Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті


Институтта «Академик А. Нүсіпбеков және «Қазақстан тарихы» академиялық басылымдарын даярлау тәжірибесі» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға ғалымның қызы Дина Ақайқызы, ағасының қызы Жамал Нүсіпбекова және басқа да туыстарымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылары, институт ғалымдары мен жалпы зиялы қауым белсене қатысып, өз пікірлерін ортаға салып, академик А. Нүсіпбековтың бес томдық кітабын шығару туралы ұсыныстарын айтты. Айтулы шара институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлованың кіріспе сөзімен ашылды.

Академик А. Нүсіпбековтің өмірі мен ғылыми қызметіне баяндамасын арнаған т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов ғалымның ғылым жолындағы еңбегінен басқа, тәжірибесі мен қоғамдық қызметіндегі елеулі еңбегін естеліктермен баяндады. Ахаңның қадір-қасиеті, балалық шағы, білім алудағы белестері, жеке ерлігі жөнінде мәліметтерді көпшілік назарына ұсынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д., профессор Т.Ә. Төлебаев ғалымның ғылыми еңбектерінде шынайылық пен әділдікті тұспалдауы көрнекті тарихшының қызметтегі беделінің өсуіне мүмкіндік берді деп айтып өтті. Академик А. Нүсіпбеков зерттеулеріндегі Қазақстандағы буржуазиялық қатынастардың дамуы мәселесіндегі тұжырымдарға нақтылы талдау жасады.

Академик А. Нүсіпбековтың тарих ғылымын дамытудағы қосқан үлесі мен маңызы мәселесіне тоқталған т.ғ.д. С.О Смағұлова ғалымның институттағы еңбегін жан-жақты баяндады. Алдағы уақыттарда институтта шығарылатын ғылыми зерттеу еңбектерінде Ақай Нүсіпбековтың еңбектерінің көрініс табатындығын айтып өтті.

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Ә.Қ. Шашаев ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы білім беру, отарлық кезеңдегі халықты сауаттандыру мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің АҒК, т.ғ.к. С.Ә. Асанова академик А. Нүсіпбековты ХХ ғасырдағы қазақ интеллектуалды тұлғасы деп баға беріп, қазіргі Қазақстандағы этномәдени ерекшеліктер мәселесі аясында баяндамасын жасады.

Абай атындағы ҚазҰПУ, т.ғ.д., профессор Қ.Р. Несіпбаева, т.ғ.к. Нұрпейсов өздерінің естеліктерімен бөлісіп, жұртшылыққа акедемик-ғалымның өмірлік қырлары мен шығармашылық табыстары туралы ой бөлісіп, өскелең ұрпақ үшін оның тағылымдық, тәрбиелік маңызын атап өтті. Конференцияда келесі мәселелер қарастырылды:

– көрнекті ғалымның отандық тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуында алатын орнын көрсету;

– академик А.Н. Нүсіпбековтің Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге қосқан үлесі, оның ғылыми және қоғамдық қызметін  анықтау;

– Қазақстан тарихының академиялық басылымдарын даярлау тәжірибесі мәселелеріне арнайы көңіл бөлу.

Конференция алдына қойған мақсаттарына жетті деп санаймыз.