Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар


2015 жылы 26 мамыр күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Тәуелсіздік заманындағы қазақ ауылы: этносоциологиялық зерттеулердің әдістемесі» атты кезекті методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысында модератор міндетін атқарған Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаеваның кіріспе сөзімен ашылды.

Баяндамашы Этнология және антропология бөлімінің АҒҚ, т.ғ.к. А.Т. Абдулина тақырып бойынша келесі мәселелерді қарастырды:

1. Этносоциологияның пайда болу тарихы.

2. Этносоциологиялық зерттеулердің әдісі мен инструментариі.

3. Сауалнаманы ұйымдастыру.

Кіріспеде т.ғ.к. А.Т. Абдулина «этносоциология» түсінігіне тоқталып, ол  әлеуметтік топтардағы әр түрлі этникалық орта мен этникалық үдерістердегі әлеуметтік үрдістер мен құбылыстарды зерттейтін ғылыми бағыт деп көрсетеді. Баяндамашы «этносоциология» түсінігінің алыс шетелде атап айтар болсақ, АҚШ пен Батыс Еуропада (әсіресе Германияда) қатар пайда болғандығына, осы терминнің негізгі қалаушыларының бірі Р. Турнвальдтың қосқан үлесіне тоқталып кеткен.

Баяндамашы кеңестік кезеңдегі этнолог, ғалым Ю.В. Бромлей мен оның И.С. Кон, О.И. Шкаратан, Ю.В. Арутюнян сияқты жинаған әлеуметтанушылар тобының осы сала бойынша жұмыстары мен этносоциологиялық зерттеулеріне тоқталып, сонымен қатар Қазақ КСР-да 1970-1980 жж. аяғында жарық көрген жұмыстар мен монографиялар жайлы жеткілікті баяндап берді.

Келесі баяндамашы Этнология және антропология бөлімінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының магистрі Д.Ж. Жайлыбаев соңғы жылдардағы этносоциологиялық зерттеулердің нәтижесін айтып, оны екі типке бөліп қарастырады. Мысалы, бірінші ауылдардың жалпылық ұқсастықтары, екіншісі жекелік ерекшеліктері. Бірінші типке жататын жалпылық ұқсастықтар мемлекет тарапынан жасалып жатқан жобалар және арнайы бағдарламалар аясында дамып келе жатқан ауылдар екеніне, ал екінші типке еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай ауылдар жатады деп, олардың табиғи-территориялық және этноәлеуметтік ерекшеліктерінің сақталып отырғандығына назар аударды. Зерттеушілер этносоциологияның этнология ғылымындағы зор маңызына және даму перспективасына көңіл бөлудің қажетігін атап өтті.

Семинарға қатысушылар методологиялық семинар соңында сауалдар қойып, өз ойларымен бөлісті.