Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Жетпісбай Н.Ы. Қоңқабаева А.Н. – ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ


(Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институтының 70 жылдығына)

Тарих ғылымы – көне замандардан бастап әртүрлі қоғамдар мен мемлекеттердің, жалпы адамзаттың жүріп өткен жолын зерттейтін, жылнама түрінде кейінгі буындарға жеткізіп отыратын аса маңызды ғылым саласы. Кез келген өркениетті елдің дәстүріне сай тәуелсіз Қазақстан елінде де тарих саласы айрықша орын алады. Мемлекеттегі ғылым салалары арасында ел идеологиясының негізгі тірегі – тарих ғылымы болып табылатыны белгілі.

Бүгінде ел тарихының қара шаңырағы – Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Кемел шағына толып отырған, бай тарихы мен өзіндік дәстүрі бар байырғы ғылым ордаларының бірі Тарих және этнология институтының ғылыми ортадағы алатын орны ерекше. Ұйым 1945 ж. тамыз айында КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институты базасында құрылған болатын. 1961 ж. Тарих, археология және этнография институтына ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында бұл мекемеден Археология және Шығыстану институттары жеке бөлініп шықаннан бергі уақытта институт қазіргі атауымен аталады.

Кеңестік кезеңнің өзінде Тарих және этнология институты республикадағы жетекші ғылыми ұйымдардың біріне айналып,                  Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков, П.Г. Галузо, Б.С. Сүлейменов,                  Г.Ф. Дахшлейгер, Р.Б. Сүлейменов, М.Қ. Қозыбаев, К.Н. Нұрпейісов,         К.А. Пищулина, М.Х. Асылбеков сияқты және тағы басқа ірі зерттеуші-ғалымдар қызмет етті. Кеңестік дәуірде Институт мамандары ел тарихының өзекті мәселелеріне арналған көптеген құнды ғылыми еңбектер мен құжаттар жинақтарын жарыққа шығарды. Тәуелсіздіктен кейінгі уақытта Институт өз ғылыми бағыттағы жұмыстарын жемісті түрде жалғастырды, тың зерттеулер жасауға жаңа мүмкіндіктер ашылды.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты соңғы бірнеше жыл көлемінде көптеген ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстар атқарды. Институт аясында халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, отандық және шетелдік қонақтармен, мамандармен кездесулер, түрлі әдістемелік семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізілді. Институт қабырғасында халықтың ірі қайраткерлері – Төле бидің, Әйтеке бидің, Бұқарбай, Баймұрат  батырлардың, ұлт зиялылары М. Шоқайдың, И. Тергеусізовтың, С. Асфендиаровтың,         Б. Сүлейменовтың және басқа да тарихи тұлғалардың мерейтойларына арналған ғылыми конференциялар өтті. Бұлардан бөлек, Институтта ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен ардагер тарихшы-ғалымдар К. Нұрпейісовтың,               К. Пищулинаның, М. Асылбековтың мерейтойларына қатысты үлкен іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына 100 жыл толуына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған Республикалық, тың жерлерді игерудің 60 жылдығына, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының 20 жылдық мерейтойларына арналған Халықаралық конференциялар да Институт қызу ат салысқан айтулы ірі шаралардан саналады. Бұлардан басқа Институт ұжымы республикалық деңгейде көптеген ғылыми іс-шаралар жүргізді, әртүрлі тақырыптарға арналған дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарлар көптеп өткізілді.

2013 ж. бастап Тарих және этнология институты дәстүрлі түрде «Нүсіпбеков оқуларын» өткізуді қолға алды. Бұл оқулар аясында бірнеше ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Биылғы «Нүсіпбеков оқулары» шеңберінде «Академик   А. Нүсіпбеков және Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты», Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған «Шоқан Уәлиханов – ғалым, саяхатшы және этнограф», тарихшы Е. Бекмахановтың 125-жылдығына арналған «Е. Бекмаханов және ұлттық тарихты дәуірлеу» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар және «Тәуелсіздік және ел мүддесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда.

Тарих және этнология институты ел ғылымындағы айтулы оқиға болып табылатын көптомдық «Қазақстан тарихы» басылымын негізгі даярлаушы ретінде осы ауқымды жұмысты өзінің негізгі жауапкершілігіне алып отыр. Институт ұжымы 20 томнан тұратын осы еңбектің негізгі авторлары әрі оның жұмыстарының үйлестірушісі болып табылады. Институт отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен аталған көптомдық «Қазақстан тарихын» талқылауға арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны жыл сайын тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдырды. Жаңа зерттеулер, тың деректер негізінде, соңғы технологиялар мен ғылыми әдістерді қолдана отырып жазылуы тиіс жаңа «Қазақстан тарихы» – Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұзақ мерзімдік тарихындағы жаңа белестердің бірі болмақ.

Институтта алыс және жақын шетелдермен байланыстар жақсы жолға қойылған. Соңғы бірнеше жыл ішінде мекеме ғалымдары шетелдерде көптеген ғылыми маңызды іссапарларда болды. Алдыңғы жылдарды қоспағанда, ғылыми қызметкерлер үстіміздегі жылдың өзінде Франция, Иран, Түркия, Қытай елдерінде болып тәжірибелер алмасты. Ғылыми-зерттеу жобалары аясында олар аталған елдердің Париж, Тегеран, Стамбұл мұрағаттарында жұмыс істеп құжаттар алды. Отан тарихынан жаңа деректер жинастыру үшін ғылыми қызметкерлер соңғы бірер жылда Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор, Тобыл қалаларының мұрағаттарында да болып, көптеген мәліметтерге қол жеткізді.

Этнология бөлімінің мамандары соңғы бірнеше жыл ішінде шетелдегі қазақтардың өмірі мен тұрмысына қатысты толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Арнайы ғылыми жобалар негізінде Моңғолия және Қытай елдеріндегі қазақ қауымдарының бұрынғы және бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері мұқият зерттелінді. Аталған елдерге біршама ұзақ мерзімдік экспедицияларға жіберілді. Қазіргі таңда жинақталған зерттеу нәтижелері негізінде ғылыми еңбектер жазылуда.

Институтта Жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді. Жастардың ұйымдастыруымен 2010 ж. бері бес ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілсе, оның соңғы үшеуі халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Жас ғалымдар конференцияларына алыс шетелден – АҚШ, Англия, Франция, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінен жас мамандар қатысып, баяндамалар жасады. Аталған бас қосулардың нәтижелері ғылыми жинақтар түрінде жарық көрді.

2013-2014 жж. Институт барлық дерлік қызметкерлерін бүкіл Қазақстан аумағындағы ауыл-аймақтарға көне аңыз-әңгімелерді, шежіре деректерін және басқа да этнографиялық мәліметтер жинауға аттандырды. Көлемді ғылыми экспедициялар жұмыстары нәтижесінде ғылыми ортаға белгісіз болып келген құнды материалдар жиналды. Экспедициялар мәліметтерінің басым бөлігі мақалалар түрінде жарық көрді және институт сайтына қойылды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай үстіміздегі жылы Институт мамандарының басым бөлігі еліміздің облыстық мұрағаттарына іссапарлармен жіберіліп, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысты жиналған мәліметтердің негізінде «Соғыс. Халық. Жеңіс» атты құжаттар жинағы жарық көрді.

Биылғы жылы бүкіл ел көлемінде мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып отырған Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты іс-шаралар да Институт ұжымы тарапынан тыс қалған жоқ. Мамандар Қазақстан облыстары мен қалаларында, ұйымдастырылған ғылыми және мерекелік шараларға белсене ат салысты. Түрлі кездесулерге қатысып, көпшілік газет-журнал беттері мен телеарналарға сұхбаттар берді. Атқарылған жұмыстар аясында өткен ғасырдың 60-жылдары жарық көрген Қазақ хандығына қатысты құнды материалдар жинағының қайта басылып шығарылуын атап өтуге болады.

Институттың құрылғанына 70 жыл толуына орай кезінде осы ұжымда қызмет атқарған атақты ғалымдардың еңбектерін жинастырып, қайта басып шығару ісі қолға алынды. Осы айтулы мерейтой сериясымен шығарылған кітаптар арасында белгілі ғалымдар Б. Сүлейменовтың, Р. Сүлейменовтың,  К. Нұрпейістің, М. Қозыбаевтың, Н. Едігеновтың таңдамалы еңбектері қайта жарық көрді.

Институт ғылыми бағыттағы зерттеу жұмыстарымен, ғылыми жобаларға бөлінген мемлекеттік гранттар бойынша жұмыс істейді. Олар Отан тарихының әртүрлі тақырыптарына арналған. Көпшілік жобалар нәтижелерінің монография немесе құжаттар жинағы түрінде шығарылуы көзделген.

Тәуелсіз еліміздің өркендеуі оның ғылым саласының гүлденуімен тығыз байланысты. Ғылым саласы – мемлекеттің қарқынды түрде дамуына тікелей үлес қосатын негізгі сала. Ғылымды өркендетпей, оған жеткілікті түрде көңіл бөлмей мемлекеттің дамуы, жаңа кезеңдерге, технологияларға өтуі мүмкін емес. Мемлекеттегі ғылым саласын тұрақты қолдау, қалыпты деңгейде ұстап отыру келесі бір күрделі мәселені – ғылым саласына жастарды тарту, тәжірибелі алдыңғы буынды келесі жас буынмен ауыстыру мәселесін туғызады. Бұл орайда Тарих және этнология институтында да осындай үрдістер байқалуда, соңғы бірнеше жыл көлемінде институт қабырғасына болашақта ғылыммен айналысуға ден қойған Д. Жайлыбаев,    Б. Әшімов, Қ. Мырзаходжаев, Ө. Қанай, А. Жүнісбаев, А. Қоңқабаева,           Б. Бұрханов сияқты көптеген жас мамандар қабылданды. Олар әлбетте тәжірибелі алдыңғы буын Х. Әбжанов, Қ. Алдажұманов, В. Галиев, С. Әжіғали, С. Смағұлова, А. Құдайбергенова, З. Төленова, Н. Атығаев, Г. Жүгенбаева, К. Торланбаева, Қ. Өскенбай сияқты ғалымдардан көп тәлім-тәрбиелер алуды көздейді.

Бүгінде құрылғанына 70 жыл толып отырған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты еліміздегі байырғы және басты ғылым ордаларының бірі және замананың қиындықтарына, қандай да болсын өтпелі кезеңдерге қарамастан бұл қасиетті шаңырақ аса маңызды ғылыми орталық ретінде жасай беруі тиіс және мемлекетіміздегі тарих ғылымы бойынша ең негізгі ұйым болып қала береді.