Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбек дүниеден озды


Отандық тарих ғылымы ауыр қайғыға ұшырады. 2015 жылдың 20 мамырында 87 жасқа қараған шағында Қазақстанның көрнекті ғалымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбек дүниеден озды.

М.Х. Асылбек 1928 жылғы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Шардара селосында дүниеге келген.1945 жылы орта мектепті, ал 1948 жылы Шымкенттегі мұғалімдер институтын үздік бітіріп, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін де үздік дипломмен тәмамдады. 1958 жылдан Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қызмет жолын бастап, кіші ғылыми қызметкерден Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі – академик дәрежесіне дейін жетті. Академик М.Х. Асылбектің ұлттық тарих ғылымы дамуына қосқан үлесі отандық және шетелдерде де жоғары бағаланды. Академик М.Х. Асылбек өзінің ғылыми мектебін құрып, жоғары білікті ғылыми мамандарды даярлауда да айрықша қолтаңбасын қалдырды. Академиктің жетекшілігімен 12 ғылым докторы, 50 ғылым кандидаты дайындалды.

Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих факультетінің профессоры ретінде тарихшы студенттерді тәрбиелеуде де жемісті еңбек етті.

Академик М.Х. Асылбек Қазақстандағы тарихи демография ғылымы мектебінің негізін қалаушы. Қамқор әке, ұлағатты ұстаз бола білген ғалымның отбасы, ұрпақтары мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Әйгілі ғалымның есімі жадымызда мәңгіге сақталады.

Ғылыми қауым 2015 ж. 22 мамыр күні академикті мәңгілік сапарға шығарып салды.