Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – мәңгілік елдің ұлы тарихы» атты дөңгелек үстел өтті


Институтта 2014 ж. 23 желтоқсанында Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 16 желтоқсан күніне арналған құттықтау сөзін талдауға арналған «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – мәңгілік елдің ұлы тарихы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысында модератор міндетін Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., доцент А.И. Құдайбергенова атқарып, өз баяндамасында Президент құттықтауында тарихи әділет салтанат құрған тәуелсіздік күнінің маңызына тоқтала отырып, түркі тілдес халықтардың іргесі бөлінбейтін тамырлас екеніне назар аударады. «Бейбіт өмірді» қарапайым сөзбен айтқанда, «бақыт» деп айтып, нақ осы ұғымға қатысты Президент құттықтауында: «басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалау бір бөлек» дей отырып, барды бағалауға және оны еселеуге шақырып, «Тәуелсіздік – ұрпақтың баға жетпес асыл құндылығы» екеніне сенім білдірді.

Келесі сөзді алған Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің т.ғ.к. Ж.Ж. Жеңіс «Елбасы назарында ел ғылымы» атты баяндамасында қазіргі кезде әлемде болып жатқан үрдістерді саралай отырып, бұл жағдайда ғалымдардың орны ерекше екендігіне тоқталады. Елбасының зиялы қауым мүшелеріне жүктеген міндеттерін және тапсырмаларын сөзге тиек етеді.

Бағдарлама бойынша кезекті баяндаманы Этнология және антропология бөлімінің АҒК, т.ғ.к. Г.У. Орынбаева «Современная политика Казахстана в области межэтнических отношений» атты тақырыбымен сөз алды. Зерттеуші Қазақстанда тұрып жатқан көп этностардың қарама-қатынастары мәселесіне назар аудара отырып, «диаспора», «этнос», «ирридента», «этникалық топ» деген терминдерді талдай келе, диаспора ұғымы бөлу мағынасында болғандықтан, оны Қазақстан шекарасының ішінде қолдануға болмайтындығын айтады, оның орнына «этнос», «этникалық топ» деген терминдарды пайдалану қажеттігін алға тартады.

Келесі баяндаманы Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің ғылыми қызметкері К. Саркенова «Мәңгілік ел – ұлы мақсаттарға жетелейтін негізгі идея» атты баяндамасын жасады. Мәңгілік ел ұғымының тарихы тереңде жатқандығын айтады. Қазақ елі стратегиясының түпқазығы Мәңгілік ел – Қазақстан қоғамының ұлы құндылығы, қазақ мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры. Демек Мәңгілік ел идеясының мәні Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау керектігін айтқан.

Дөңгелек үстелдің соңына қарай жоғарыда айтылған мәселелер бойынша пікір алмаса отырып, «Алтынның қолда барда, қадірі жоқ» деп ата-бабамыз ескерткендей, тәуелсіздігімізді бағалап, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру «Нұрлы жол» бағдарламасындағы жобалардың міндеті екенін ескертті.