Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Халықаралық дөңгелек үстел өтті


Институтта 2014 ж. 24 желтоқсанында ІІ-ші Нүсіпбеков оқулары аясында белгілі ғалым К.А. Пищулинаның 80 жылдығына арналған «Қазақ  мемлекеттілігінің тарихы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында К.А. Пищулинаның өмірі мен ғылыми жолы, оның еңбектері мен артында қалған тарихи зерттеу мұралары туралы пікірлер айтылды. Атамыш шара институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлованың кіріспе сөзінен бастау алды.

Негізгі баяндаманы Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Қ.З Өскенбай тарихшы ғалым К.А. Пищулинаның өмірі мен ғылыми еңбектері, институттағы қызметі жайында баяндады.

Дөңгелек үстел қонақтарынан Бонн Университетінің профессоры Н. Кенжеахмет «Қытай деректемелеріндегі Қазақ хандығы (XV-XVI ғғ.)» атты мақаласында Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібек хандар туралы қытай деректемелерін ұсынса, Татарстан Ғылым Академиясы Ш. Марджани атындағы Тарих институты жанындағы М.А. Усманов атындағы Алтын Орда тарихын зерттеу орталығының жетекшісі И.М. Миргалеев ежелгі және ортағасырлар тарихына қатысты жаңаша деректерге тоқталып, өзі басқарып отырған орталықтың ғылыми тіршілігімен ғалымдарды таныстырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ деканының орынбасары, т.ғ.к. Г.Е. Сабденова тақырып аясында өзекті мәселелерді айта келе, мектеп оқулығына қатысты өз тарапынан ұсыныстарын жасады.

Институт директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент Н.Ә. Атығаев баяндамасында К.А. Пищулинаның қазақ тарихы ғылымына қосқан үлесіне кеңінен тоқталды.

Келесі кезекте сөз алған Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің қызметкерлері т.ғ.к. Ә. Дәулетхан XIII-XVI ғғ. Моңғол ұлысы дәуіріндегі қазақ мәдениетінің қалыптасуы мәселесінде ғылыми тұжырымдарын келтірсе, т.ғ.д. К.Ө. Торланбаева түркі халықтарының миграциялық үдерістердің әлеуметтік-экономикалық және саяси қырларына талдау жүргізді. Шыңғысхан империясындағы мемлекеттілік мәселесіне баяндамасын арнаған т.ғ.к. Ж.Ж. Жеңіс ортағасырлардағы мәдени-рухани мәселелер төңірегінде ой қозғады.

Институттың ғалым хатшысы, PhD доктор А.П. Ермұхамедова Оғыз мемлекетінің тарихының кейбір мәселелеріне тоқтала келе, оғыздардың әлемдік тарихтағы рөлін айтып өтті.

Дөңгелек үстел қонақтары жиын соңында тарихшы ғалымдар өзара пікір алмасты.