Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

МАҢҚЫСТАУ МЕН ҮСТІРТ ЕСКЕРТКІШТЕРІ: далалық өркениеттің құндылықтары


ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен 2015 жылы 28 қазан күні тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі С.Е. Әжіғалидің «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» (Алматы: Өнер, 2014. − 504 б.; ескерткіштердің картасы мен көрсеткіші бар Қосымшасымен) 3 тілде жарық көрген кітап-альбомының тұсаукесері өткізілді. ҚР Ұлттық кітапхана ғимаратында өткен жиынға институт ғалымдары, кітапхана қызметкерлері және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Ә. Төлеубаев, А. Қалыш, ҚР Ұлттық мемлекеттік мұражайының қызметкерлерімен қатар республиканың танымал сәулеткерлері мен суретшілері, баспа қызметкерлері қатысты.

Жиынға модератор болған институт Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ. Алдажұманов кітаптың басылу жолы мен ғалым С.Е. Әжіғалидың ғылыми жолын таныстырып өтті. Кітаптың безендірілуі, қосымшасын және аударма жасауға үлес қосқандармен таныстырып өтті.

Алғашқы болып сөз алған «Өнер» баспасының директоры Ә. Көпішев  автордың басылымға үлкен жауапкершілікпен қарап, бірнеше жылдан бері өзара тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқандығына тоқталып, авторға  үлкен алғысын білдірді.

Сөз кезегін алған автор кітаптың мазмұны мен жазылуына тоқталып өтті.

Автор С.Е. Әжіғали – этнолог, археолог және архитектура тарихын зерттеуші: Кітап-альбом – Арал-Каспий өңірінің шалғайдағы қиын аудандарын көп жылдар бойы зерттеудің нәтижесі болып табылады. Маңқыстау және Үстірт жазығы сәулет өнерінің теңдесі жоқ ескерткіштеріне, «қазақ халқының ұлттық мақтанышы және далалық Еуразияның қайталанбас қазынасына» арналған, бай иллюстрацияланған, ғылыми-танымдық, тартулық қорытынды басылым. Іргелі негіздемелік  қағидаттар негізінде дайындалған, өңірдің өзіндік табиғаты, тарихы мен мәдениеті және ең алдымен Маңқыстау мен Үстірттің б.з. II мыңжылдықтағы мемориалды-культтік кешендерінің, көне архитектуралық ескерткіштерінің барлық түрлерінің ерекшеліктері жайлы тартымды баяндайтын 12 бөлімнен тұратын үлкен кітап-альбом. Басылымның арнайы тараулары ескерткіштердің жеке категорияларына – мешіттер, мавзолейлер, сағанатамдар мен төртқұлақтар, стела-құлпытастар, қабіртастар, сандықтастар, сонымен қатар, олардың ақпараттық-сәндік өңдеу мен тас қашау өнеріне арналған. Әрбір бөлім біраз мәтіннен және репрезентативті иллюстрациялық қатардан (барлығы 600-ге жуық сурет) тұрады. Кітапта глоссарий және әдебиет тізімі қоса берілген. Басылымның маңызды бөлігі қосымшасы болып табылады, онда алғаш рет құрастырылған ескерткіштердің толық картасы және көрсеткіші берілген.

Автордың баяндауы бойынша ең қиыны кітаптың қосымшасын карталарды дайындау өте көп уақыт алғандығын, тіпті оны дайындау барысында тағы да 5-6 рет Маңқыстау мен Үстіртті қайта аралап шыққандай болғандығында жасырмады.

Іргелі басылымда көп жылдар бойы (1978 жылдан бастап) түздік зерттеулердің материалдары жинақталып, жүйеге келтірілген және бірегей  тарихи-мәдени құбылыс – «көшпелілер архитектурасының» мәнін ұғыну қорытындысы берілген. Фототіркеу жұмыстарын әр жылдарда автордың өзі, сондай-ақ басқа да фотографтар жүзеге асырған. Басылымның мәтіні бейнелі ұғынықты стильде (үш тілде) баяндалған, кітап-альбом көпшілік қауымға, соның ішінде шетелдіктерге де арналған.

Ғалым сөз соңында басылымның дайындалуы мен шығуына қолдау  көрсеткен Маңғыстау облысы әкімшілігі мен «Өнер» баспасына  алғысын білдірді.

Тұсаукесер барысында «қазақ ескерткіштануы», қазақ диаспорасының тарихы мен мәдениеті мәселелеріне арналған автордың басқа да соңғы жылдарда жарық көрген кейбір басылымдар оқырмандар назарына ұсынылды.

Жиын соңында ғылымдағы саналы ғұмырының 44 жылын далалық экспедицияларға арнап, осындай іргелі еңбек шығарған авторға әріптестері мен сәулетшілер жылы лебіздерін білдірсе, автор жаңа кітаптың бірнеше данасын кітапханалар мен ЖОО кафедраларына сыйға тартты.

 

Төленова З.М., Несіпбаева Ж.,

  Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің қызметкерлері