Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар өтті


2015 жылы 7 сәуір күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кезекті методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысы институт директорының орынбасары, т.ғ.д., С.О. Смағұлованың кіріспе сөзімен ашылды.

Методологиялық семинар  10 томдық 20 кітаптан тұратын «Отан тарихы» атты ұжымдық еңбектің мәселелеріне арналды. Нақтылы айтқанда 17 және 19 кітаптарда орындалу барысы. Сөйлегендер: т.ғ.д. С.О. Смағұлова, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев., т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева, т.ғ.д. А.И. Құдайбергенова, т.ғ.д. С.А. Жәкішева,  т.ғ.д., профессор Б.О. Жангуттин, ф.ғ.к. Г. Омарова.

Халықтану және тарихи тұлғатану бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы А.И. Құдайбергенова «Шетел қазақтары және олардың Отанына қайта оралуы» тақырыбындағы баяндамасында 17 кітап бойынша тоқталып өтті. Еңбекте ХVІІІ ғ. ортасынан бастап қазіргі күнге дейінгі көші-қон тауқыметін басынан өткізген қазақ халқының шетелдегі қауымының қалыптасуы, кеңес дәуірі мен тәуелсіздік алғаннан кейін ата-мекеніне оралуы және қазіргі даму тарихы сарапталынады. Баяндамашы жалпы жұмыстың құрылымына, оның орындалу барысына, сонымен қатар кітапты жазуға тартылған авторларға, аталмыш томның методологиялық мәселелеріне тоқталып өтті.

Институт директорының орынбасары, т.ғ.к., Н.Ә. Атығаев, том бойынша түскен пікірлердің бәрі жақсы болғандығына тоқталып өтіп, өзінің ұсыныстары мен ойларын айтты.

Осы томды талқылауға арнайы шақырылған сарапшы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, т.ғ.д. Б.О. Жангуттин том бойынша үлкен жұмыс атқарылғанын, сонымен қатар еңбекті жазу барысында терминология мәселесіне көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Келесі сарапшы Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік гуманитарлық институттың ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Г. Омарова жалпы мәселенің өзектілігін көрсетіп, әр тарауға қысқаша тоқталып кетті. Сарапшы еңбекті жазу барысында тарихи құбылыстарды баяндау мен тарихи фактілерді ашып көрсетумен шектелмей, тарихи үдерістердің объективті және субъективтілік тұрғыда, әділетті бағасын беру қажет. Мәселені осы тұрғыда талдау тарихи сананы қалыптастырады деген ойымен қортындылайды.

Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали том бойынша тұжырымдама болу керектігін, тақырыпқа байланысты мамандар тартылу қажеттігін айтады.

Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы С.А. Жәкішева «Қазақстан тарихын зерттеу методологиясы және тарихнамасы» атты тақырыбындағы баяндамасында көптомдықтың 19 кітабын талқылады. Ол бойынша негізінен жылдың соңындағы талқылауда айтылған сын-ескертпелерді негізге алып, жұмыстың жүргізілу барысына тоқталып өтеді.

Методологиялық семинар соңына қарай қатысқан басқа да ғалымдар  өз ұсыныстарын білдірді.