Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЗИЯЛЫЛЫҚ – ЗАМАН СҰРАНЫСЫ


2015 жылы 17 қарашада «Достық үйінде» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Б.Қойшыбаевтың 70 жылдығына арналған «Зиялылық – заман сұранысы» атты ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

Ғалымдар, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары, докторанттар мен магистранттар қатынасқан бұл конференция жұмысы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлованың 70 жасқа толған жазушы, публицист, ғалым Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаевты құттықтауымен ашылды.

Бас баяндама жасаған т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі М.Қ. Қойгелдиев Б.Қойшыбаев шығармашылығындағы Алаш тақырыбына тоқталып, Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш ісі» атты кітаптар сериясын шығару туралы ұсыныс жасады.

Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., «Әділет» қоғамының басқарма мүшесі Қ.С. Алдажұманов Б. Қойшыбаевтың Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамындағы қызметі және «Әділет» туымен ширек ғасыр» публицистикалық хроникасына» тоқталып өтсе, мәдениеттанушы, әдебиет сыншысы Ә.Қ. Бөпежанова Б. Қойшыбаевтың көркем шығармаларындағы ерекшеліктерін саралады.

Конференция барысында институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. А.У. Тоқтабай Ұлы дала империялары, түркі халықтарының өркениеттегі орнын  нақтыласа, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасындағы тұлғатану мәселелерінің зерттелу барысына тоқталды.

«Б. Қойшыбаев – Алаштың жоқшысы» атты тақырыпта баяндама жасаған т.ғ.к. Дәулетхан Әлімғазы ғалымның ғылыми зерттеулерін саралай келе, ғылыми саласындағы маңыздылығын нақтылап берді. «Арыс» қорының президенті, ф.ғ.д. Әнес Ғарифолла өз сөзінде Б. Қойшыбаевтың еңбектерінде тіл мәселесінің көтерілу барысын баяндап өтті.

Конференцияда жасалған баяндамалар мен хабарларды және пікір алмасуларды талқылай келіп, қатысушылар төмендегідей қарар қабылдады:

– Б. Қойшыбаев шығармаларының тарихи-ағартушылық сипатын атап өте отырып, оның оқырмандарды, жас ұрпақты биік адами қасиеттерге, отансүйгіштікке баулудағы, тарих арқылы тәрбиелеудегі маңыздылығына  жұртшылықтың назарын аудару;

– Б. Қойшыбаев шығармаларын заман алға қойып отырған талаптар тұрғысынан қарастыра келе,  қазіргі таңдағызиялылыққа жаңаша мазмұн беру қажеттігіне жұртшылық назарын аудару;

– Б. Қойшыбаевтың шығармашылығымен қатарбасқа да шығармашыл зиялылардыңелдік мүддені көздеу рухында жасалған  жұмыстарын қарастырып отыруды ұдайы жалғастыру;

–     Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш ісі» атты кітаптар сериясын шығару.

Конференцияға қатысушылар Б. Қойшыбаевтың және басқа да шығармашыл зиялылардың еңбектерін зерттеу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы қойған мақсаттарды орындауға атсалысуды жүзеге асыру қажет деген тұжырымға келді.