Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚР Ата Заңы – елдің арқауы


Биылғы жылдың еліміз үшін тарихи маңызы зор. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуіміз аса қажет және осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды»! деген еді.

Еліміздің елдігі мен бірлігін, тұтастығының нығаюы, экономикамыздың дамып, алға басуы осы 20 жыл толып отырған Ата Заңымызды халқымыздың ынтымақтаса жүзеге асыруынан деуге болады. Тарихта қазақ елінің тұңғыш заңдар жүйесінің негізін қалаған ол ХV-ХVІІІ ғасырлар кезіндегі қазақ хандарының есімдерімен байланысты. Елдегі тыныштық пен тәртіпті реттеу мақсатында қазақ хандары құқықтар нормалар жүйесін белгілі бір ретке келтіріп, оны дамытуда зор үлес қосқан. Тарихта белгілі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» өзгелермен терезесі тең іргелі мемлекетке айналуымызға негіз болғаны шындық. Сол замандағы ұлттың әдет-ғұрыптары мен дәстүрін есепке ала отырып, уақыт талабына сай жазылған заңдар жинағы ұзақ уақыт қазақ елі екендігімізді көрсете білді. Сол кездегі заңдар мен қазіргі заңдардың арасында өзгешеліктері болғанымен де басты мақсаты елдегі татуластық пен тәртіпті әділетті түрде шешіп отыруы мен азаматтардың бостандықтарын қорғауы, елдің бейбітшілікте өмір сүруі болып табылды.

Еліміз тәуелсіз мемлекет болғанға дейін бірнеше рет Конституциялар қабылданып, кеңестік жүйе тұсында тұғырымыз биік, бірлігі жарасқан, тірлігі қарқынды ұлт екеніміздіи көрсетті. Достығымыз жарасқан көпұлтты мемлекеттердің бірі бола отырып, дамудың даңғыл жолына бет бұрды.

Бүгінгі таңда еліміздің басына түскен қиын кезеңдерден алып шығуға Ата Заңымыздың күші кепіл болды. Ата Заңымыздың арқасында рухымыз жоғары, демократиялық құндылықтарымыз сақталған өркениетті мемлекет болып отырмыз. Конституциямыздың басты ұстанымы – адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету. Бұл жайында Н.Ә. Назарбаев «Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды. Ол бізге тәуелсіздік алып келген жеңістеріміздің, біздің тапқан табыстарымыздың бүкіл кешенін баянды етті» деп өте дұрыс әрі орынды айтқан.

Жалпы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев қандай жолдауында болмасын елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда екенін айтып, осы мәселелерді алдыңғы қатарға қоя отырып, жас ұрпақ жадына Отан сүйгіштік пен патриотизмді сіңірудің маңызы зор екендігін айтады.

Мемлекеттің дамуына, еліміздің жағдайын жақсартуда, халқымыздың өсіп-өнуіне біздің Ата Заңымыздың алар орны мен рөлі ерекше. Онда айтарлықтай барлық мәселелер қамтылған, атап айтар болсақ, басқару тәртібі, экономика, сот мәселесі, білім алу, халықтың әлеуметтік жағдайына, жеке азаматтың құқықтары мен міндеттері қатысты және тағыда сол сияқты мәселелер.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2015 жылы 20 мамыр күні жариялаған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бағдарламасында экономика, білім, сот және т.б. мәселелерге тоқталған. Бағдарламаның «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты ІІ бөлімінде осы Ата Заңымызға сәйкес айтылған қадамдары бар. Мысалы, «Заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаттарының сақталуы гүлденген мемлекеттің негізі және экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Бұл судьялық лауазымдарға кандидаттарға қойылар біліктілік талаптарын қатайтуды талап етеді. Жасырып қайтеміз, сот жүйесін жайлаған жөнсіздік әлі толық жойылған жоқ. Ескі кадрлар отыр. Парақорлық та жоқ емес. Халық біледі. Сондықтан бұл салада бізді өте салмақты әрі орасан зор жұмыс күтіп тұр» [1], – деп Елбасымыз айтқан еді. Бұл мемлекетімізде тәртіп бұзушылық пен қылмыстық істерді әділ де шынайы шешудегі сот және сот төрелігінің рөлі жоғары да маңызды екенін көрсетеді.

Жалпы жастар үшін Конституциямыздың орны қандай? деген сұраққа жауап берейік. Қазіргі кездегі демократиялық қоғамдағы жастардың барлығы дерлік өз құқықтары мен міндеттерін біледі. Ол барлық ЖОО-да құқық негіздері атты пәннің енгізіліп, оқытылуының арқасында осындай нәтижеге жетіп отырмыз. Конституциямыздың 30 бабында «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» [2] деп айтылған. Бұл жастарды тәрбиелеуде, олардың интеллектуалдық, мәдени, рухани дамуына мүмкіндіктер берген.

20 жыл ішінде осы Ата Заңымызға сүйене елімізді алға бастырарлық істер атқарылды. Әлем танырлық ірі жобалар жүзеге асырылды. «Мәңгілік ел» аясында да елеулі істер қолға алынып, ел экономикасының қарқындап дамуына барлық жағдайлар жасалуда.

Қазақстан Республикасының Ата Заңы – тұтастық пен теңдіктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен ынтымақтастықтың, келісім мен әділеттіліктің кепілі. Сол себептен Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Ата Заңды құрметтеп, заңдарды орындауы тиіс. Ол біздің басты міндеттеріміздің бірі, ол ертеңгі күн мен жарқын болашаққа деген сенім!

 

1 Заңның үстемдігі — әділдікке сын // http://www.aktobegazeti.kz.

2 Қазақстан Республикасының Конституциясы // http://adilet.zan.kz.

Тарихнама, деректану және
заманауи методология бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері
Конкабаева Арайлым Нурболатовна