Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Pеспубликалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті


Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Әділет» тарихи-ағарту қоғамымен бірлесе ұйымдастырған Иса Тергеусізовке арналған «Жетісудағы алаш қозғалысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференция Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессоры Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессор М.Қ. Қойгелдиевтің «Жетісудағы азаттық қозғалыс: міндеттер мен тұлғалар» атты баяндамасымен жалғасты.

Саяси ғылымдарының докторы, ХАТУ профессоры Д.Б. Қыдырбекұлының «Иса Тергеусизов: феномен Алаш-Орды Жетысу» тақырыбындағы баяндамасы Жетісудағы Алашорда қызметі мен тұлғаларына, оның ішінде Иса Тергеусізовтің өмірі мен қызметіне арналды.

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Е.Е. Тілешовтің баяндамасы Жетісудағы Алаш қозғалысы тарихына арналды.

Музыкатанушы, өнертану ғылымдарының магистріҚуат Бағысбек «Иса Тергеусізұлы – Жетісу әншілік музыка мектебінің өкілі» атты баяндамасындақайраткердің халық жадында – ақын, композитор, Алаш қозғалымының қайраткері, ағартушы, тілмаш, Иса төре деп қалғандығын айта келе, Исаның шығармашылығына, оның білімділігі, сауаттылығы және қайраткердің Еуропа мәдениетімен жақсы таныс болғандығын баян етті.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова Алаш қозғалысы және Иса Тергеусізов өміріне тоқталса, Алаш идеясының жасампаздығы және өміршеңдігіне «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқарма мүшесі, т.ғ.к. Қойшыбай Бейбіттің баяндамасы арналды.

«Алаш қозғалысы: ұлттық оянудағы кемелділік» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Тарихнама, деректану және заманауи методология» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева ұлттық сана мен ұлттық мүддені ту еткен алаш қайраткерлері идеясының өміршеңдігіне тоқталды.

“Манас” қырғыз-түрік университеті Түркі өркениетін зерттеу институты директорының орынбасары Д.Б. Сапаралиев «Алаш» в Кыргызстане» атты баяндамасы Қырғызстандағы «Алаш» қозғалысы және оның жетісулықтармен байланысын талдады.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, т.ғ.к., доцент Ш.Б. Тілеубаевтың баяндамасының негізгі өзегі 1916-1920 жж. қазақ және қырғыз зиялыларының жетісулық босқындарды қайтару қызметіне арналды.

Алматы технологиялық университетінің Технология-экономикалық колледжінің жоғары санатты қоғамдық-гуманитарлық пәндер оқытушысы А.Ә. Байғазиева Иса Тергеусізовтің тарихи тұлғалық бейнесіне тоқталса, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, АҒҚ Р.Е. Оразовтың баяндамасы Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың Жетісу тарихындағы орны мен рөліне арналды.

Сондай-ақ алаш қайраткерлерінің және Иса Тергеусізовтің ұрпақтары да сөз алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, алдағы жылдары жалпы Алаш қозғалысының 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде өткізу жөнінде ұсыныстар айтып, өз ойларын білдірді.

Конференция соңында көтерілген мәселелер бойынша қарар қабылданды.