғалардың тарихи байланысты өрбитіндігін көрсеткен жөн. Ежелгі дәуір туралы деректік көзге ие бола алатын жыр дастандар, аңыз әфсаналарды мектеп оқулықтарына қосымша оқыта отырып, тарихқа деген қызығушылықты арттыруға болады деген өзіндік ұсыныстарын ғылыми көпшілік назарына жария етті.

Методологиялық семинар соңына қарай т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева, т.ғ.к. С.К. Рүстемов, т.ғ.к. А.С. Уалтаева, С.А. Саркенова сынды ғалымдар тақырып аясында өз ғылыми ой-пікірлерін білдірсе, семинарға қатысушылар тарапынан сауалдар қойылды.