Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Орталық Азияның қазақ диаспорасы: тарих – мәдениет – ескерткіштер» атты Халықаралық ғылыми конференция өтті


«Ғылым Ордасы» РМК ғимаратында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Ғылым Ордасы» РМК-ның Ғылыми кітапханасы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс Комитетінің ұйымдастыруымен «Орталық Азияның қазақ диаспорасы: тарих – мәдениет – ескерткіштер» атты Халықаралық ғылыми конференция өтті.

Конференция жұмысында модератор қызметін атқарған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Х.М. Әбжанов кіріспе сөзінде, «Бүгінгі конференцияға Қытай, Моңғолия, РФ Алтай Республикасы, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінен ғалымдардың қатысуы Мәңгілік ел идеясының ұлықталуының бір көрінісі деп түсінеміз, диаспора саясатын жүргізу еліміздің мемлекеттілігін көрсетеді» дей келе, конференция жұмысын ашық деп жариялады.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.А. Мамашев қазақ халқының мәдениетін дамытуда қазақ диаспорасының рөлі, өткені мен болашағы, шетелдегі қазақтардың кіші құрылтайын өткізу мен бірігуі мәселелеріне тоқталды.

Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали конференция жұмысының ашылуымен құттықтай келе, Орталық Азиядағы (Моңғолия, Қытай, РФ Алтай Республикасы) және Орта Азия өңірлеріндегі қазақ диаспорасы мәселесімен айналысатын бір топ ғалымдардың ізденістері, қазақ диаспорасының бүгінгі уақыттағы этномәдени, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері мәселесі төңірегінде ғылыми баяндама жасады. Өз ғылыми жетекшілігімен ұйымдасқан бір топ ғалымдардың кешенді этномәдени зерттеулерінің жалпылама қорытындыларын назарға ұсынды.

Қазақ халқының сахаралық дәстүрлі мәдениетінің өміршеңдік қуаты жөнінде баяндаған профессор, этнограф ғалым М. Жақып (ҚХР, Үрімжі қ.) қазақ тарихы зерттеудегі қытай деректерінің маңыздылығы мәселесіі туралы баяндама жасады.

Моңғолия Ғылым академиясы Халықаралық ғылыми зерттеулер институтының ЖҒК, т.ғ.д., профессор Қ. Мұқамәдиұлы ғылыми баяндамасын Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Тұлба сұмының қазақ тұрғындарының ХХ ғ. 40-60 жж. демографиялық ахуалы мәселесіне арнады.

РФ Алтай Республикасындағы қазақ диаспорасының дәстүрлері мен бүгінгі жағдайы мәселесі аясында мағлұматтар берген Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімі археология және этнография бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор И.В. Октябрьская қазақ диаспорасын зерттеудің өзіндік тарихи-мәдени мұрасын сақтап қалудағы маңызына жан-жақты тоқталды.

Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті профессоры, т.ғ.д. А.А. Асанканов Қырғызстандағы қазақ халқының этникалық үрдістеріндегі ерекшеліктері, Қырғызстандағы қазақ диаспорасының білім алу, ұлттық тіл мәселелеріне талдау жасады.

Ресей ғылым академиясы Тарих институты Сібір бөлімінің АҒК, т.ғ.д., доцент Н.Н. Аблажей  Қазақ АКСР бойынша ашаршылық, 1930-1932 жж. мигранттар саны мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы (ШҚО Тарбағатай ауданы бойынша) Алматы облысындағы репатрация, 1930 ж. эмиграция салдары мәселелері төңірегінде ғылыми баяндамасын көпшілік назарына ұсынды.

Ресей-Тәжік (Славян) университеті профессоры, филол.ғ.д. А. Нуралиев Тәжікстандағы қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы, тұрмыс-тіршілігі, сонымен қатар аштық жылдарында Тәжікстанға қоныс аударған қазақтар туралы ғылыми фактілермен таныстырып, өзіндік қорытындыларын баяндады.

Мемлекеттілігімізді жоғары ұстану үшін қауымдастықтың мәртебесі жоғары болуы тиіс деп ойын бастаған ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философ.ғ.д. С.Е. Нұрмұратов, қазақ диаспорасы қызметінің соңғы уақытта белсенді жұмыс атқарып келетіндігін айтып өтті. Қазақ диаспорасының құндылық әлеміне жаһандану үдерісінің ықпалы жайында айтып өтті.

Конференцияның пленарлық мәжілісінен соң «Моңғолия қазақтары» атты Екінші симпозиумы, «Қазақ диаспорасының феномені: тарихы, жағдайы, келешегі. Қазақстан Республикасында оралмандардың әлеуметтік мәдени бейімделуінің мәселелері», «Орталық Азиядағы қазақ диаспорасының жаңа зерттеулер аясындағы дәстүрлі және ежелгі дәстүрдегі мәдениеті», «Қазақ диаспорасы кеңістігінде тарихи-мәдени ескерткіштер мен басқа да мұра түрлері» атты секциялар жұмыс істеді, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиал басшыларымен «Шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс және ҚР Президентінің Жолдауын диаспора және оралмандар арасында түсіндіру бойынша тәжірибе алмасу» атты семинар өткізілді.