Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Е.БЕКМАХАНОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫ ДӘУІРЛЕУ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты 2015 ж. 10 желтоқсанда ІІІ Нүсіпбеков оқулары аясында «Е. Бекмаханов және ұлттық тарихты дәуірлеу» атты бірлескен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция жұмысы мынандай мәселелерді шешу мен жүзеге асыруға бағытталды:

1. Ғалымның тұлғасын күнделікті тарих арқылы тану (хаттар, замандастарының, отбасының естеліктері).

2. Е. Бекмахановтың ғылыми мұрасын жаңа тарихи білімді қалыптастыру тұрғысында талдау.

3. Е. Бекмахановтың ғылыми мұрасында зерттелмеген мәселелер.

4. Е. Бекмахановтың қазіргі ұлттық тарихтағы орны мен рөлі.

Конференция жұмысын кіріспе сөзбен ашқан ҚР Президентінің мұрағаты директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә. Жапаров белгілі тарихшы Е.Б. Бекмахановтың тағдыры ХХ ғасырда Қазақстанның тарих ғылымы қалыптасқан кезеңді сипаттайтындығын айта келіп, 1940-50-ші жж. қоғамтанушы ғалымдардың зерттеу жұмыстары қатаң идеологиялық қысаңдықта қатал бақылауда болғандығына ерекше тоқталды. Осындай, ауыр да күрделі кезеңде өмір сүріп, еңбек еткен Е.Б. Бекмаханов Сталиннің жеке басына табыну кезеңінің ащы дәмін барынша татты. «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдардағы Қазақстан» атты еңбегінде Е.Б. Бекмаханов алғаш рет қазақтардың патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсылығын тәуелсіздік үшін күрес, ал қарулы көтерілістің көсемі болған Кенесары Қасымұлын ұлт батыры ретінде сипаттады.

Сөз барысында ҚР Президентінің мұрағаты қорында сақтаулы 1946 жылғы Институттың жылдық жоспарында Абылайхан және оның заманы туралы тақырыпта зерттеу жүргізу және оны орындаушы ретінде Е. Бекмахановтың бекітілуі ғалымның ерлігі мен еңбегі деп атап көрсетті. Қазақ тарих ғылымындағы ғалым мұрасының айрықша рөлі мен маңыздылығына, Ұлы дала төсінде небір ауыр замандар, қиын асулар мен өткелдерден мұқалмай өтіп келе жатқан «Мәңгілік Елдің» осындай мәңгілікке есімі хатталған Тұлға, Азмат, Ғалым – Ермұхан Бекмаханов ұлттық мақтаныш екендігіне тоқтала келе, конференция қатысушыларына сәттілік тіледі.

Конференция жұмысына модераторлық жасаған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова мен ҚР Президентінің мұрағаты директорының орынбасары, т.ғ.д. Қ.Ш. Әлімғазинов Е. Бекмахановтың ғылыми мұрасының маңыздылығына кеңінен тоқталып, қонақтар – Е. Бекмахановтың зайыбы Халима Адамқызы, ұлы Сермахан Бекмаханұлы, қызы Қарлығаш Бекмаханқызымен таныстырып, баяндамашыларға сөз берді.

Алғашқы болып сөз алған «Интеллект Орда» халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының бас директоры, т.ғ.д., профессор С.Ф. Мажитов өзінің «Историческая наука Казахстана и историк Ермухан Бекмаханов: территория неисследованных проблем» атты баяндамасында тәуелсіздік жылдарынан бері Бекмаханов тұлғасы мен мұрасын зерттеу жұмыстарының үздіксіз жүргізіліп келе жатқандығына қарамастан әлі де зерттеуді қажет ететін мәселелердің көп екендігіне тоқтала келе, Мәскеу мұрағаттарынан жинақталған құжаттарды жинақтап, өңдеуден өткізіп, ғылыми жинақ шығару қажеттілігін ұсынды.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.д. М.Қ. Қойгелдиев «Е. Бекмаханов және ұлттық тарихтың қазіргі кезеңі туралы» баяндамасында соғыс қарсаңы мен соғыс жылдарындағы ғалымдардың ғылыми ізденістері мен сол тұстағы идеологияның басты талаптары, ұлттық тарих ғылымының даму барысын Е. Бекмахановтың қилы тағдырымен байланыста қарастырды. Баяндамашы өз сөзінде: «Ең алдымен, Е. Бекмаханов Кенесары қозғалысын зерттеуге қалай келді?,- деген сауал туындауы заңдылық. Бұл сауалға, ең алдымен, Е. Бекмаханов өзі жауап береді. Ия, тұтқынға алынғанда тергеушіге берген жауабында ықпал еткендер деп М. Әуезов пен С. Мұқановтың есімін атайды.

Олай дейтіні, М. Әуезов 1928 ж «Хан Кене» драмасын жазды, 1933 ж. премьерасынан кейін Орталық Комитетте М. Әуезовті талқылауға алғаны мәлім. М. Әуезовтың Кенесары туралы кең панорамалы еңбек жазу ойы болды. Сәбит Мұқанов та қазақ тарихына қатысты біраз қалам тартты. Сондықтан болар Ермұхан Бекмаханов тайсалмастан осы алып жазушылардың есімін атауы. Баяндамашы Е. Бекмахановтың мұрасы мен тағылымына қатысты жаңа деректерді айта келіп, Қазақстан тарихының қазіргі заман кезеңін дәуірлеуді 1905-1907 жж. бастап кезеңдеу қажет деген пікір ұсынды.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы әулеттік қорлардың маңыздылығы, оның ішінде Е. Бекмаханов жеке қорының мазмұнының кеңдігіне сипаттама бере келе, ғалымның түрмеде отырып та Қазақ тарихын зерттеуден еш бас тартпағандығы, соған уақыт тауып отырғандығы зайыбы Халима Адамқызына жазған хаттары дәйектейтіндігін, мысалға, Шоқан толық зерттелмей жатқандығы туралы жазғандығын нақтылы мысалдармен келтірген ҚР ОММ бас директорының орынбасары М.Ғ. Жылысбаеваның баяндамасы да ғалымның тұлғалық келбетін жаңа қырларынан аша түсті.

Баяндамашы сөз соңында Е. Бекмахановтың жеке қорындағы құжаттар көшірмесінен ұйымдастырылған көрмемен таныстырып өтті.

Конференцияға қатысушылар Е. Бекмахановтың зайыбы Халима Адамқызының естелігін ерекше қызығушылықпен тыңдады. Осындай ғажайып жанға және қазаққа «момын келін» болғандығын мақтанышпен жеткізген Аруана елі болып ардақтаған ұлы тұлға Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдық мерейтойы Қазақ хандығының 550 жылдығымен сәйкес келуінің өзі ғажайып құбылыс, өйткені ол бар ғұмырын қазақ тарихын, қазақ хандары мен батырларын, ұлт азаттық көтерілістерін зерттеуге арнаған еді. Сол жолда жазаланды да, мадақталды да. Бірақ өмірде ешқашан мойыған емес деп еске алды. Сөз кезегінде Е. Бекмахановтың өзге ғалымдармен, А. Панкратова, Вяткин, Покровскийлермен қарым-қатынасы, өзге адами қасиеттеріне де тоқталды.

Өзі қатты ауырып жатып, жарының кандидаттық қорғауына барынша қолдау танытқан сәттерін сағынышпен толғады. «Ол нағыз қазақ жігіті. Артында бай ғылыми мұрасы, кіндігінен тараған 6 баласы, 6 немересі, 9 шөбересі бар Ерекең өмірде де, ғылымда да ғұмыры жалғасын тауып, халқының жадында мәңгілікке сақталып, өлмей, өшпей келеді. Сол маған қуаныш, тірек, мұрат. Соған ризамын. 90 жылдық ғұмырымда осындай қазақтың асыл ұлына арнаған өмірімді, өзімді бақытты әйел, ана санаймын», -деп ағынан жарылды. Жары да, өзі де, ұл-қыздары мен немерелері де қазақ ғылымына адал қызмет етіп келе жатқандығын үлкен мақтанышпен жеткізген Х. Адамқызы 70 жылдық мерейтойын өткізіп отырған Институт ұжымын құттықтай келе, айтулы шараны ұйымдастырып отырған екі ұжымға аналық алғысын білдірді.

Конференция жұмысы институт бөлім меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаеваның «Е. Бекмаханов мұрасы және халық жадындағы батырлық кезең», аға ғылыми қызметкер, т.ғ.к. С.Ә. Асанованың «Письма Е.Б. Бекмаханова как исторический источник», ҚР Президентінің мұрағаты ақпаратты-әдістемелік жұмыс басқармасының жетекшісі Н.Т. Исаеваның «Е. Бекмаханов. Обзор литературы по фондам библиотеки Архива Президента РК», ғылыми қызметкер К.А. Саркенованың «Е. Бекмаханов – тоталитарлық жүйенің құрбаны» тақырыбындағы баяндамаларын талқылаумен жалғасын тапты.

Жарыссөзге шыққан ғалымдар А. Тоқтабай, Ә. Дәулетхан, «Аманат» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Б. Мергенбаевтар баяндамашылар көтерген мәселелерді толықтыра келе, ғалым мұрасының маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті.

Қазақ тарих ғылымындағы Е. Бекмаханов мұрасының айрықша рөлі мен маңыздылығын жан-жақты талдаған конференция соңында қарар қабылданып, онда:

1. Е.Б. Бекмахановтың ғылыми мұрасын одан ары тереңдетіп зерттеу қажет, негізгі жетістіктер мен тұжырымдарды сыни тұрғыдан қайтадан ой елегінен өткізу, жаңаша талдау;

2. Ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындарының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедраларының оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына ғалымның өмірін, ғылыми-педагогикалық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеуді қосуды ұсыну қажеттілігі көрсетілді.

Бұл өз кезегінде Е.Б. Бекмахановтың ғылыми мұрасы тұлғалық келбетімен өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісінде маңызды шара болып табылады.

 

ТӨЛЕНОВА З.М.,

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми

кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к