Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Академик Әлкей Марғұланның 110 жылдығына орай «Тереңіміз еді ғой теңіз дерлік» атты дөңгелек үстел өтті


Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов Әлкей Хақанұлы Марғұланның ұлттық мүддеге қызметі, ұлттық ұстанымды сақтауы ғалымның ғұламалығын дәлелдейді, «Әлекең – аңыз адам» деп, өз кіріспе сөзімен дөңгелек үстел жұмысын ашық деп жариялады.

Бас баяндаманы жасаған марғұлантанушы, Орталық Азия университеті, т.ғ.к. М.А. Хамитова Әлкей Марғұланның өмірі мен қазақ халқының тарихы, мәдениетін зерттеудегі ғылыми еңбектері, ғалым еңбектерінің мұражай ісіндегі маңызы, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру мен жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі қосқан үлесі мәселелеріне баяндамасын арнады.

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, т.ғ.д. М.Қ. Қойгелді Марғұлан еңбектеріндегі тарихи сабақтастық  мәселесі төңірегінде баяндама жасады. Сондай-ақ, Марғұлан идеясының Алаш идеясымен сабақтастығын талдады.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің БҒК, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов академик Ә.Х. Марғұланның ХХ ғ. 30-жылдарындағы қазақ тарихының кейбір мәселелерін зерттеу мәселесіне тоқталды.

Ә. Марғұлан ат. ҚҚ вице-президенті, м.ғ.к. Д.Ә. Марғұлан ғұлама ғалымның өмірлік ұстанымдары мен ғылыми еңбектерінің өзектілігіне қысқаша сипаттама беріп өтті.

Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, т.ғ.к. А. Бейсенов Ә. Марғұлан зерттеулеріндегі Беғазы-Дәндібай ескерткішіне жүргізілген экспедиция барысы мен нәтижелері жайында баяндама жасады.

Этнология және антропология бөлімінің ғылыми қызметкері Д.Ж. Жайлыбаев Әлкей Марғұланның этнографиялық мұрасы мәселесі төңірегінде ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.

Дөңгелек үстел қонақтарынан О. Ошанов, Е. Смағұлов сынды археолог-ғалымдар Әлкей Марғұланның ғылыми еңбектері жайында өз пікірлерін көпшілік назарына ұсынды.

Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева «Әлкей Марғұлан қазақ этнографиясының негізін салушы» деп баға беріп, ғалымның ғылым жолындағы негізгі ұстанымы ұлттық мүддені көздегенін айта келе, дөңгелек үстел жұмысын қорытындылады.

2014 ж. 26 желтоқсанында институтта академик Әлкей Марғұланның 110 жылдығына орай «Тереңіміз еді ғой теңіз дерлік» атты дөңгелек үстел өтті.