Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар


2015 жылы 26 қарашада Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кезекті методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысын модератор, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева кіріспе сөзімен ашты.

Методологиялық семинар 10 томдық 20 кітаптан «Отан тарихы» атты ұжымдық еңбектің 5 және 7 кітаптардың орындалу барысына арналды. Сөйлегендер: т.ғ.к. Қ.З. Өскенбай, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев., т.ғ.к. З.М. Төленова.

5 кітап мәселелеріне Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің ЖҒҚ, т.ғ.к. Қ.З. Өскенбай «Жошы ұлысы мен Ұлы дала. ХІІІ-ХV ғғ. Қазақстан мен іргелес елдердің аумағындағы түркі-моңғол ұлысы мен мемлекеті» тақырыбындағы баяндамасында тоқталды. Еңбекте ХІІ-ХІІІ ғғ. Ұлы далада Шыңғыс ханның түркі-моңғол империясы құрылғанынан ХV ғасырдың екінші жартысында Жетісу мен Шығыс Дешті-Қыпшақ аумағында бірінші Қазақ мемлекеті, яғни Қазақ хандығы құрылған аралық қамтылмақшы. Кітапта барлығы 5 тарау. Ең үлкен тарау семинардың тақырыбына сәйкес «Жошы ұлысы мен Ұлы дала. ХІІІ-ХV ғғ. Қазақстан мен іргелес елдердің аумағындағы түркі-моңғол ұлысы мен мемлекеті» (11 б.т.) деп аталады. Екінші тарау «Дешті-Қыпшақтағы Жошылық мұра және ортағасырдағы түркі әлемі» (10 б.т.), келесі тарау «Этникалық үдерістер мен ХІІІ-ХV ғғ. түркі-моңғол этногенезі» (2 б.т.), және қалалар туралы археологиялық тарау (5 б.т.). Баяндамашы жұмыстың толық мазмұны, орындалуы деңгейі жөнінде біраз мағлұматтар берді.

Институт директорының орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев 7 кітап Қазақ хандығы тарихына арналғандығын, мұнда XV-XVII ғғ. аралығын қамтитын үш ғасырға жуық кезең қамтылатынын, сонымен қатар томды дайындау бойынша Қазақстанның ХІІ-XV ғғ. тарихын зерттейтін 7 ғалым жұмыс істейтіндігіне, бүгінге дейін орындаушылар 32 б.т. жуық авторлық мәтін дайындалғандығын атап өтті. Баяндамашы дайындалған мәтіндердің арнайы сараптамадан өткендігін және де қазіргі уақытта осы айтылған ескертпелер мен ұсыныстар бойынша жұмыстар мен мәтіндерді редакциялау және томның ғылыми-анықтамалық аппаратын дайындауды жүзеге асыру жұмыстарын баяндады.

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к., З.М. Төленова «Көптомдықты жазуда ақпараттық деректерді пайдаланудың әдіс-тәсілдері» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы қазіргі уақытта көптомдықты жазу кезінде ең басты көңіл аударатын мәселенің бірі осы ақпараттық көздерді пайдаланудың маңызы мен тарихи ғылыми-ағарту ресурстарына, оның 8 түріне жекелей тоқталып, сонымен қатар тарихшылардың Интернетті игеруі соңғы жылдары ғана басталғандығын және өз дамуында бірнеше жүйелі кезеңнен өткендігіне тоқталды. Олар:

– қорлардың сандық өсуі;

– қорларды құру процесіне кәсіби тарихшыларды тарту;

-осы процестерге байланысты туындаған мәселелерге теориялық мағына беру.

Методологиялық семинар соңында семинарға қатысушы т.ғ.к., Ә. Дәулетхан, т.ғ.д., А.У. Тоқтабай, т.ғ.д., К.Ө. Торланбаева, т.ғ.к., А.С. Уалтаева, ҒҚ К.А. Сәркенова, және т.б. ғалымдар өз ойларын ортаға салып, пікір алмастырды.