Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ: ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ, БОЛАШАҚҚА АМАНАТ» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті


2014 ж. 10 желтоқсан күні «Ғылым Ордасы» ғимаратының Орталық ғылыми кітапхана залында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Алматы қаласының әкімдігі мен Ғылым Ордасы РМҚК бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ: ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ, БОЛАШАҚҚА АМАНАТ» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Егемен еліміздің қарқынды дамуы мен әлемге танылуы жолында тәуелсіздіктің рөлі айрықша екені сөзсіз.

Айтулы шара «Ғылым Ордасы» РМК бас директоры Р.О. Кәрібжанованың кіріспе сөзінен бастау алды.

Конференция жұмысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә Атығаев модератор міндетін атқара отырып, «Тәуелсіздікке деген ұзақ жол» тақырыбында баяндама жасап, қазақ халқының сонау ерте дәуірден бүгінгі күнге жеткен тарихи жолдарын саралай келе, тәуелсіздік  қазақ халқының ешқашан да маңызы жоғалмайтын, ғасырлардан ғасырларға ұласатын үлкен құндылығы деп баға берді.

Қонақ ретінде қатысқан Татарстан Республикасы Ғылым академиясының А.Х. Халиков атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. И.Л. Измайлов конференция барысында жасаған баяндамасын Алтын орда кезеңінен кейінгі мемлекеттер бірлігінің этноәлеуметтік және конфессионалдық элементтері (XV-XVI ғғ.) мәселесіне арнады.

Ғасырлар бойы аңсап қол жеткізген азаттықты баянды ету үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің рөлі мен «Тәуелсіздік идеясы» ұғымының түп-төркініне тоқталған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының коммерциялық және ұйымдастыру мәселелелері жөніндегі орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова әрбір Қазақстан азаматы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінуін абзал санады.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «О. Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие» институтының директоры, с.ғ.д., профессор С.М. Борбасов баяндамасында Желтоқсан оқиғасының саяси сабақтары мен бүгінгі күндегі бағасына тоқталып өтсе, «Желтоқсан халықтық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ш.Қ. Қарабаев қазақ қоғамы үшін тәуелсіздіктің маңызы мен рөлі мен қазақ жастарының рух-жігерін айта келе, қазіргі жастардың бойына патриоттық санасын көтеруде үгіт-насихат жұмысын күшейту қажеттілігін айтып өтті.

Конференцияға Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, Алматы қ. ішкі саясат бөлімінің өкілдері мен ғалымдар қатысты.

Конференция барысында қатысушылар тарапынан пікірлер, ұсыныстар айтылды.