Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел өтті


2015 ж. 17 наурызы күні Институтта «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИСЛАМ: ТАРИХЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің негізгі баяндамашысы «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. К.Ө. Торланбаева Қазақстан тарихындағы исламның рөлі мен Қазақстандағы исламның таралу мәселесі мен оның басты кезеңдеріне баяндамасын арнады.

«Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.З. Өскенбай Жошы ұлысында исламдандыру саясатының ерекшеліктерін баяндады.

Ұлы селжұқтар дәуіріндегі медреселердің қызметін сөз еткен институттың ғалым хатшысы, PhD доктор А.П. Ермұхамедова низамийя медреселерінің оқытушылары мен шәкірттерінің сунизмді дамытудағы рөлі мәселесіне тоқтады.

Институттың ғылыми істер жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев отандық тарихнамада исламның зерттелу деңгейін айта келе, XV-XVII ғғ. Қазақ хандығында исламның таралуы мен дамуы мәселесін зерттеудегі агиографиялық шығармалардың маңызын айтып өтті.

Қазақ жерінде жүргізілген отарлау, орыстандыру саясаты негізінде ислам дініне көрсетілген қысым мен шоқындыру мәселелерінің жүзеге асуы мәселесін баяндаған институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова, дін мәселесіне қатысты ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында туындағын ұлт зиялыларының пікірлері мен тұжырымдарын саралап, дінге деген қоғамдық көзқарастарды, сол кезде қалыптасқан діни ахуалға сипаттама жасады.

«Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Ө. Қанай 1950 жылдарға дейінгі Қытайдағы қазақтардың медреселеріне жалпылама қысқаша шолу жасап, қызметін баяндады.

Дөңгелек үстел қонақтары ҚазҰАУ аға оқытушысы, магистр З.Т. Тастанова тәуелсіз Қазақстандағы діни ахуал мәселесінде сөз қозғаса, институттың магистранты Г.Қ. Құрманбаева Қазақстандағы қажылық сапарының тарихы тақырыбында өз пікірін көпшілік назарына ұсынды.