Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Методологиялық семинар


2015 жылы 9 қарашада Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кезекті «Ұлттық және ортақ түркі тарихын зерттеу методологиясы» атты тақырыпта методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысын модератор, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева кіріспе сөзімен ашты.

Баяндамашы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов ертедегі ортақ түркі тарихы мен бүгінгі Қазақстан тарихының мазмұны мен ерекшеліктерін айқындаған басты факторларға тоқталды. Онда аумақты, тілді, мемлекетті жатқызатын методологиялық пайым барлық зерттеуде басымдықпен алға шығу керектігіне, халықтың экономикалық өмірі мен әл-ауқаты жерінің жомарттығымен, рухани әлемі, тілі, жасампаздығы мұның барлығы мемлекеттен көрініс табатындығы, оны дәлелдеудің қажет етпейтін ақиқат екендігіне тоқталып, сонымен қатар тіл, жер, мемлекет өздігінен тарихты түзбейтіндігін атап өтті. Бұларды тарих шығыршығын айналдыруға жегетін үш қозғаушы күш бар. Оның біріншісі – халық, екіншісі – тұлға, үшіншісі – билік деп жекелей тоқталып өтеді.

Ортақ түркі тарихын, ұлтымыздың тарихын зерттеуге қойылатын жауапты методологиялық талап – ол дәуірлеу мәселесі. Тарихты дәуірлегенде төрт құндылыққа баса назар қою қажеттін ескеру керек. Олар, біріншіден, алғашқы адамдардың, тұрғындардың пайда болуы мәселесі. Осы сұраққа жауапты кімнің маймылдан адамға айналғаны, кімнің адамнан тарағаны, кімнің автохтонды, кімнің келімсек екені тиянақталады. Екіншіден, түркі халықтары этногенезінің мәселесі. Бұл сұрақтың мазмұнын түркілердің антропологиялық, нәсілдік, тілдік, рухани-дүниетанымдық, әлеуметтік, саяси тұтасу құпиясы, тарихқа табиғи-географиялық ортаның әсері, шаруашылық-мәдени типтің қалыптасуы мен сабақтастығы, этностың өзін-өзі тануы жатады. Үшіншіден, алғашқыда түркілік, сол негізде кейін ұлттық мемлекеттің пайда болу және өмір сүру мәселесі. Мемлекеттің басты мақсаты – халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тарих аманатын ұрпақтан ұрпаққа жалғау, яғни қоғамдағы табиғи-ырғақты даму мен шынайы азаттықты сақтау. Соңғы, төртінші құндылық жұмыр жер бетіндегі халықтардың даму деңгейі ешқашан біркелкі болмақ еместігінен туындайтындығын айта келе, ортақ түркі тарихын бірнеше дәуірлерге бөліп көрсетеді. Олар:

1 Арғытүріктер дәуірі;
2 Түркі, араб, моңғол империялары дәуірі (VI-XV ғғ.);
3 Түркі ұлттық мемлекеттері дәуірі (XV-XIX ғ. аяғы);
4 Түркі әлемінің әлсіреуі мен бодандық дәуірі (1991 жылғы дейін);
5 Түркілік қайта өрлеу дәуірі.

Ал Қазақстан тарихын келесідей дәуірлерге бөледі:

1 Ежелгі дәуірдегі Қазақстан;
2 Түркілену, исламдану, қазақтану дәуіріндегі Қазақстан;
3 Қазақ хандықтары дәуірі;
4 Зар заман дәуірі;
5 Тоталитарлық зорлық пен кеңестік модернизациялау дәуірі;
6 Азаттық дәуірі.

Жалпы тарихты зерттегенде адамнан, яғни халықтан, тұлғадан, биліктен бөліп қарауға болмайтындығын атап өтті.

Методологиялық семинар соңында семинарға қатысушы т.ғ.к.             Қ.С. Алдажұманов, т.ғ.к. Ә. Дәулетхан, т.ғ.д. А.У. Тоқтабай тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салып, пікір алмастырды.