Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«М. Шоқай – тұлға және саясаткер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті


2015 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған «М. Шоқай – тұлға және саясаткер» тақырыбында Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Конференция жұмысы  институт директорының орынбасары т.ғ.д. С.О. Смағұлованың кіріспе сөзімен ашылды. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор К.Л. Есмағамбетов «Мұстафа Шоқай – Түркістан халықтары азаттық қозғалысы жаңа кезеңінің идеологы» тақырыбына кеңірек тоқталып, М. Шоқайдың иммиграциядағы қызметі әр қырынан зерттеуді талап ететіндігін және шетелдік іс-сапар барысында Францияның полиция мұрағатынан алынған Шоқайға қатысты құжаттық материалдардың көшірмесін көрсете отырып, оның тұлғалық және қайраткерлік келбеті әлі де жан-жақты зерттеуді талап ететіндігін баса айтты. Мысалға, оның шетелде жүріп кеңестік иммигранттармен байланысы, тіпті әйелі Мәрия екеуінің арасындағы қарым-қатынастың өзі де жаңа зерттеу мәселесі бола алатындығын ескертті.

Тарихнама, деректану және замануи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.Ж. Жүгенбаева М.Шоқайдың ұлттық мәселеге қатысты көзқарасына тарихи-деректемелік және тарихнамалық талдау жасаcа, Институттың Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., доцент А.И. Құдайбергенова «Жас Түркістан» журналының бүкіл түркі жұртының азаттығы үшін күресіне тоқталды.

Конференция жұмысына қатынасқан ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, профессорларының жасаған баяндамалары ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық және саяси жағдайына, ұлттық зиялы қауым және М. Шоқайдың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа көзқарасына, «Алаш» қозғалысының тарихындағы қайраткердің орны мен рөлін анықтау мен ғылыми мұрасы  жайында мәселелерді қамтыды.

Конференцияға қатысушылар назарға ұсынылған баяндамалар мен пікірталастарды талқылай келе мынадай қарар қабылдады:

–               Қазақ халқының азаттығы үшін күрескен тұлғалардың рухани және материалдық мұрасын сақтау және зерттеу мәселелеріне отандық және шетелдік жұртшылықтың назарын аудару;
–               М. Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы тарихи деректерді іздестіруді жалғастыру;
–               М. Шоқайдың қайраткерлігі туралы жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізу;
–               осы тақырыптағы ғылыми зерттеулеруді жалғастыру.
–               ТҮРКСОЙ-ға М. Шоқайға арналған түркі мемлекеттерінің бірлескен конференциясын өткізу туралы ұсыныс жасау.

Конференцияға қатысушылар М. Шоқай және басқа да тарихи тұлғалардың өмірбаяндары мен қызметтерін зерттеу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және «Қазақстан-2050» стратегиясында көтерілген «Мәнгілік Ел» идеясы аясында Елбасы қойған мақсаттарды жүзеге асыру қажет деген тұжырымға келді.

 

Кенжекүл Нұрымбетова

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

аға ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты