Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Дөңгелек үстел


2015 ж. 14 желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ІІІ-ші А. Нүсіпбеков оқулары аясында «Тәуелсіздік және ел мүддесі» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстел модераторы Институт директорының орынбасары С.О. Смағұлованың кіріспе сөзімен ашылды. Баяндамашылар тәуелсіздік мәселелерін тарих ғылымымен байланыстыра отырып, өз ойларын ортаға салды.

Бағдарлама бойынша С.О. Смағұлова «Тәуелсіз Қазақстандағы тарих ғылымы» атты баяндамасында тәуелсіздік алғаннан бері Отан тарихы жаңаша тұрғыда, жаңа ғылыми жаңалықтармен, жаңа деректермен жазылып келетіндігіне тоқтала келе, 2013 жылы тарихшылардың бас қосуындағы мемлекеттік хатшы М. Тажиннің Отан тарихына байланысты мәселелерді қайта көтеріп, үлкен істер атқарылып, шет мемлекеттерге тарихшыларымызды жіберіп, соның нәтижесінде мұрағаттардан елімізге қатысты зерттеулер, құжаттар, қолжазбалар әкелініп, оларды өңдеу мәселелері жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Бүгінде институтымыздың алға қойған мәселесі Республика бойынша тарихшыларды тартып, Қазақстан тарихының 10 томдығын жазу қолға алынғаны, жаңа көзқарастағы бұл еңбектің қазірде 80 пайызға жуығы жазылғандығын, сонымен бірге, тарих ғылымының өсіп дамуына институтымыздың ғалымдарының үлесінің ерекше екендігін айтып өтті.

Тарихнама деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева «Дәстүрлі тарихи танымдағы отаншылдық категориясы» атты баяндамасында бүгінгі күні тәуелсіздікті тек жаңа заман, қазіргі заман кезеңінің нәтижесі деңгейінде қарастыру, сөйтіп, тарихи жадты тарылту құбылысы байқала бастағандығына, шын мәнісінде қазақ халқының тарихи жадын жеткізу мұралары отаншылдық, елді, туған жерді, отанды қастерлеуден, оны бағалаудан, көздің қарашығындай сақтаудан артық құндылық жоқ екенін жеткізіп, әр ұрпақтың зердесіне әр кезеңдерде құйып келгендігіне тоқталды. Бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткен және оның айтулы тарихи датасы күнінде ең алдымен бабалар мұрасын жеткізген қастерлі құндылықты дамытушы, сақтаушы дәстүрлі ауызша тарих деректеріне, осы асыл мұраларға тағзым етіп, бүгінгі ұрпақ зердесіне салып отырған ләзім екендігіне тоқталды.

Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Ә. Дәулетхан «Қазақстанның өтпелі кезеңдегі тарихи санасын қалыптастыру мәселелері» баяндамасында тәуелсіздік бұл Желтоқсан оқиғасынан бастау алғандығын, Желтоқсан оқиғасы бізге зиялы қауымымыздың сыналған кезеңі екендігін еске салып өтті. Зәбір көрген азаматтардың сол кездегі көрген қысымдарын айта алмауы, газет-журналдарда ашық жаза алмай жаппай қаралау мәселелері жүзеге асқандығы, сондай ақ бірқатар азаматтар Ж. Молдағалиев, Н. Оразбеков, Б. Қойшыбаев т.б. баспасөз бетінде ашық айтып, мақалалар жариялағандығы ерлік іспеттес. Келесі сөз алған т.ғ.к. А.С. Уалтаева да өз баяндамасында тәуелсіз Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналғанын, бірлікте, берекеде өмір сүруіміз осы еліміздегі этностардың татулығында екендігін Президентіміз өзінің әрбір сөзінде, жыл сайынғы Жолдауларында және 100 нақты қадамның 86 қадамында ашып көрсеткендігін саралай келе, бұл ынтымағымыздың жоғары деңгейде екендігін білдіретіндігін көрсетті.

Ал К.А. Саркенова тәуелсіздіктің алғашқы он жылында К. Нұрпейіс, М. Қозыбаев, М. Мұқанов, Ә. Дәулетхан, Қ. Алдажұманов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков және т.б. белді ғалымдардың еңбектері тәуелсіз тарих ғылымының дамуына ерекше жол бастап, «ақтаңдақ» мәселелердің ашылуына, зерттелуіне мұрындық болғандығын нақтылап өтсе, Этнология және антропология бөлімінің ғылыми қызметкері Д.Ж. Жайлыбаев Ұлттық идеяны қазақ ауылынсыз елестету мүмкін еместігіне, сонымен қатар ұлттық идеяны дамытып, идеологияға айналдыру барысында қазақ ауылының бүгінгі жай күйіне жете тоқталып, ондағы мәдениетті тиімді пайдалану қажеттігі, қазіргі кезде елімізде ішкі мәдениетті реттеудің жаңа механизмдерін реттеу керектігіне назар аударды.

Кіші ғылыми қызметкер З.Б. Байжұманова «Қазақстандағы саяси партиялардың қалыптасуының тарихи, саяси аспектілері» баяндамасында Қазақстанның ХХ ғасырдың басындағы «Алаш», «Үш жүз», «Бірлік» т.б. партияларының тарихына тоқтала отырып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы саяси партиялардың хал ахуалы, саяси сахнадағы салмағы мен саяси белсенділігі, саяси сананы оятатындай елімізде білім беру, ғылыми жаңалықтар ашу, ізденістер жүргізу мәселелерімен дөңгелек үстелге қатысушыларды таныстырып өтсе, А.Н. Қоңқабаева Қазақстанның дамыған, бәсекеге қабілетті және әрі қарай дамуы үшін бүгінгі жастардың қоғамдағы орны ерекше екендігіне, қазіргі кезде жастарға деген қолдау жұмыстары жүргізілуін, сонымен қатар мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында, әсіресе, жастарға сенім артып, олардың қоғамдағы рөлі мен орнына мән беріп, тапсырмаларының барлығы дерлік жастарға бағытталғандығы жөнінде баяндады. Сөз алған Б.Б. Бұрханов Қазақстан Республикасындағы жоғарғы білім жүйесінің дамуын слайд жүзінде, салыстырмалы түрде кестелер мен диаграммалардағы әр жылдардың көрсеткіштерін көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Болон процессінің мүшелігі туралы, оның пайдасы мен кемшіліктеріне тоқталды.

Дөңгелек үстелге қатысушы Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Қ.С. Алдажұманов Желтоқсан оқиғасына байланысты өз естеліктерін ортаға салды.