Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Г. Ж. Өскембаева – Қазақстан Кеңестік конституциялар аясында


1995 жылы тәуелсіз Қазақстанның негізін бекіткен бүкілхалықтық референдумда талқыланып, Ата заңымыз қабылданғаны бәрімізге белгілі. Осы Конституцияның негізінде 200-ден астам заң қабылданған. Бүгінде біз құқықтық әлемде, құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық,  зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – делінген [1].

Қазіргі таңда өркениетті мемлекеттердің барлығында дерлік негізгі заң – Конституциялар қабылданған. Қандай ел болмасын өзінің басты қағидаларын, мемлекеттік басқару нысаны, адам мен азаматтың құқықтық жағдайын, мемлекеттік органдардың мәртебесін бірінші кезекте Конституцияда бекітеді. Конституция ең бастысы елдегі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады. Ал адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау әр мемлекеттің ең басты міндеті болып саналады.

Қазақстан да өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін осы мәселеге қатысты біраз маңызды реформалар жүргізді. Бірақ алдымен сәл кейінірекке тарихқа көз жүгіртсек… Кеңес Одағының құрамында болған кезеңде қабылданған конституциялар мен тәуелсіз Қазақстан Конституциясының айырмашылығы, ерекшеліктері мен артықшылықтарына куә болып отырмыз.

«Конституция» – латыншадан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы.

Қазақ құқығының  тарихы бастауында үш заң ескерткіші бар, олар «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті Жарғысы».

Ұлы Абайдың «Ғақлияларының» үшінші сөзінде билік жасау үшін бұрынғының «Қасым ханның қасқа жолын», Әз тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек деуі Тәуке бастаған көреген бабаларымыздың реформаторлық қасиеттерін бағалағаны деп тануымыз керек.

Қазақстан тарихындағы алғашқы жазылған ресми конституция КСРО құрылғаннан кейін қабылданды.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1918 ж. 4-10 шілдедегі Кеңестердің 5-Бүкілресейлік съезінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1919 ж. наурызда мемлекеттік билік басындағы Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясының РК(б)П жаңа бағдарламасы қабылданып, елде социализм орнату жолдары белгіленді.

1920 жылдың 26 тамызында Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі В.И. Ленин мен М.И. Калининнің қол қоюымен «Қырғыздың (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылданып, оның бірінші тарауында Қазақтың Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы РКФСР-дің құрамды бөлігі болып жарияланатыны айтылды.

Қазақ АКСР Кеңестерінің ІV съезінде Қазақстанның бірінші Конституциясының жобасы талқыланып, құпталған болатын. Қазақ Орталық Атқару Комитеті 1926 жылдың ақпанында Қазақ АКСР Конституциясын қабылдау туралы қаулы шығарды. Ресей Федерациясының Конституциясы бойынша автономиялық республикалардың конституциялары Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті бекіткеннен кейін ғана заңды күшіне енетін. Қазақ АКСР Конституциясы заңды түрде жоқ сияқты болды, бірақ та Конституцияның нормалары феодализмнен социализмге өтудегі өтпелі кезеңнің міндеттеріне сай еді [2].

Жалпы сол кездегі кеңес өкіметінің алдында адам құқықтарынан басқа басымдықтар мен міндеттер тұрғандықтан Конституцияда әлеуметтік құқықтарға онша көңіл аударылмады. Онда тек – жан-жақты және тегін білім алу (5(е); еңбек ету міндеті (5(д); денсаулық сақтау (5(ж); еңбекті қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру[3] құқықтары жарияланды. Бұл Конституция Қазақстанның басқару нысаны, мемлекеттік құрылымын т.б. бекітіп берді.

1937 ж. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл конституция бойынша Қазақстан одақ құрамындағы тәуелсіздігін сақтай отырып, тек сөз жүзінде ғана мемлекеттік билікті өзі жүргізетін мемлекет ретінде бекітті. Бұл Конституцияда біраз маңызды мәселелер қамтылды.

Қазақстанның заң жүзінде «Қазақстан» атанғанына бір ғасырдай уақыт болды. 1920 жылы 26 тамызда РКФСР құрамында Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасы құрылды. Бірақ соған қарамай Қазақстанның Автономиялы Конституциясы бекітілмеді. Кеңес үкіметі заңы бойынша, Федерацияның орталық органы Конституцияны бекітуі керек еді. Сондықтан 1920 жылдан 1937 жылға дейін Қазақстанда Конституция болған жоқ деуге негіз бар. 1936 жылы КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданды да, ол Конституцияның негізінде Қазақстан Автономиясы субект дәрежесіне көтеріліп, Одақтас Республикаға айналды. Ал одақтас Республиканың Конституциясыз болуы мүмкін емес-ті. Содан, Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Өз кезегінде бұл Конституция 1978 жылға дейін қолданыста болды. Өйткені, сол жылы КСРО-ның үшінші Конституциясы қабылданды.

1936 жылы қабылданған КСРО конституциясының 13 бабына сәйкес Қазақ КСР-ы одақтас республика статусына ие болды. Осыған байланысты 1936 жылғы маусым айында республика Орталық Атқару Комитетінің президиумы Қазақ КСР Конституциясының жобасын дайындау үшін комиссия құрды. 1937 жылдың ақпан айында Қазақстан ОАК-нің президиумы жобаны мақұлдап, республика кеңестерінің төтенше Х съезінің талқылауына ұсынды.

1937 жылдың 9 ақпанында «Социалды Қазақстан» газетінде Қазақ КСР кеңестерінің Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұ. Құлымбетов, Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің хатшысы Т. Жұмабаевтың қатысуымен өткен Х бүкілқазақтық съезінің қарауына беру үшін Қазақ КСР орталық Атқару Комитеті президиумының  Қазақ КСР Конституциясы туралы қаулысы бойынша Қазақтың кеңестік социалистік республикасының конституциясы (негізгі заңы) жобасының мәтіні жарияланды.

1937 жылдың 21-26 наурыз аралығында өткен Кеңестердің Х бүкілқазақтық съезінде, заңды түрде Қазақ КСР-нің нағыз бірінші Конституциясы қабылданды. Алайда, бұл құжатты КСРО-ның 1936 жылғы қабылданған Конституциясының көшірмесі деп айтуға болады.

Кеңес одағының құрамында болған республикалардың конституциялары мазмұны жағынан ғана емес, құрылымы жағынан да ұқсас болды. Барлық конституциялар қоғамдық құрылыс тарауымен ашылды.  Барлығында республика Кеңес Одағына өз еркімен біріккендігі, солай бола тұра өз егемендігін, құқығын сақтап қалғандығы туралы айтылды. Сонымен қатар онда КСРО Конституциясының баптары, оның ішінде республиканың территориясы өз келісімі арқылы ғана өзгертілетіні, одақтас республикалардың Кеңестер Одағы құрамынан өз еркімен шығуға құқылы екендігі, КСРО заңдарының әр республикаға міндеттілігі, одақтың барлық тұрғындарының бір азаматтылығы туралы баптарын қайталайды.  Оның үстіне одақтас республикалардың барлық конституциялары біркелкі болмауы үшін, әр республиканың өзіне тән  ұлтық элементтер кіргізілді. Оның ішінде Қазақ КСР конституциясында социалистік шаруашылық жүйесі капиталистік қана емес, феодалдық жүйені жою арқылы бекігені атап көрсетілді. (4-бап). Одан басқа әйел теңсіздігі туралы бапта «кәмелетке толмаған қыздарды тұрмысқа беру, қалың мал, көп әйел алушылық, әмеңгерлік, әйелдердің білім алуына қарсылық көрсету сияқты нәрселер заң жүзінде іске тартылады» деп атап көрсетілді. (123-б.). Жалпы алғанда Қазақ КСР конституциясы одақтас республикалардың мемлекеттік тәуелсіздігінің іске асуына ешқандай мүмкіншілік жоқтығын және елде қатаң түрде  орталықтандырылған биліктің орнауын нығайта түскеніне көз жеткізіп отыр.

Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съезінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 125 баптан тұрды.

Онда І-тарау – Қоғамдық құрылыс, П-т.- мемлекет құрылысы, Ш-т.: ҚазССР-ның мемлекеттік өкімет билігінің жоғары орындары, ІУ т.- ҚКСР мемлекет басқару орындары, У-т.- Мемлекеттік өкімет билігінің жергілікті орындары, УІ-т.- ҚазССР-ның бюджеті, УП-т.- Сот және прокуратура; УШ-т. – Азаматтардың негізгі праволары мен міндеттері; ІХ-т.- Сайлау системасы; Х-т. – Герб, мемлекет туы, астана; ХІ-т. Конституцияны өзгерту тәртібі.

Қазақ КСР Конституциясында «КСРО Конституциясының 14-бабының шегінен тыс Қазақ КСР-і өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асырады», – деп жазылған. 1937 жылғы Конституцияда сондай-ақ экономикалық, саяси қорғаныс,  басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген, сондай-ақ жоғарғы республикалық және  жергілікті өкімет органдарының, заңнамалардың орындалуын бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу т.б. мәселелер қарастырылған.

Конституция мынадай әлеуметтік құқықтарды бекітеді: азаматтардың еңбек етуге, яғни еңбегінің көлемі мен сапасына лайық ақысы бар кепілденген жұмыс алу құқығы (96-б.); тынығу құқығы (97-б.); қартайғанда және ауырып не жұмысқа жарамай қалғанда жәрдем алып қамтамасыз етілу құқығы (98-б.); білім алу құқығы (99-б.)[4].

1938 жылдың 24 маусымы күні алғаш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сайланды.  Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы (Қазақ КСР-і) мемлекеттік биліктің бір палаталы ең жоғары органы болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың қарауына жатқызылған барлық мәселелерді шешуге құқылы болып, әрі оған республика аумағында жоғары заң шығарушы орган ретінде заң шығарудың бүкіл өкілдік билігі жүктелді. Оның құзырына Қазақ КСР Конституциясын, шаруашылық құрылыстағы, экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірдегі алуан түрлі мәселелер бойынша заң қабылдау және өзгерту, сондай-ақ құқықтық-нормативтік сипаты бар заңдық құжаттарды, үкімет құрамына және Конституцияға өзгерістер енгізетін барлық жарлықтарды ресми түрде бекіту өкілеттігі берілді. Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-нің экономикалық және әлеуметтік дамуы жөніндегі мемлекеттік жоспарларын, мемлекеттік бюджетін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітті.

Социалистік типтегі Қазақстанның соңғы Конституциясы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясында 1978 ж. 20 сәуірде қабылданды. 1977 жылы қабылданған КСРО конституциясы 174 баптан тұрса, Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды. Өкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылау орнатты. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық  және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды.

1978 жылғы Конституцияда республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық  құрылысы, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзыреті, сайлау жүйесінің принциптері, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, экономикалық және әлеуметтік даму мемлекеттік жоспары институттары, мемлекеттік бюджет, сот тәртібі, төрелік соты, прокурорлық қадағалау және т.б. мәселелер қамтылды.

Бұл құжат та КСРО-ның 1977 ж. Қабылданған Конституциясының ережелерін жаңғырта қайталайды. Салыстырып қарастырсақ, мынадай қайталауларды байқауға болады.

Мысалы П-тарау 17-бапта «СССР заңдары Қазақ ССР территориясында қолданылуы міндетті» – деп жазылса,

18-бапта: «Қазақ ССР-ның әрбір азаматы СССР-дың азаматы болып табылады».

ІУ-т. 39-бапта: «Қазақ ССР мемлекеттік өкімет билігінің іс атқаратын және тәртіптейтін жоғары орны – оның Халық комиссарлар советі».

41-бапта: «Қазақ ССР Халық комиссарлар советі, СССР мен Қазақ ССР-нің заңдарына, СССР-дің Халық комиссарлар советінің қаулылары мен жарлықтарына сүйеніп, соларды орындау үшін қаулылар мен жарлықтар шығарады және солардың орындалуын тексеріп отырады».

КСРО конституциясы 174 баптан тұрса, Қазақ КСР конституциясы 173 баптан тұрды. Сондай-ақ, Қазақ КСР-і конституциясының 130-ға жуық баптары «КСРО», «Кеңес одағы», «Қазақстан КСР-і», «Қазақстан» деген сөздермен алмаса келе, сөзбе-сөз КСРО конституциясын қайталайды.  Тек КСРО Конституциясының тарауларының орнына өз алдына 16-шы тарау «Қазақ КСР-нің экономикалық және әлеуметтік мемлекеттік жоспары» және 17-ші «Қазақ КСР-нің м емлекеттік бюджеті» тараулары ғана ерекшеленді.  Ал Қазақ КСР-і Конституциясын дайындаған кезде ұлттық ерекшелікті сипаттайтын ерекшеліктер байқалмады. Осыған қарамастан Қазақ КСР-і Конституциясының 68 бабына және КСРО Конституциясының 76 бабына  сәйкес Казақ КСР-ы «егеменді мемлекет» болып» аталып келді.

Дегенмен Қазақ КСР-нің 1937 ж. Конституциясымен салыстырғанда көптеген құқықтардың мазмұнының кеңейіп, жаңа әлеуметтік құқықтардың бекітілуімен қатар сапалық өзгерістің болғанын да аңғаруға болады. Мәселен еңбек ету құқығы тек кепілді жұмыс алу құқығын ғана емес, сонымен қатар қабілетіне, біліміне, кәсіптік даярлығына сәйкес мамандықты, кәсіп түрі мен жұмыс түрін таңдап алу құқығын да қамтыды. Сонымен бірге әлеуметтік құқықтардың қатары денсаулығын сақтау (40 б.) және тұрғын үй алу құқықтарымен (42 б.) толықтырылды.

Жалпы Кеңес өкіметінің өмір сүрген алғашқы жылдарынан бастап әлеуметтік құқықтардың бекітілуі мен дамытылуына ерекше көңіл бөлініп, тіптен алдыңғы қатарлы мемлекеттердің әлеуметтік кепілдерінің жүйесінен басым түскен болатын. Бірақта шынтуайтына келгенде, кеңестік Конституцияларда жарияланған әлеуметтік құқықтар сыртқы пішіні бойынша ғана Халықаралық құқық нормаларына сай болып, ішкі мәні мен мазмұны, қоғамдағы рөлі мен тудырған салдары әртүрлі болды. Нақтырақ тоқталатын болсақ, ең алдымен кеңестік конституцияларда жеке меншік құқығы танылмады. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында мемлекетті монополистке айналдырып, адамдарда тоғышарлық сананы қалыптастырды. Екіншіден, әлеуметтік құқықтар күрделі, жартылай жасырын және соттық қорғауға алынбаған жеңілдіктер мен артықшылықтар жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Тіптен, кеңестік дәуірдегі заң әдебиеттерінде негізгі әлеуметтік құқықтардың сот арқылы қорғалу мәселесі мүлдем қарастырылмаған болатын.

Сол кездегі мемлекеттігіміздің бір белгісі гимннің мәтінін еске түсірер болсақ,

«Біз қазақ ежелден еркіндік ансаған, Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан. Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда, Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң.

Қайырмасы:

Жасасын Советтер Одағы,
Жеткізген еркіндік, теңдікке,
Бастайтын елдерді бірлікке,
Жеңіске, шаттыққа, ерлікке!

Дақ салмай Лениннің жеңімпаз салтына, Ұрпағы қосты даңқ Отанның даңқына, Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры, Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына.

Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел, Достықпен, бірлікпен жайнайды туған жер. Еңбекте, майданда, жеткізген жеңіске, Данышпан партия – сүйікті кемеңгер» – деп, Кеңестер одағын мадақтап, партияға алғыс айтумен өткен екенбіз:

Еліміз егемендік алып, еңсесін көтерген Қазақстан халқы 1995 жылдың 30 тамызындағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата Заңмен өмір сүріп келеді. Республикамыздағы әрбір іс-әрекеттер осы Бас құжат баптарына сәйкестендіріліп отырады десек артық айтпағанымыз. Өйткені, Ата Заң біздің бүгініміз бен ертеңімізді айқындап отыратын меже болы, ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарауымыздың негізі болып отыр.

Қазақстанның жеткен жетістігі де, тәуелсіз мемлекет іргесінің нығаюы да – Елбасының жеңісі. Көп этносты Қазақстан халқын татулыққа үндеп, саяси тұрақтылықтың сақталуына ықпал еткен Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қалыптастырудағы тәжірибесі өзге елдерге де өнеге болып отыр. Халқымызда «Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады» деген даналық нақыл бар. Елдің бірлігі мен татулығы артқан сайын жемісті жеңістеріміз молая түсуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезеңде оның алдына қойылған міндеттер бүгінгі таңда тұтастай алғанда орындалды. Елде күллі этностардың теңдігі, олардың тілдері мен мәдениетін қайта түлету мен дамыту қамтамасыз етілді. Қазақстанда тұратын барлық этностар әрекет етуші Конституция негізінде білім алып, еңбек етіп, үлкен табыстарға қол жеткізуге, ана тілін, мәдениетін, дәстүрлерін өркендетуге, тұрғын үй алуға және өз меншігін қорғауға тең дәрежеде құқылы. Қазақстан Республикасы Конституциясында жазылған адам және азамат құқығын қорғау туралы бұл іргелі Ережелер Қазақстанның этностық және оның нақты өкілінің шынайы әлеуметтік көрсеткішінде жүзеге аса отырып, бұдан ары да өмірде орындала береді.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Мәңгілік ел құру және «Ұлт жоспары- 100 нақты қадам Елбасының «5 халықтық реформасын» іске асыру жолында жұмыла еңбек етуде. «100 нақты қадам» мемлекетті және қоғамды жетілдірудің, ұлттық заңнаманы жаңартудың тарихи талаптарына, ел азаматтарының мүдделеріне толықтай жауап береді.

1 Қазақстан Республикасының Ата Заңы. – Алматы.  -1998. 6-бет. 3-бап, 2,3 тармағы.

2 Сапарғалиев Ғ. Қазақстанның Конституциясы: кеше, бүгін // Заң және заман.

3 Осы құқықтарға қатысты Конституция баптарында РКФСР заңдарына сілтеме жасалады. Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері, конституциялық актілер. – Алматы, 1997. – 250 б.

4 Котов А.К. Суверенный Казахстан: гражданин, нация, народ. – Алматы, 1996. – с.75.

Гүлнұр Жексеғұлқызы Өскембаева

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент