Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті


Институтта әйгілі тарихшы Кеңес Нұрпейістің 80-жылдығына арналған «АКАДЕМИК К. НҰРПЕЙІС: ӨМІРІ, ҚЫЗМЕТІ, ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫ» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Астана, Алматы қалаларынан және Қырғызстаннан ғалымдар, ғалымның туыстары, шәкірттері, ЖОО-дан профессор-оқытушылар, мұрағат және мұражай мамандары, мектеп оқушылары қатысты.

Конференция жұмысында модератор міндетін атқарған институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов академик Кеңес Нұрпейістің тағдыры, ғылыми еңбектері мен шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымдары, ғылымдағы жастарға ерекше ілтипат пен құрмет көрсетудегі тәжірибесін айта келе, кіріспе сөзімен конференция жұмысын ашық деп жариялады.

Академик К. Нұрпейістің өмірі мен ғылыми мұрасына баяндамасын арнаған институттың БҒК, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов ғалымның бойына біткен қарапайымдылық қасиеті мен адами болмысына, институттағы қызметіне тоқталды.

Академик, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д., профессор М.Х. Асылбек К. Нұрпейістің тарихи көзқарастарына талдау жасады.

Абай атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мектеп интернаттың оқушылары Б. Думан мен Е. Жантас академик Кеңес Нұрпейісұлына арнаған жыр шумақтарын барша жиналған қауымға жария етті.

Манас атындағы Қырғыз-түрік университетінің түркі өркениетін зерттеу институтының директоры, т.ғ.к., профессор (Бішкек, Қырғызстан) Д.Б. Сапаралиев Қырғызстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихын зерттеудегі жаңа тұрғылар мәселесіне баяндамасын арнады.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Г.М. Какенова К.Н. Нұрпейістің ғылыми мұрасының Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихын зерттеудегі маңызына кең тоқтала келе, академик К. Нұрпейісті «ғасыр адамы» деп атады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. О.Х. Мұхатова Кеңес Нұрпейістің отандық тарих ғылымын дамытудағы рөлі мен ғылыми еңбектерінің құндылығын жан-жақты кешенді түрде баяндады.

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, т.ғ.д. Х.А. Сутеева академик К. Нұрпейістің тұлғасы мен жас ғалымдардың болашағын қалыптастырудағы рөлін айтып, академиктің ұстаздық еткен жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.

Академик К. Нұрпейістің тарихи тұлға ретіндегі орны мен рөліне тоқталған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. Т.Ә. Төлебаев ғалымның ғылыми еңбектеріне тарихнамалық шолу жасады.

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, т.ғ.к. Т. Нұрпейіс ұлағатты ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегінен өмірлік естеліктер айтты.

Институттың БҒК, т.ғ.д., профессор А.У. Тоқтабай Алашорда партиясының ұлттық әскер құрамалары тақырыбы аясында баяндама жасады.

Конференция екі секция жұмысында (1-секция: «Тұлға және оның Қазақстан ғылымының қалыптасуындағы рөлі»; 2-секция: К. Нұрпейістің өмірі мен ғылыми мұрасын зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері») жалғасын тауып, академик К. Нұрпейістің өмірі мен шығармашылығы төңірегінде өзара пікір алмасулар орын алды.

Конференция барысында институттың 70 жылдығына орай шығарылған академик К. Нұрпейіс шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.