Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ – ҒАЛЫМ, САЯХАТШЫ ЖӘНЕ ЭТНОГРАФ


2015 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында атақты ғалым, саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына орай «Шоқан Уәлиханов – ғалым, саяхатшы және этнограф» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Конференция жұмысын  модератор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Одепқызы Смағұлова кіріспе сөзімен ашты.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов «Шоқан ұлы тұлға» тақырыпына кеңірек тоқталып, Шоқан тануда әліде зерттелетін мәселелер көп екендігін ескертті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің оқытушысы т.ғ.д., доцент Сабира Сабытханқызы Сайфулмаликова «Шоқан Уәлиханов мұрасындағы тарихи жадтың орны» атты баяндамасында Шоқан монументалды құрылыстар арқылы өткен тарихимызды танып білуде жадттың алатын орны ерекше деп көрсетеді.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Одепқызы Смағұлова «Міржақып Дулатов еңбегіндегі Шоқан бейнесі» атты баяндамасында Шоқанды қазаққа алғаш танытқан Міржақып Дулатов болатын, 1914 жылы «Қазақ» газетінің үш санында Шоқан туралы көлемді мақала жариялап, оның отбасы жайында да мәліметтер берген. Міржақыптың ерекшелігі жазба деректер мен ауызша деректерді орынды пайдалануында еді – деп сол кездегі «Қазақ» газетінде Шоқан туралы жарық көрген материалдардың маңызына тоқталды. Этнология және антропология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Ахмет Уалханұлы Тоқтабай «Шоқан және Жетісу қазақтарының жер шаруашылығы туралы» атты баяндамасында Шоқан Жетісу қазақтарының жер өңдеу мен су көздерін тиімді пайдаланғандығын нақты деректер негізінде сипаттады. Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі      Галина Николайқызы Ксенжик «Ш.Ш. Уәлиханов – отандық картографияның негізін салушы» атты баяндамасында Шоқан Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген кезде-ақ сурет салу мен карта сызу ісіне өте қызыққанын атады. Сонымен қатар Шоқан қазақ картографиясының негізін қалаушы деп тұжырымдады. Кеңестік дәуірдегі қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Салтанат Әмірғалиқызы Асанова «Қазақстан тарихындағы өзекті мәселелер Ш.Ш. Уәлиханов мұраларында» атты баяндамасында Шоқан еңбектерінің ұлттық тарихымызда алатын орнын баяндаса, Этнология және антропология бөлімінің аға ғылыми қызметкері т.ғ.к. Гулмира Үсенбайқызы Орынбаева «Ш.Ш. Уәлиханов шығармаларындағы қазақ, қырғыз және қашқарлықтар жайлы этнографиялық мәліметтер» атты тақырыпта сөз қозғап, Шоқанның қазақ этнографиясы ғылымына қосқан қомақты үлесін баяндама барысында жан-жақты аша білді.

Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Рашид Ешенұлы Оразов «Шоқан Уәлиханов: Кенесары Қасымұлы көтерілісіне көзқарасы» атты баяндамасында бір әулеттен тарайтын екі тұлғаның өзіндік ұстанымдарына тоқталып, Шоқанды терең зерттеу арқылы Кенесарының бас сүйегіне қатысты мәселені де анықтауға болады өз ойын ортаға салды. Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Марал Рәтайқызы Сатенова «Шоқан Уәлиханов және Г.А. Колпаковский: дәлел және пайымдау» атты баяндамасында мұрағат қорларындағы  сақталған хаттар негізінде өз ойымен бөлісті.

Конференцияға қатысушылар назарға ұсынылған баяндамалар мен пікірталастарды талқылай келе мынадай қарар қабылдады:

– Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ғылыми және көркемсурет шығармасы әлемдік ғылым мен мәдени мұраға енгізу.

– Ш.Ш. Уәлихановтың мұрасын Қазақстан, Орталық Азия және Ресей тарихында жаңа бағытта әрі қарай зерттеу мен оқыту керек.

– Ш.Ш. Уәлихановтың шығармашылық мұрасын құрайтын құжаттар мен материалдарды іздеу мен анықтауды жалғастыру.

– Шоқантанудың әралуан салаларының жетістіктерін оның ішінде Қазақстан тарихының орта ғасыр, жаңа заман кезеңі, этнография, антропология, генология, филология, фольклортану, өнертану бойынша монографиялық зерттеулер сериясын жүзеге асыруға кірісу.

– Шоқанның өмірі мен қызметін, оның ғылыми биографиясын кешенді түрде зерттеуді, оның дүниетанымын, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдениеттанушылық көзқарастарын жүйелеуді жүзеге асыру.