Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«С. Асфендиаров және ұлттық тарих» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді


Институтта ІІ-ші А. Нүсіпбеков оқулары аясында 2014 ж. 22-желтоқсанда ірі қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым, профессор С. Асфендиаровтың 125-жылдық мерейтойына орай «Санжар Асфендиаров және ұлттық тарих» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді.

Конференция жұмысында директордың орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова кіріспе сөзімен ашып, жиылған зиялы қауымды институтта жарық көрген ғылыми еңбектермен таныстырды.

Конференцияда институтта 2014 жылы шығарылған ғылыми еңбектердің салтанатты тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторант, санжартанушы А.Ә. Жүнісбаев санжартанудың негізгі нәтижелері мен даму бағыттары мәселелеріне жан-жақты талдау жасап, С. Асфендиаровтың өмірі мен қызмет жолы мәселелеріне баяндамасын арнады.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің БҒК, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов Санжар Асфендиаровтың кеңестік жүйенің қуғын-сүргін құрбанына айналғандығы, Халық Ағарту комитетіндегі қызметі, қазақ университеттеріне сіңірген еңбегі мәселелерін баяндады.

Конференция қонағы Ташкент медициналық академиясының Үргеніш филиалы «Қоғамдық ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор М. Махмудов Санжар Асфендиаровтың Түркістан Республикасы денсаулық сақтау комитетіндегі қызметі мәселесінде ғылыми баяндама жасады.

ТарПИ жанындағы Ж. Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к. О.М. Қоңыратбаев санжартанудың өзектілігін айта келе, институт кітапханасына орталықтың шығарған кітаптарын табыс етті.

«Тұран» университетінің «Кино және телевидение академия» факультетінің доценті, мәдениеттанушы С.Қ. Қожықова Санжар Асфендиаровтың жеке өмірі туралы естеліктермен бөлісті.

С. Асфендиаровтың зерттеулеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің мәселелері» тақырыбына баяндамасын арнаған Жаңа заман дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Р.Е. Оразов көрнекті ғалымның медицина саласындағы терминология мәселесін алғаш қолға алғандығы жөнінде айтып өтті.

Аталмыш іс-шара аяқталуына қарай ғалымдар арасында пікір алмасу орын алды.