Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Халықаралық семинар-практикум болып өтті


13 қазанда Ғылым Ордасында Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты, Халықаралық түркі академиясы мен ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы тарихнама және деректанудың өткені мен бүгінін талдау және айқындау мәселелеріне арналған «Орталық Азиядағы тарихнама мен деректер: өткені, бүгіні және болашағы туралы жаңа зерттеулер» атты Халықаралық семинар-практикум болып өтті.

Қазақ, орыс, түрік, өзбек және татар тілдерінде өткен Халықаралық семинар-практикум жұмысы ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, пленарлық отырыста сөз алған Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Рыза Каған Йылмаз, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті профессор М. Куталмыш, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Н. Шимшек, ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Х.М. Әбжанов ортақ түркі тарихын жазу бойынша ойларын ортаға салды.

Секциялар жұмысында баяндамар жасаған шетелдік ғалымдар – Йедитепе университетінің профессоры, доктор А. Ташағыл, Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің профессоры А. Сеидов, Татарстан Республикасы ҒА Ш. Марджани атындағы Тарих институтының профессоры М.М. Гибатдинов, Стамбул университетінің профессоры Ж. Ераслан, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. Т. Чоротегин, Өзбекстан Республикасы Ортатүрік тілдерін зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д., Муғла Сыртқы Кочман университеті, тарих кафедрасы доктор, доцент Мұстафа Гөкче өз ой-пікірлерімен алмасты.

Ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, магистранттар, докторанттар қатысқан Халықаралық семинар-практикум жұмысы барысында қолданыстағы және жаңадан айқындалған мұрағат деректері негізінде Орталық Азияның тарихы мен тарихнамасының өзекті методологиялық мәселелері және осы саланың алдағы дамуының басым міндеттері қарастырылды. Тарихнамада ретроспективалық талдау нәтижелерінің көрініс табуы, тұтас Орталық Азия тарихын, түркі ұлтының, олардың тілі мен түркі өркениетінің дамуын зерттеудің болашақ міндеттері мен келешегінің қалыптасуына ықпал ететіндігі туралы айтылып, аймақтың әлеуметтік тарихының негізгі мәселелерін зерттеу семинар-практикумда көтерілген маңызды мәселеге айналды. Сонымен қатар, алыс және жақын шетел кітапханалары, мұрағаттары мен мұражайларында жүргізілген іздеу жұмыстарының ғылыми нәтижелері баяндалды. Семинар-практикумның жұмысы барысында саяси үдерістердің Орталық Азия тарихнамасының қалыптасуына ықпалы айқындалып, олардың маңызы мен қазіргі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси құбылыстармен өзара байланысы атап көрсетілді.

Халықаралық семинар-практикум жұмысы барысында Қазақ КСР-ның 1969 жылы Алматыда «Ғылым» баспасынан жарық көрген, (жауапты редакторы тарих ғылымдарының докторы Б. Сүлейменов, құрастырушылар – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының қызметкерлері С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин) «XV-XVIII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ МАТЕРИАЛДАР (ПАРСЫ ЖӘНЕ ТҮРІК ШЫҒАРМАЛАРЫНАН АЛЫНҒАН ДЕРЕКТЕР) жинағының қайта басылып шығарылған нұсқасының тұсаукесері өтті.

Ұсынылған жинақтың деректік негізін XV-XVIII ғғ. тарихты зерттеу аясындағы парсы және түрік тілінен аударылған шығармалар құрайды.

Жинақ материалдары Дешті-Қыпшақ тұрғындарының рулық-тайпалық құрамы жөніндегі өзіндік ерекшелігі бар мәліметтерден, XV-XVIII ғасырлардағы қазақ даласының саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихы, тарихи топографиясы жайлы мағлұматтардан тұрады. Қазақ тарихының бұл кезеңі қазақ халқының бүгінгі таңдағы қазақ атанып тарихи аренаға шығуы жолындағы маңызды кезең болып табылады.

Сондай-ақ, ұйымдастырушы институттардың бірігіп шығарған басқа да кітаптардың тұсау кесері болып өтті.