Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


2015 жылдың 4 желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Егемен Қазақстан» газетімен бірлескен  Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуді ғылыми қорытындылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Институт ғалымдары, магистранттар, докторанттар мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нен т.ғ.д., профессор Б. Кәрібаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, т.ғ.д. Ғ. Кенжебаев, Тараз педагогикалық университетінің ректоры Д. Қожамжарова, баспасөз беттерінде қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты мақалаларды кеңінен жариялап отырған «Егемен Қазақстан» газетінің өкілі Қорғасбек Аманжол және қазақ хандығына қатысты ғылыми зерттеу еңбектерін басып шығарған «Сардар» баспасының директоры Ә. Қойтанов қатысты.

Институт директоры т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х.М. Абжанов кіріспе сөзінде Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге тарихшы ғалымдардың кеңінен ат салысқандығын айта келе, алға қойылған міндеттерді орындауда істелген жұмыстардың ауқымдылығын баяндады.

Сөз алған Қорғасбек Аманжол «Егемен Қазақстан» газеті мен Тарих және этнология институты арасында жақсы шығармашылық байланыс дами түскенін айта келе: «Қазақ хандығының 550 жылдығын елдік көлемде атап өтуге Елбасы пәрмен берген соң өз тарихымызға тереңнен үңіле бастадық. Оның басында тарихшылар тұр. Мемлекеттілігіміздің, Елдігіміздің тарихын сонау сақ, ғұн дәуірінен бастап жазуға «Егемен Қазақстан» газеті тарихшыларды кеңінен тарта отырып, барынша насихаттуда. Тарихи еңбектер, кинофильмдер, мақалалар жазылып, үлкен мерекелік шаралар атқарылды. Дегенмен де атқарылар жұмыстар әлі аз емес» екендігін атап өтті.

Профессор Б. Кәрібаев Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуде ұлттық патриотизмді, елдігімізді насихаттаудың маңыздылығын, биылғы жыл ұлттың рухын көтерген жыл болғандығына тоқтала отырып, қазақ хандығына қатысты  жарық көрген ғылыми еңбектерді деректік, ғылыми анақтамалық және ғылыми зерттеулер (монографиялар) деп үш топқа бөлді. Және кейбір ғылыми еңбектердің ғалымдарға аса қажеттілігін баса көрсетсе, ал тарих ғылымдарының докторы Ғ. Кенжебаев Қазақ хандығының 550 жылдығының атап өтілуі жастарды патриотизмге, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде маңызды екендігіне тоқтала келе, бұл істе университетте көптеген игі шаралар өткізіліп, білімге, ұлт тарихына жастар қызығушылығының артқандығын баса көрсетті.

Тараз педагогикалық университетінің ректоры Д. Қожамжарова Қазақ хандығының 550 жылдығы облыс көлемінде кеңінен атап өтілгендігіне тоқтала келе, өзі басқарып отырған университетте осы мерей тойға қатысты өткізілген ауқымды іс-шаралармен таныстырды.

Тарих ғылымдарының докторы Д. Қожамжарованың айтуынша, мерейтой қарсаңында еліміздің жоғары оқу орындарының демеушілігімен бірнеше кітаптар және бейнепланшеттер дайындалған. Ғалым А. Досымбаеваның «Жайсан: тюркское наследие долины реки Чу», ақын М. Райымбекұлының «Нұрлы жол – Мәңгілік ел»,  журналист Б. Габдуллиннің «Великое кочевье», Ә. Марғұланның «Древние казахские племена, история их объединений и образование казахского ханства» (екі тілде) кітаптары жарық көрген.

Сонымен қатар Институт қызметкерлерінің ғылыми журналдар мен баспасөз беттерінде Қазақ хандығының тарихына қатысты мақалалар жариялаған.

Университет шеңберінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Б.Б. Кәрібаевтың «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиясының, «Қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңдері» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесерлері өткізілген.

«Сардар» баспасының директоры Ә. Қойтанов 2014 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» еңбегі көпшілік сұранысы бойынша үш тілде қайта шығарылғандығын, алдағы уақытта «Қазақ тарихшылары» деген энциклопедия шығаруды алға жоспарлап отырғандығын айтты.

Институт директорының орынбасары т.ғ.к., Н.Ә. Атығаев Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жүргізілген зерттеулер туралы ойын айта отырып, «Тарихи-и Рашиди» еңбегінің қазақша аудармасының парсы тіліндегі түп нұсқамен сәйкес келмейтін кемшілік тұстарының орын алғандығын мысалдар негізінде айтып берді және институттың үйлестіруімен шет мемлекеттерге Қазақстан тарихына қатысты құжаттар мен материалдарды іздестіре барған ғалымдар қазақ хандығына қатысты құнды деректер әкелгендігіне тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында ғалымдар ірі қала, облыс орталықтарында қазақ халқына танымал хандардың есімін көшелерге беру, ірі тұлғаларға ескерткіштер қою ісін қолға алып, қолдау, сонымен бірге жылдың бір күнін Қазақ хандығы күні деп атау жөнінде ұсыныс түсірді.

 

Кенжекүл Нұрымбетова

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

аға ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты