Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Mетодологиялық семинар


2016 жылдың 17 мамырында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кезекті «Қамшы – қазақ халқының символы және этномәдени функциясы» деген тақырыпта методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысын модератор, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева кіріспе сөзімен ашты.

Этнология және антропология бөлімінің БҒҚ, т.ғ.д. А.У. Тоқтабай қазақ халқының символы және көнеден келе жатқан құралдардың бірі қамшы сөзінің шығу тегі мен ұғымына, оның түрлері мен әдістеріне, этномәдени функциясына тоқталып, ол жайында айтып өтті. Қамшының ең алғаш қандай бөліктерінің қалай аталғанын Ш. Уәлиханов жазған. Алайда қамшы бөліктерінің атауларын тәптіштей зерттеген Д. Шоқпарұлы: «Қамшы мынандай құрамнан тұрады: өрім, сап, алақан, бас, дүм, кежеге, тұтамдық, айдар, мойнақ, бунақ, бүркеншік, шежемей, шырмауық, шашақ, бауыр, тығырық, шығыршақ, тобыршақ, түйін, тігіс, т.б…», – деп атап көрсеткен.

Қамшының негізгі функциясының бірі ол қару болған. Соған байланысты баяндамашы скифтер мен сақтардың қамшыны өз заманында шаруашылыққа да, соғысқа да пайдаланғаны жөнінде деректерден үзінді келтірді. Мысалы, Геродоттың жазуы бойынша, Қара теңіз жағалауындағы скифтер 28 жыл бойы Батыс Азияға жорыққа кетіп, жеңісті соғыстардан кейін елдеріне қайтып оралғанда, әйелдерінің өздерінің құлдарымен жанасып, одан туған балалардың өсіп-жетіліп, елдерін билеп алғандарының куәсі болады. Жас құлдар мен скифтер арасында ұрыс басталады. Скифтер қанша соғысса да құлдарды жеңе алмайды. Сонда скифтердің біреуі тұрып: «Ау, скиф сарбаздары, сендерге не болған біз өзіміздің кешегі құлдарымызбен соғысып жүрміз! Құлдар бізді өлтірсе, біз тағы да әлсірейміз. Сондықтан менің ойымша садақ пен найзаны тастайық, әркім өзінің қамшысымен құлдарға қарсы шықсын. Егер де біз қару орнына қамшы ұстасақ, олар өздерінің біздің құлдарымыз екенін еске түсіріп, бізбен соғысуды қояды», – депті. Скифтер дәл солай істепті. Қорыққан құлдар ұрысты ұмытып қашып кеткен екен.

Сонымен қатар, баяндамашы қамшының 23 түріне және қамшылау әдістерінің 15 түрлеріне тоқталып, сипаттап кетті.

Қамшының түрлері:

1. Тобылғы сапты қамшы
2. Мүйіз сапты қамшы
3. Ырғай сапты қамшы
4. Орама сапты қамшы
5. Сарала қамшы
6. Сылдыр қамшы
7. «Қасиетті (киелі)» қамшы
8. Жыланбауыр қамшы
9. Шыбыртқы қамшы (бишік)
10. Дырау қамшы
11. Дойыр қамшы
12. Бұзаутіс қамшы
13. Жортуыл қамшы
14. Білеу қамшы
15. Бала қамшы
16. Өзекті қамшы
17. Шашақты қамшы
18. Жеңсе қамшы
19. Шолақ қамшы
20. Күдері қамшы
21. Күмістелген қамшы
22. Алтындалған қамшы
23. Ат қамшы (ат жүргіш)Методологиялық семинар соңында семинарға қатысушы т.ғ.д. Ж.М. Тулибаева, т.ғ.к. С.А. Асанова, т.ғ.к. А. Дәулетхан, ҒҚ Р.Е. Оразов және т.б. ғалымдар өз ойларын ортаға салып, пікір алмастырды.