Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ҰЛЫ СОҒЫС, ҰЛЫ ЕРЛІК, ҰЛЫ ЖЕҢІС» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті


2015 жылы 5 мамырда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұлы соғыс, ұлы ерлік, ұлы жеңіс» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция жұмысы Институт директоры т.ғ.д., профессор ҚР ҰҒА корр-мүшесі Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, соғыс ардагері Н.Е. Едігеновты марапаттаумен басталды. Институттың және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай арнайы ардагердің «Участие казахстанцев в партизанском движении в Белоруссии в годы Великой Отечественной войны» атты Белоруссиядағы партизан қозғалысына арналған кітабын қайта басып шығарып, авторға тарту етті. Соғыс және еңбек ардагері өз естеліктерімен бөлісіп, ұжымды кітапты қайта басып шығарғаны үшін ризашылығын білдірді.

Институт директоры Əбжанов Х.М. «Интеллектуальный вклад Казахстана в Великую Победу» тақырыбында, Бас гылыми қызметкер, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов «Казахстанцы на фронтах войны: поиски и проблемы» атты баяндамаларын соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың үлесі мәселеріне арнады.

Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және шет тілдер университетінің доценті, т.ғ.к. Әзербаев С.Г. РФ КП атынан «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» медалін Н.Е. Едігеновке табыстап, «Ялта конференциясының 70 жылдығы: тарих және қазіргі кезең» тақырыбында баяндама жасады.

Институттың аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Асанова С.Ә. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы үгіт-насихат жұмыстары жайында тоқталды.

«Ерлігі еленбегендер: Ақмолада жасақталған 106-шы ұлттық атты дивизия туралы» баяндама жасаған институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Құдайбергенова А.И. Ақмола қаласында 1941 ж. жасақталған 106-шы ұлттық атты әскер дивизиясының 1942 ж. Харьков қаласы түбіндегі ерлігі туралы айтты. Осы 106-шы ұлттық атты әскер дивизиясының құрамында есімдері «сатқын» деген топқа енгізіліп, ерлігі еленбей келген жауынгерлерді ақтайтын кез келгендігі жайлы да баян етті.

Институттың жыл басында республика өңірлеріне Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай «Қазақстан Кеңес Одағының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңінде» жобасы бойынша қазақстандықтардың соғысқа қатысуы мен тылдағы жеңіске қосқан үлесін анықтау мақсатында әр облыстан құжаттық және ауызша материалдар жинақтау үшін институттың арнайы ұйымдастырған экспедициясы барысында жинақталған материалдар негізінде баяндама жасаған институт қызметкерлері, т.ғ.к. Өскембаева Г. Ж. Төленова З.М., Орынбаева Г.Ү., Кожаханова К.К., РҺО докторант Жүнісбаев А.Ә., кіші ғылыми қызметкер Қонқабаева А. (Алматы, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Көкшетау облыстары бойынша) тың зерттеуді қажет ететін мұрағаттық және сұхбаттық мәліметтермен таныстырды.

Конференция жұмысына қатынасқан Орталық мемлекеттік Ғылыми-техникалық құжаттану мұрағатының директоры Г.С. Сарсенова мен т.ғ.к. Е.М. Грибанованың баяндамасында 1941-1945 жж. Қазақстанның медициналық ғылыми-зерттеу институттарының күнделікті өмірдегі қиыншылықтары ресми құжаттар бойынша баяндалды.

ҚР Президенті мұрағатының құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы Əбдуəли Раушан өз баяндамасында ҚР Президенті мұрағатының «Екінші дүниежүзілік соғысының қазақстандық əскери тұтқындары: əдебиеттер, деректер жəне ақпараттық базасы» жобасы туралы мәлімет берді.

Конференция жұмысына қатысып, баяндама жасаған Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің студенттері Ұ.М. Лесбекова, А.Жолшы, Г. Баятова қазіргі таңда жастардың Ұлы Отан соғысы мәселелеріне қызығушылық білдіретінін айтты.

Ғалымдар, мұрағат қызметкерлері, студенттер қатынасқан конференция жұмысы соңында қарар қабылданып, соғыс ардагерлерін  әрқашан ұлықтай отырып, қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесінің зор екендігі әрқашан ұмытылмайтыдығы айтылды.