Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар өтті


2015 жылы 31 наурыз күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кезекті методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысы институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Әбжанов кіріспе сөзімен басталды.

Методологиялық семинар 10 томдық 20 кітаптан тұратын «Отан тарихы» атты ұжымдық еңбектің мәселелеріне арналды. Нақтылы айтқанда 13, 14 және 20 кітаптардың орындалу барысы. Сөйлегендер: т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов, т.ғ.д., профессор Ж.Б Абылхожин., т.ғ.д., профессор Қ.А. Сутеева, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева, т.ғ.д. Қ.Ш. Алимгазинов.

Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Ж.Б. Абылхожин «ХХ ғасырдағы отандық тарихтың методологиялық мәселелері» тақырыбындағы баяндамасында 13-14 кітаптардың қолжазбаларына тоқталды. Баяндамашы аталмыш томдардың методологиялық мәселелеріне, деректік және тарихнамалық сұрақтарына, жалпы жұмыстың құрылымына, оның орындалу барысына тоқталып өтті. Сондай-ақ пікір алысу барысында, институт директоры, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов еңбектердің академиялық басылым болуы керектігін және жұмыс көлемдерінің бекітілген талапқа сай орындалып, аяқталу мерзімін жете қадағалауды баса айтты.

«Қазақстан тарихының деректері» атты 20 кітаптың жоспары, құрылымы, мазмұны, авторлар құрамы туралы Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева «Қазақстан тарихының деректемелері»  тақырыбында баяндап өтті. Еңбектің деректану ғылымының нақтылы үдерістері мен өзіндік сипатты ерекшеліктері ескеріле отырып орындалуы тиістілігіне назар аударды. Еңбектің қолжазбасын талқылауға арнайы шақырылған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, т.ғ.д. Қ.А. Сүтеева жұмыстың ғылыми және қолданбалық маңызы мен өзектілігін көтеріп, сондай-ақ өз ұсыныстары мен ескертпелерін назарға салды. Т.ғ.д. Қ.Ш. Алимгазинов «Отандық деректану ғылымы тәуелсіздік жылдарында» баяндамасында 20 кітаптың методологиялық мәселелерін деректанулық тұрғыдан қарастырудың маңыздылығына көңіл бөлді. Көп томдықтың жекелеген томдарында әр кезеңге байланысты деректіктеме қоры мен тарихнамалық сұрақтар қамтылатыны, ал 20 кітаптың тікелей тәуелсіздіктен бергі кезеңдегі отандық деректану ғылымының даму көрсеткіші сипатындағы ізденіс екендігіне мән бергізді.

Методологиялық семинар соңына қарай т.ғ.к. Ә. Дәулетхан, т.ғ.д. Ксенжик Г.Н. т.б. мамандар тақырып аясында ой-пікірлерін ұсынса, басқа да семинарға қатысқан ғалымдар өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, авторлармен барынша шығармашылық байланыс орнату, еңбектердің бекітілген көлемі мен сапасына қатысты сын-ескертпелермен жұмыс жүргізу, сараптамалық талдауларды ұдайы жүргізу.