Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар


2015 жылы 29 қыркүйек күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кезекті «Сталин кезеңіндегі Қазақстан: «ақтаңдақтар» және мәселелері» атты методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысын модератор, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева кіріспе сөзімен ашты.

Методологиялық семинар 20 томдық «Отан тарихы» атты ұжымдық еңбектің, 13-ші кітабының (1917-1953 жж.) орындалу барысына арналды.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің БҒҚ, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов көптомдық Қазақстан тарихын жазу тәжірибесі    Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтындағы орнықты үрдістігіне тоқталып, ол жайында айтып өтті. Қазақстан тарихын жүйелі түрде толық баспадан шығару ісі өткен кеңестік кезеңде (1947 ж., 1957ж., соның ішінде 1967 жылғы «Қазақ ССР  тарихы социализм дәуірінде» деген атпен сол уақыттың талабымен орындалған еңбектер туралы) тұрақты сипат алған. Ал бұл томда аталған хронологиялық кезеңдегі бұрын тиым салынған немесе біржақты көрсетілген тарихымыздағы «ақтаңдақ» мәселелерді зерттеу тың деректік материалдар негізінде жаңа теориялық-методологиялық ұстанымда қарастырылатын болады. Қазақ халқының тарихи даму үрдісіне мүлдем жат құндылықтар мен экономикалық-шаруашылық қағидаттары және бәрінен бұрын билік етуші саяси-құқықтық жүйенің күшпен таңылуы, оның нәтижелері мен салдарларына барынша баға беріледі. Қазіргі таңда кітап 70-пайыздай орындалған. Авторлар өз зерттеулерін жалғастыруда.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің ЖҒҚ, т.ғ.к. Г.Ж. Өскембаева кеңестік кезеңге арналған, бұрын талқыланған 14 том жайынан да есеп беріп, қысқаша хабарлама жасады.

Модератор, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған еңбектердің тарих ғылымының соңғы жетістіктері мен жаңа теориялық-методологиялық пайымдауларға негізделуінің маңыздылығына назар аударды.

Методологиялық семинар соңына қарай т.ғ.к. С.А. Асанова, т.ғ.к. А.С. Уалтаева, т.б. ғалымдар өз ой-пікірлерімен, ғылыми ұсыныстарын ортаға салды.