Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҰЛТ ТАРИХЫН ЗЕРДЕЛЕГЕН ҚАРА ШАҢЫРАҚ


Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 70 ЖЫЛ!

2015 ж. 9 желтоқсанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына 70 жыл толуына орай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан республикасы Президенті мұрағаты бірлескен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция жұмысында модераторлық жасағандар Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжанов пен ҚР Президентінің мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә. Жапаровтар Институт өткен жол мен оның негізін салушы Ақай Нүсіпбековтің ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметіне кеңінен тоқталды. 

Қазақстанда академиялық ғылыми мекемелердің қалыптасуы 1932 жылдан КСРО Ғылым академиясы Қазақстандық базасының құрылуынан басталады. Бастапқыда, 1933 жылы оның құрамында тарих, археология, әдебиет және фольклор, тіл, бейнелеу және музыкалық-хореографиялық өнер салаларын зерттеумен айналысатын Қазақ ұлттық мәдениеті институты ашылды. Осы институттың құрамында ұйымдастырылған тарихи-археологиялық сектор 1936 ж. бастап тарих секторы, 1941 ж. КСРО ҒА-ның Қазақ филиалы құрамында Тіл, әдебиет және тарих институты болып құрылды.

Тарих, археология және этнология институты КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы, ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы штаттық комиссияның 1944 ж. 6 желтоқсандағы № 689 шешімі, КСРО ҒА Қазақ филиалының Төралқасы 1945 ж. 14 тамыздағы № 20 «Тіл, әдебиет және тарих институты құрамынан жеке институттардың: Тарих, археология және этнография және Тіл және әдебиет институтының бөлініп шығуы туралы» қаулысына сәйкес құрылды. Сол кездегі КСРО ҒА Қазақ филиалы Төралқасының төрағасы, КСРО ҒА мүше-корреспонденті Қаныш Сәтпаев қол қойған осы қаулы бойынша Институт директорының орынбасарлығына тарих ғылымдарының кандидаты Х.Г. Айдарова және ғалым хатшысы болып Т.Ж. Шойынбаев бекітілсе, кейінірек, 1946 ж. ортасына қарай Қ. Сатпаевтың ұсынысымен Институт директорлығына мемлекет және құқық саласының танымал маманы С.В. Юшков тағайындалады.

Институттың алғашқы құрылымы небәрі 3 сектордан: 1. Қазақстан тарихы – ежелгі және ортағасырлар тарихы; революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімдерімен. 2. Археология – палеолит және неолит; қола және ерте темір бөлімдерімен. 3. Этнография қол өнері және тұрмыс бөлімдерінен тұрды және 5 ғылыми ұызметкердің үшеуінің ғана тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі болды.

1961 ж. қаңтарда Институтқа Ш.Ш. Уәлиханов есімі берілді де, Қазақ КСР ҒА Төралқасының 1991 ж. 12 қыркүйектегі № 73 қаулысымен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты болып атала бастады.

Ұлт тарихын зерделеген тарихшы-ғалымдардың мақсатты-бағдарламалық көпжылдық қажырлы ізденістері нәтижесінде біртомдық (1943), екітомдық «Қазақ КСР тарихы» (1 т., 1957; 2 т., 1959), сонымен қатар «Қазақ КСР тарихы. Социализм дәуірі» (1963) атты ұжымдық еңбектері қайта баспадан шығарылып, қазақ және орыс тілдерінде даярланып, оқырманға жол тартуы, ұзақ жылдар бойы ғылыми сұраныстан түспеуі сол тұстағы отандық тарих ғылымының даму деңгейін танытады.

Өткен ғасырдың 50-ші жж. тарих ғылымының қалыптасуы – М. Әуезов, С. Кеңесбаев, Ғ. Мүсірепов, А. Жұбанов, С. Мұқанов, А. Тұрсынбаев сынды Қазақстанның біртуар ғалымдары мен жазушыларының есімдерімен де тығыз байланысты. ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтын ширек ғасырдан аса уақыт басқарған белгілі ғалымдар мен ғылымның жанашырлары – Ақай Нүсіпбеков, Григорий Федорович Дахшлейгердің ұшан ғайыр. Өткен ғасырдың 50 жж. басы мен 80 жж. Институт ұжымы шыққан биіктіктер мен алған асулары осындай ұлы есімдермен дәріптеледі.

Сондай-ақ ұлттық академиялық этнография ғылымының қалыптасуы да  1940-шы ж. басы мен 50-ші жж. екінші жартысында басталды. Алғаш жылдарда этнография бөлімінде 4 ғылыми қызметкер жұмыс жасады, шығыстанушы ғалым Нығмет Сәбитов басқарған еді. 1950 жж. мәскеулік және ленинградтық ғалымдардың басшылығымен Қазақстанда алғашқы кәсіби этнографтар И.В. Захаро­ва, Г. Валиханов, В.В. Востров, Р.Д. Ходжаевалар кандидаттық диссертацияларын қорғай бастады. Осы кезеңде қазақ этнографиялық топтардың қатары жас, жігерлі, талапты зерттеушілер, атап айтқанда, Халел Арғынбаев, Едіге Масанов, Марат Мұқанов, Оразақ Смағұловтармен толыға түсті.

КСРО ҒА Қазақ филиалының құрамында 1945 жылы құрылып, аты аңызға айналған институт өзінің 70 жылдық тарихында айтулы жетістіктер мен табыстарға қол жеткізді: мұнда жоғары білікті ғалым-тарихшылардың бірнеше ұрпағы қалыптасты, бірегей ғылыми еңбектер жазылды, библиографиялық сирек қор болып табылатын құжаттық жинақтар жарыққа шығып, Отандық тарихтың өзекті мәселелері бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Архелогия және шығыстану бөлімдері негізінде қазіргі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология және Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институттары құрылды. Шындығына келгенде, академик Ә.Х. Марғұлан да, академик Р.Б. Сүлейменов те осы институт қабырғасында жұмыс жасады.

Институттың негізін салушы-әкесі – ширек ғасырға жуық Қазақстан тарих ғылымының көшбасшысы болған Ақай Нүсіпбекұлы Нүсіпбеков танылады. Институтқа 1945 жылы келген ол тәжірибелі партия қызметкері, педагог және жауынгерлік жолдан өткен жан болатын. 1956 жылы талантты ғалым және ұтқыр ұйымдастырушы ретінде институт басшылығына тағайындалады. Осы қызметті өз мамандығына және тарих ғылымына деген асқан сүйіспеншілікпен өмірінің соңғы кезеңіне дейін адал атқарып кетті. 1983 ж. Қазақстан және Кеңестер Одағының ғылыми қауымы қазақ халхының айтулы біртуар ұлын соңғы сапарына шығарып салды.

Халық пен ғылымға қызмет етудің Нүсіпбеков салған дәстүрлі сара жолын академиктер Б.А. Төлепбаев, Р.Б. Сүлейменов, М.Қ. Қозыбаевтар қалтқысыз жалғастырды. 2002 жылы бүкілхалықтық танымал тарихшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері М.Қ. Қозыбаев кенеттен қайтыс болғаннан кейін, институт басшылығына тәуелсіздік жағдайында маңызды еңбектерімен өз есімдерін қалыптастыра алған жаңа буын ғылым өкілдері келді. Келер жылы ҚР ҰҒА жаңа мәртебе – республикалық қоғамдық бірлестікке айналды да, институт ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқаруына енді. Бұл саладағы реформалар 2011 ж. 18 ақпандағы ҚР «Ғылым туралы» Заңының қабылдануымен жалғасын тапты.

Институт тарихында жұлдызды сәттермен қатар, дүрлігуге толы, қудалау мен жозықсыз жазғыру кезеңдері де өтті. Дамудың небір қиын баспалдақтары мен саяси-идеологиялық өктемдіктің қыспақтарына төтей отырып, ұжым ұлт тарихының өткенін тануға күн-күнге құлшына кірісіп, ғылым көкжиегін кеңейте түсті. Институттың аса маңызды қызметі көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихын кешенді зерделеу болып табылады. Ұлт тарихының өткенінің тұтас бейнесін жасаудың алғашқы қадамы Ұлы Отан соғысы жылдарында жасалды. Алғаш рет 1943 ж. Мәскеу және Алматы ғалымдарының бірлесуімен «Қазақ КСР тарихы» жарық көрсе, 1949 ж. 2 томдық жаңа басылым дайындалды да, 1957 және 1959 жж. 2 томдық қайта басылды. Үздіксіз жүргізілген осындай ізденістердің нәтижесінде «Қазақ КСР тарихының» 5 томдығы дайындалып, 1982 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Ынтымақшыл да шығармашыл ұжым орындаған күрделі еңбек ежелгі және орта ғасырлар тарихы мен жаңа және қазіргі заман тарихы туралы тың ғылыми ашуларды қамти отырып, археологтар мен шығыстанушылардың, этнографтар мен мемлекеттанушылардың, мұрағаттанушылар мен деректенушылардың ұзақ жылдардағы талмай ізденістерінің іргелі нәтижелерінің жиынтығы. Өзінің белгілі идеялық-методологиялық мақсаттылығы мен өткенді танудағы материалистік түсінігіне қарамастан көптомдық әлі күнге дейін жасампаздық қуатын жоғалтқан жоқ. Академик А.Н. Нүсіпбеков 80-ші жылдардың басында-ақ: «кеңестік тарих ғылымының және оның бөлімі – қазақстандық тарихнаманың – даму үдерісінде тарих, археология және этнография және басқа да тарихи пәндер саласында еңбектің ғылыми бөлініске түсуі қалыптасты Ол тарих ғылымының өте маңызды мәселелерін зерттеудің ұтымды мамандандыруға негізделумен қатар, оларды Ғылым академиясының ғылыми мекемелерімен және Орталық Азия республикаларының академияларымен үйлестіруге негізделеді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының тарихшылары, археологтары мен этнографтары өздерінің бар назарын адамзат қоғамы тарихының басты мәселелерін қазақ халқының, сондай-ақ Қазақ КСР аумағында өмір сүрген және жасайтын басқа да ұлттар мен ұлыстардың тарихына сәйкестікте зерттеуге аударады …»,- деп айтқан болатын.

Институттың дамуы мен отандық тарих ғылымы беделінің артуына өлшеусіз үлес қосқан академиктер А.Х. Марғұлан, М.Х. Асылбеков, К.Н. Нұрпейіс, О. Смағұлов, Б.Е. Көмеков, ҚазКСР ҒА корреспондент мүшелері Г.Ф. Дахшлейгер, Б.С. Сүлейменов, профессорлар Х.А. Арғынбаев, Т.Б. Балақаев, А.С. Елагин, В.Я. Басин, Т.Е. Елеуов, М.С. Мұқанов, П.С. Белан, ғылым кандидаттары Б.Н. Әбішева, Е.А. Масанов, С.К. Ибрагимов, К.А. Пищулина, Ю.И. Романов, Н. Едыгенов, Е.Ж. Валиханов, Қ.С. Алдажұманов, З. Қинаятұлы және т.б. есімдерін мақтанышпен атауға болады.

Институттың маңызды жетістіктерінің бірі – оның ғылыми интеллигенцияны, ең алдымен, ғалым-тарихшыларды дайындау мен қалыптастырудағы рөлі ерекше. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, егер сонау 1945 жылғы үш секторда жұмыс істеген небәрі 5 ғылыми қызметкердің үшеуінің ғана тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі болса, 1964 жылы тарихи мамандықтағы екі ҒЗИ-да, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының 16 тарих кафедрасында 7 ғылым докторы, профессорлар, 136 ғылым кандидаты болды. Ал 80-ші жылддардың ортасында Институт қызметкерлерінің саны 150 адамға дейін өсіп, оның ішінде 10 ғылым докторы және 36 ғылым кандидаты қызмет етті. 1992 жылдан 2010 жылдар аралығында қазақстандық 200-дей ізденуші – ғылым докторы, 800-дейі – ғылым кандидаты атанды. ХХІ ғасырдың басына дейін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы мамандандырылған кеңес докторлық диссертацияларды қорғатудың нағыз ғылыми шеберханасы, орталығы болды. Ізденушілер мен қызметкерлер қатарынан Парламент және мәслихат депутаттары, генералдар мен дипломаттар, ЖОО мен ҒЗИ-ның, олардың құрылымдарының басшылары, танымал педагогтар мен тәлімгерлер шықты.

Институт ғалымдары жыл сайын 30-ға жуық монография, жинақтар, 300-ге жуық ғылыми мақалалар жариялап, дәстүрлі «Нүсіпбеков оқуларын» өткізеді. 1998 жылдан Институт жанынан 4 тілде мақалалар жарияланатын «Отан тарихы» ғылыми журналы үзбей шығарылып келеді. Сондай-ақ, 2014 жылдан «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында ашылған «Қазақстан тарихы» веб-порталы да өз оқырмандарын табуда.  Дәл осы жылдан Институт «Қазақстан тарихы» веб-порталындағы «Edu.e-history.kz» – электрондық ғылыми интернет-журналының құрылтайшыларының бірі ретінде алғашқы электрондық журналды арнайы тіркеуден өткізіп, отандық тарихшылардың мүддесіне қызмет етуде.

Сонымен, ұлт тарихының өткені, бүгіні мен болашағының ғылыми келбетін кескіндей отырып, Институт ұжымы мынандай келелі де өзекті міндеттерді шешуде:

–      Ұлт тарихының «ақтаңдақтарын» ашу мәселелерін жалғастыру;

–      Зерттеу жұмыстарының ақпараттық-деректік базасын кеңейту;

–      Отан тарихының келелі мәселелерін жаңа пайымдаулар мен тұжырымдармен толықтыру;

–      Тарих ғылымы саласында біртұтас зияткерлік кеңістіктің қалыптасуына ықпал жасау.

Осындай келелі міндеттерді атқара отырып, Ресей, Белоруссия, Қытай, Моңғолия, Венгрия, Үндістан, Түркия, Украина ғалымдары және ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Мысалы, Қазан қаласында Қ.З. Өскенбайдың «XIII –XV ғ. бас ындағы Шығыс Дешті Қыпшақ. Жошы ұлысының этносаяси тарихының мәселелері» кітабы жарық көрді. Профессор С. Әжіғали Халықаралық Шығыс елдері сәулет академиясының (Баку) корреспондент мүшесі, профессор Х.М. Әбжанов – ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі болып сайланды. Бір ғана 2015 жылдың көлемінде институт ғалымдары Мәскеу, Париж, Жинан (ҚХР), Тегеранда, Қзазақстанның барлық қалаларында Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, ҚХА және ҚР Ата заңының 20 жылдығына орай ғылыми баяндамалармен халықаралық мінберлерде сөз алды.

«Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасы аясында 2013-2015 жж. аралығында Қазақстанның тарихи мен мәдениетіне қатысты жаңа архив құжаттарын іздестіру мақсатында 20-дан астам шетелдік қорларда: Ұлы Британия, Германия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Ресей және т.б. елдерде жұмыс істеуге ғылыми іс-сапарлар ұйымдастырылды. Мысалға, Италияның Ватикан және Ла-Сапиенза университетінің кітапханаларында тарихи іздестіру жұмыстары нәтижесінде, ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша  бірнеше тың деректік материалдар табылды. Орта Азия тарихи карталарының көшірмесі жасалынып, түрік әлемі тарихы бойынша бірнеше батысеуропа тілдеріндегі еуропа ғалымдары зерттеулерінің түпнұсқасының библиографиясы жасалынды. Қытайда, ҚХР мемлекетті архиві мен ШҰАР кітапханасынан Қазақстанның жаңа және қазіргі заман арихына қатысты материалдар табылып, олардың да көшірмесі алынды. Жеке тұлғалардан Шыңжандағы қазақ медресесі мен Алаш қайраткерлері мен қозғалысына қатысты материалдар жиналды.

Түптеп келгенде, қазақ халқының, Ұлы даланың тарихын зерделеуде – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстандағы бірден-бір танымал ғылыми-зерттеу ұжымы. Өзінің 70-жылдық мерейтойын салмақты нәтижелерімен қарсы алуда. Мерейтой қарсаңында академиктер М.Қ. Қозыбаевтың шығармалар жинағы (2 томдық), Р.Б. Сүлейменовтің (2 томдық), Б.А. Төлепбаевтың, К.Н. Нұрпейістің, Н.Е. Едыгеновтің, З. Қинаятұлының, С.Ж. Асфендиаровтың 4 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Профессор С.Е. Әжіғали бастаған этнологтардың бір тобы Әбіл Әбілқайыр ханның моласын іздеудегі көп жылғы ізденістері де нәтижиелі аяқталды.

Бүгінгі таңда институтта 13 ғылым докторы, 20-ға жуық ғылым кандидаты, 1 PhD жұмыс жасайды. Кешегі аға және орта буын тарихшылардың жолын В.З. Галиев, С. Әжіғали, А. Тоқтабай, Ж. Әбілхожин, Д. Әлімғазы, С. Смағұлова, Н. Атығаев, Г. Өскембаева, А. Құдайбергенова, С. Рүстемов, С. Асанова, К. Нұрымбетова, Р. Оразов, Н. Жетпісбай, Д. Рахымқұлов сынды ғалымдар жалғастыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында құрылған магистратура мен докторантурада 30-ға жуық адам дәріс алуда. Докторант А. Жүнісбаев гуманитарлық ғылымдар саласындағы ең үздік жұмыстар үшін жас ғалымдарға тағайындалатын М. Әуезов атындағы сыйлықты иеленді. Институт қызметкерлерінің орта жасы – 45 жас. Олар қашанда Отандық тарихтың күрделі мәселелерін шешуге дайын.

Осындай тарихи жолдан өткен институттың қалыптасуы мен дамуына және сол жолда бар саналы ғұмырын арнаған Ақай Нүсіпбеков тағылымдарына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда мынандай мақсат пен міндеттер қойылды:

– Академик А.Н. Нүсіпбеков пен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты;

– әйгілі ғалымның отандық тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуында алатын орнын көрсету;

– академик А.Н. Нүсіпбековтің Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге қосқан үлесін, оның ғылыми және қоғамдық қызметін  анықтау.

Конференция жұмысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Қ.С. Алдажұмановтың «Академик Ақай Нүсіпбеков және отандық тарих ғылымы (1950-1980 жылдар); Институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент З.М. Төленованың «Ұлт тарихын зерделеген Қара шаңырағына – 70 жыл», әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. Т.Ә. Төлебаевтың «А. Нүсіпбековтің ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ.басындағы жаңа әлеуметтік қатынастар туралы пайымдаулары», әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. А.М. Қалыштың «Научные достижения академических этнографов (1970 – начало 1990-х годов)», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.к. Т.Ә. Нұрпейістің «Академик А.Н. Нүсіпбеков – ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын зерттеуші», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. А.У. Тоқтабайдың «Қазақ халқының егіншілік мәдениетінің мәселелері», институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. А.И. Құдайбергенованың «Академик М.Х. Асылбеков және тарихи демографияның дамуы», ҚР Президентінің мұрағатының Жинақтау және құжаттама басқармасының бас сарапшысы, т.ғ.к. Ә.Т. Сүлейменованың «Б.А. Төлепбаевтың жеке қорының құжаттары Қазақстан тарихи кезеңдерін зерттеудің дереккөзі ретінде» тақырыбындағы баяндамалары жиналғандар көңілінен шықты.

Институтты 70 жылдық мерейтойымен Алматы қаласы әкімдігі, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Ә. Дербісәлі, Философия, саясаттану және дінтану институты атынан академик Ә. Нысанбаев, Экономика институтының директоры Ә. Сатыбалды, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің бір топ ғалымдары мен оқытушылары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Ғ.Қ. Кенжебаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих факультетінің деканы, т.ғ.к. А.Қ. Жұмаділ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Ж.Ү. Қыдыралина, «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы атынан Б. Қойшыбай және Институт ардагерлері Н.Е. Едігенов, Б.Н. Әбішева, А. Нүсіпбековтың қызы Д.А. Нүсіпбекова, академик М.Қ. Қозыбаевтың жары С.П. Молдабаева және докторанттар мен магистранттар құттықтап, жылы лебіздері мен алғыстарын білдірді.

Айта кететініміз, ҚР Президентінің мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә. Жапаров құттықтау барысында институтқа осы мұрағаттың қорында сақтаулы тұрған Институт тарихына қатысты ғылыми айналымға енгізілмеген бірнеше құжаттардың көшірмесін сыйға тартты.

Конференция барысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 70 жылдық мерейтойына орай халқымыздың көне тарихын жаңғыртып, тәуелсіздігін алған еліміздің қоғамдастықтағы алар орнын, Ұлы дала төсінде қалыптасқан этноаумақтық жаңа қауымдастықты, ғасырлар бойы жалғастығын тапқан ұлттық рухани бірлігіміз бен тыныштығымызды, әлеуетімізді нығайта түсетін ғылыми ізденістері үшін бірнеше Институт ардагерлері, қызметкерлері мен қонақтар «Алғыс хатпен» марапатталды: Пищулина К.А., Балақаев Т.Б., Едігенов Н., Әбішева Б.Н., Сужиков Б.М., Алдажұманов Қ.С., Дәулетхан Ә., Қинаятұлы З., Өскембаева Г.Ж., Саурықова А.Т., Нұрымбетова К.Қ., Әжіғали С.Е., Тоқтабай А.У., Яшенкова И.А., Құдайбергенова А.И., Әлімғазинов Қ.Ш., Төленова З.М., Оразов Р.Е., Жүнісбаев А., Кенжебаев Ғ.Қ., Қыдыралина Ж.Ү., Әшірбекова Ж.Б., Қойшыбай Б.О., Жұмаділов А.Қ.

Өз кезегінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы да институт ғалымдары Х.М. Әбжанов, С.О. Смағұлова, Қ.С. Алдажұманов, Г.С. Жүгенбаева, А.Ә. Жүнісбаевты «Алғыс хатпен» марапаттады.

Жыл сайын өткізіліп отыратын дәстүрлі «ІІІ Нүсіпбеков оқулары» аясында өтетін конференциялар мен дөңгелек үстелдер төмендегідей тақырыптарда жалғасын табады:

Ш. Уәлихановтың 180 жылдығына арналған «Ш. Уәлиханов – ғалым, саяхатшы, этнограф» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция (10 желтоқсан, сағат 10-00, Алматы қ., Шевченко, 28, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 205 каб.);

3 «Е. Бекмаханов және ұлттық тарихты дәуірлеу» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция (11-желтоқсан, сағат 10-00 Алматы қ., Достық даңғылы мен Сәтпаев көш. қиылысы,  ҚР Президенті мұрағаты, конференц-зал);

4 «Тәуелсіздік және ел мүддесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел (14 желтоқсан, сағат 10-00, Алматы қ., Шевченко, 28 Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 205 каб.).

ТӨЛЕНОВА З.М.,

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер

бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к.