Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Әділет қоғамына – 25 жыл» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті


Институт пен «Әділет» тарихи-ағарту  ІІ Нүсіпбеков оқулары аясында 2014 ж. 24 желтоқсанында «Әділет қоғамына – 25 жыл» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға «Әділет» тарихи ағарту қоғамының мүшелері, саяси-қуғын сүргін ұрпақтары, тарихшы ғалымдар, ЖОО оқытушылары, сонымен қатар мектеп оқушылары қатысты.

Конференция жұмысы директордың орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлованың кіріспе сөзімен ашылды.

«Әділет» қоғамының негізгі міндеттері мен алға қойған мақсаттарын айтып өткен Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының (ҚазТАҒ) төрағасы, филол.ғ.д. Ғ. Әнес аталмыш қоғамның басқарушылары мен қызметін баяндады.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Қ.С. Алдажұманов 20-30 жылдардағы ашаршылық пен кеңестік жаппай саяси қуғын-сүргін тарихын қалпына келтіру мәселелерінде «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының рөлі мен маңызын айта келе, аталмыш қоғамның кеңестік жүйені әшкерелеуге бағытталған ғылыми жұмыстары жайында баяндап, көпшілік назарын аударды.

«Әділет» тарихи ағарту қоғамын Қазақстандағы тұңғыш мемлекеттік емес ұйымдардың бірі болды деп баяндамасын бастаған Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы (ҚазТАҒ) төрағасының орынбасары, т.ғ.к. Б.О. Қойшыбаев құрылу тарихы, ұстанған идеясы, алғашқы басшыларының бірі С.О. Жандосовтың қызметіне баға берді.

Конференция барысында сөз алған ғалым М. Тәтімов отандық демография ғылымының жетістіктері мен бүгінгі көрінісі мәселелерінде өз ғылыми ой-тұжырымдарын ортаға салды.

Бонн Университеті, Шығыстану институтының Синология (қытайтану) бөлімінің профессоры, т.ғ.д. (Бонн, Германия) Н. Кенжеахмет XV-XVI ғғ. Қытай деректемелеріндегі қазақ хандығы мәселесіне баяндамасын арнады.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, педагог.ғ.к., доцент Ш.Н. Нагимов «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының бүгінгі қоғамда алар орны мен ұйымдастырушылық ерекшеліктерін баян етті.

Қазақ халқының ұлттық мүддесін ойлаған М. Тынышбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметіне тоқталған Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева зиялы қауымның ішкі және сыртқы келбеті кездесетіндігін айтып өтті.

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. З.М. Төленова академик М.Қ. Қозыбаевтың ғылым мен білім саласындағы еңбегінен басқа қоғамдық қызметінің маңызын айта келе, «Әділет» қоғамының институтпен бірлесе ұйымдастырған ғылыми-мәдени іс-шаралар нәтижелерін сөз етті.

ҚР Президенті мұрағаты маманы Ж.Т. Байкаш өз баяндамасында 1916 жылғы оқиғаға қатысты мұрағат қорларында сақталған материалдардың өзектілігі жөнінде сипаттады.

Конференция барысында «Әділет» тарихи ағарту қоғамының мүшелері, саяси-қуғын сүргін ұрпақтары сөз алып, «Әділет қоғамынә 25 жылдығымен құттықтай келе, өз тараптарынан тілек-ұсыныстарын айтты.

Бүгінгі өткен конференция тарихшылар қауымы мен «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы үшін айтарлықтай болашаққа деген жаңаша серпін берді деп толық сенім білдіреміз.